|Көгілдір отын көптің қуанышы

0
47

Өркендеудің өрінде қанатты қырандай самғап, тұлпардай дүбірі жер апшысын қуырған Түркістан жайлы ұзақ толғануға болады. Облыс орталығына айналған жылдардан бері ай сайын емес, тіпті күн сайын түрленген борықты жұрттың күні оңынан туып тұр. Мұндай аспанмен таласып бой көтеріп жатқан ғимараттар, рухани орталықтар, шығыс үлгісіндегі құрылыстар бірін-бірі қайталамақ емес.

Шаңырақ көтеріп уығын қадап жатқан әр нысанның жөні бөлек. Өзі бір өзгеше әлем десек артық айтпаған боламыз. Тарихта даңқы асқақтап, бүгінде басына бақ қонған абыз жұрттың тұрғындарына қалай қызмет көрсетіліп жатыр. Толып жатқан түйткілді мәселелер мен кемшін тұстар жетерлік пе? Соның ішінде қысқы маусымдағы жылумен қамтамасыз етудің жай-күйі қалай? Осы тұстарда шаһар жұртшылығы ескеретін болмаса білуі керек дүниелер қандай? Бүгінгі тілге тиек етпегімізде, толғанар тақырыбымызда осы болмақ.

Тарқатып айтып көрейікші. Ең әуелі жылуға қатысты соңғы жылдары қандай өзгерістер орын алды деген сұрақ туындайды. Оның тура жауабы баршамыздың көкейімізде сайрап тұрғаны белгілі. Былайша айтқанда бір кездері түтінге қақалып қатты отынмен қыстан әрең шығатын жағдай түбегейлі өзгерген. Анығы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің нақтылы тапсырмалары мен кешенді жобалары негізінде шаһар 2020 жылы тұтастай газбен қамтылған. Осы тұстан бастап халықтың үнінен қуаныш естіліп, қала тұманнан мәңгілік айыққандай күй кешкен.

Газдандырылудың басты мақсаты көпқабатты және тұрғын үйлердің қатты отын пайдаланудың орынына көгілдір отын пайдалануға жол ашу. Сол арқылы өзіміз өмір сүретін қаланың экологиялық бет-бейнесін жақсарта түсуге қызмет ету. Екінші жағынан сарсаңы көп қатты отын аңызына нүкте қою. Осылай тізбектей берсең тиімділігі де, пайдасы да көп. Енді осы бір көшпен ілесіп шаһардың орталықтандырылған жылу жүйесі де көгілдір отынның шапағатына жүгінді. Енді бір сөзбен айтқанда екінші маусым табиғи газбен қаланы жылыту жұмысын өз деңгейінде жүзеге асырып отыр.

Бұл туралы және басқада мәселелер хақында білмекке «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының директоры Ерғазы Рысбековпен тілдескен едік. Жылу жүйесінің жай-күйі жайында ашылып сөз бастаған кәсіпорын басшысы 2021-2022 жылғы жылу беру маусымы еш кедергісіз өз деңгейінде жүріп жатқанын, бекітілген жұмыс режимімен жұмыстар атқарып отырғанын тілге тиек етті. Биылғы жылу беру маусымында бекітілгені 113 штат бірлігі болса, қазіргі таңда 81 штат бірлігімен ғана жұмыс жасайтынын, сонымен қатар кейбір маңызды маман иелерінің әуелі жалақының төмендігінен (мысалы экологтың айлығы 67 мың теңге), сондай-ақ маусымдық жұмыс (жылу маусымы бес ай) екенін ескеріп келуге ниетті емес екенін жеткізді. Енді бір жағы облыс орталығына айналғаннан бері жұмыс орынының көптеп ашылуының да ықпалы бар екенін жасырмады. Тіпті кейбір жаңадан жұмысқа келген жас мамандар өзіне қатысты саланы қыс бойы үйреніп алып, келесі маусымда келмей үлкен компанияларға ауысып кететін жағдайларда кездеседі екен. Осы тектес оқиғалардың салдарынан жаңа маусымдағы жұмысшылардың құрамы 70%-ға дейін жаңарып, көбіне қайтадан үйретуге тура келетінін де жасырмады.

Бүгінгі таңда атаулы кәсіпорын толықтай табиғи газбен қамтылған. Нақтылап айтқанда көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамымен және газ желісімен жеткізу қызметіне «ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамымен келісім-шарт негізінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Содан да бүгінгі таңда артық еңбек күші мен ауыр жұмыстар легі айтарлықтай жоқтың қасы. Қатты отынмен жұмыс жасаған жылдарда штат саны көп болып, бір ауысымда 14-15 адамға дейін жұмыс жасаса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш тек бес адамды құрайды. Бұрындары бір қазандықпен 115 адам жұмыс істесе, бүгінгі күні 4 қазандықпен 81 адам жұмысқа үлгеріп жатыр. Дегенмен жылу берудің жүйесі екі түрлі тарифте жүзеге асып отыр. Біріншісі жеке тұлға, екіншісі заңды тұлға деп аталады. Баға мәселесін нақтылап айтар болсақ жеке тұлғаға 33 теңге, заңды тұлғаларға 41 теңгеден тура келеді. Температура беруі тұрғысынан қарағанда қатты отын сапасына қарай өз деңгейінде температура беріп, көмірдің ең арзаны пайдаланылып келіпті. Ал, газдың жану мөлшері төмен болып, жылу деңгейін жоғары беруге тура келеді. Онда техникалық паспортта көрсетілгендей жағуға талпыныс болғанымен, тұрғын үйлерге нормативті жылу жетпей қалады. Салыстырып қарағанда қатты отынға қарағанда табиғи газдың шығыны айтарлықтай қымбат (анығы маусымына 15 мың тонна көмір жағылып, бағасы 150 милион теңгеден түсетін болса, газ шығыны аурайының өзгеруіне қарай 320-350 милион теңгеге дейін жетеді) болып тұр дегенді білдіреді.

Атаулы кәсіпорын 4 қазандықпен қызу жұмыс атқаруда. Шаһардағы тұтас көпқабатты және жеке тұрғын үйлер жүз пайыз орталық жылу жүйесіне қосылған деп айтудан аулақпыз. Тіпті жаңадан бой көтеріп жатқан, алда бой көтеретін көпқабатты тұрғын үйлерді де осы мекеме жылумен қамтамасыз ете алады дей алмаймыз. Онда мына бірнеше түйткілдер ескерілгені жөн. Атап айтар болсақ ең бірінші тек қана орталық жылу жүйесіне қосылып, құбыры тартылған шекті аймақтарға ғана қызмет көрсете алады. Екіншіден сенімгерлік басқарудағы мекеме болғандықтан жылу жүйесі мен қазандықтардың теңгерімін ұстаушы қала әкімдігінің инфрақұрылым және комуникациялар бөлімі. Тек осы аталған бөлім ғана тозығы жеткен құбырлар кездессе, немесе жылу жүйесінің көлемін арттыруға харекет етсе тиісті мекеменің сараптау нәтижесінің қортындысына жүгінеді. Осы негізде жыл көлемінде зерттеу жасап ұсыныс арқылы және мәслихат депутатарының қолдауымен бюджетке ұсынылады. Сол арада ғана оның тағдыры шешімін табады десек болады. Мәселен осындай зерттеулер нәтижесінде жаңартылған құбырлардың болғанын айта кеткен жөн. Жүйелеп айтқанда бас мердігер «АстанаСтройРитм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі I және II мөлтек ауданындағы жылу жүйесінде ішкі орамдығы 17990 метр құбырдың 14200 метр жарамсызын ауыстыруды кезең-кезеңімен орындап пайдалануға берген.

Орталық қазандық, №1, №2, №4 қазандықтардың қатарына әкімшілік-іскерлік орталықтан алдағы уақытта №5 қазандық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осыған дейін қаламызда I мөлтек ауданда 58 көқабатты (оның ішінде 24-і 5 қабатты, 24-і 4 қабатты, 2-і 3 қабатты, 8-і 2 қабатты), II-ші мөлтек ауданда 15 көпқабатты ( барлығы 2 қабатты), ТГЖД аумағында 2 көпқабатты (1-і 5 қабатты, 1-і 4 қабатты), және Отырар мөлтек ауданында 38 көпқабатты (2-і 9 қабатты, 36-ы 5 қабатты), жалпы 113 көпқабатты тұрғын үйлер орталық жылу энергиясымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 28 бюджеттік (2 балабақша, 4 мектеп, 2 колледж, 6 мемлекеттік емес балабақша, 6 денсаулық сақтау мекемесі, 4 мемлекеттік мекеме, 3 басқарма бөлімшелері), 55 кәсіпкерлік нысандарға және 52 жер телімді тұрғын үйлерде, рухани мәдени орталықтағы 11 нысанға орталық жылу энергиясы қызмет көрсетуде.

Бір қарасаңыз шаһарды жылу жүйесімен қамту шынында өз деңгейінде екені көзге шалынады. Мүлтіксіз дүние болмасын ескерсек тұрғындар тарапынан арыз-шағым күн сайын түсіп жататыны жасырын емес. Енді осы арада кемшілікті қай тараптан іздеу деген мәселеге тоқтала кеткен жөн. Кәсіпорын басшысы Ерғазы Әбдірахманұлының уәжінде тыңдадық. Айтуынша қаладағы соңғы жаңбырлы мезгілдің жылу температурасына әсері болып жатқан көрінеді. Қалай екенін айтар болсақ құбырлардың барлығы жер астымен жүретіндіктен көл болып жиналып қалған жаңбыр сулары құбыр сыртына көптеп құйылады да жылуға теріс әсер ететін сыңайлы. Бұл басты мәселе болып тұрған жоқ. Ең басты түйін баршасы емес кейбір жеке тұлғалардың жауапсыздығынан екенін айтады. «Жеке тұлғаларға айтар ұсынысым бар. Ол кісілер қақаған қыста емес, жадыраған жазда жөндеу жұмыстарын жүргізсе деймін. Өйткені кейбір кісілер қысты күні арыз айта келеді. Батериясының мұздай екенін, үйде шиеттей 4-5 баласымен жаурап қалғанын айтады. Енді оны ашып жөндеу жұмысын жүргізейін десең сол көпқабатты тұрғын үйдің барлық жылуын тоқтатуға тура келеді. Оны тоқтатып қойып жұмыс жасауды температура көтермейді. Сонымен арада бізді жаман атты етеді. Тіпті өзі де қиналады. Егер жөндеу жұмысын жазда істеп тастаса бұл жағдай орын алмаған болар еді. Нақтылап айтсам сол жөндеу жұмысының өзіндік қағидалары бар. Бірден өзінің жеке пәтерінен емес, ең әуелі көпқабатты орталық элеваторды, одан кейін жатынды құбыр, тік құбырды жөндегендері дұрыс. Ал, тұрғындардың 80%—ға жуығы ғана төлемді уақытылы жасайды. Қалған бөлігі түрлі-түсті сылтаумен кешіктіреді немесе төлегісі келмейді. Қағидасы төлем уақыты белгіленген күннен бастап 3 күн ішінде төленуі керек. Осы уақыттан асып кетсе өсімі әркүнге 1,0% еселеніп отырады»-, дейді Ерғазы Рысбеков.

Тұрғын үйлердің жылумен қамтылуында кей кездері оқыс оқиғалар орын алып жатады. Ойламаған жерден аваринаялар болып қалғанда әр төңіректе кезекші мамандар соны біржақты етеді.

Қорыта айтқанда қыстың қамын жазда ойлайтын халықтық таным тұрғысынан әрбіріміздің ерте қамданғанымыз дұрыс-ақ. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйде жалғыз өзіміздің ғана пәтеріміз болмасын ескерсек атқа ертерек қамшы басқанымыз жөн. Дұрысы, жаздық жөндеу жұмыстарына бейжай қарамағанымыз қысқы жылу маусымының рахатына еркін бөленуіміздің кепілі болмақ.

Үмітбек БАҒДАТ.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған