Мүгедек жандарға арналған заманауи протез ойлап тапқан жігіт инвестор іздейді

0
55

 Түркістан облысында тұратын Мұхамеджан Кеңесбек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ерекше протез ойлап тапты. 19 жастағы өнертапқыш мұндай протез елімізде бұрын-соңды шығарылмаған деп отыр.

Протездің құны шетелде шығарылған құрылғылардан он есе төмен екен. Жас жігіт енді идеясын ары қарай жетілдіріп, өнім көлемін арттыру үшін инвестор іздейді, деп хабарлайды Экспресс К.

Сайрам ауданы, Ақсу ауылында тұратын Мұхамеджан Кеңесбектің робототехника саласына келгеніне көп уақыт бола қомаған. Түркістан жоғары аграрлық колледжінің студенті оқу ордасы басшылығының ұсынысымен осы салаға келген. Колледждің бес студенті арнайы іріктеуден өтіп, робототехника үйірмесіне екі жылдай қатысқан екен. Олардың қатарында 19 жастағы Мұхамеджан Кеңесбек те бар.

Жас жігіт үйірмеде алған білімін ары қарай жетілдіруді көздеп, АҚШ басылымдарын зерделеп шығыпты. Әлем бойынша халықтың 15 пайызы протезді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандар екенін анықтаған. Бір жылдай зерттеу жүргізіп, осындай дүниені неге елімізде жасамасқа деген ой келгенін айтады.

«Менің қасымда тағы үш жігіт бар. Идея авторы өзім. Қасымдағы жігіттердің бірі 3D принтер дизайнері, тағы бірі — маркетолог, үшіншісі — бизнес жағынан көмектесетін трекер маманы. Қажетті техникаларды ата-анам мен туыстарым алып берді. Әлі де алатын техникалар көп. Бәрі уақытымен болады деп үміттенемін»,-деді ол.

Жас өнертапқыш бастапқыда ересектерге арналған саусақ пен алақанның протезін жасап шығарған. Ол үшін жарты жыл уақыт жұмсапты. Бұл салада тәжірибесі болмаған ол толығырақ зерттеуге ұзақ уақыт кеткенін айтты. Кейін балаларға арналған протезге өткен. Бүгінде бір жасанды қолды даярлап шығаруға небәрі екі күн қажет екен.

Мұхамеджан Кеңесбек қасындағы жігіттермен бірге ересектерге арналған үш, балаларға арналған протездің бір түрін жасап үлгерген. Олар саусақ пен алақанның, білектің протезі.

19 жастағы жігіт өзі жасап шығарған протез өте ыңғайлы әрі қимыл-қозғалыс жасауға болады деп отыр. Себебі буын мен бұлшық еттерді арнайы құрылғымен басқаруға болады екен. Ең қызығы, бұл жасанды қол тек қимыл-қозғалыс емес, он келіге дейінгі салмақты көтере алады.

Алғашқы протезді сынақтан да өткізіп үлгерген. Мүмкіндігі шектеулі жан протезді бір аптадай киіп, артықшылықтары мен кемшін тұстарын өнертапқыштарға ұсыныс ретінде айтыпты. Оны ары қарай дамыту үшін қаржы мәселесі туындап, жоба тоқтап қалған екен.

Өнертапқыш жасап шығарған жасанды қол мен алақанның видеосын әлеуметтік желіге салған соң еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түскенін айтты. Тіпті түрлі компаниялар бірге жұмыс істеуге ұсыныс айтыпты. Алдағы уақытта солардың бірімен тәжірибе алмаспақ ниетте.

«Қазірдің өзінде 50 дана протезге тапсырыс түсті. Біздің ендігі мақсатымыз — тапсырысты тереңірек зерттеп, мұқтаж жандарға сапалы өнім ұсыну. Әрине, ол үшін қомақты қаражат керек. Біз қазір инвестор іздеп жатырмыз. Қаржылай қолдау табылса, күніне екі протез жасап шығаруға қауқарлымыз. Біздің өнімнің әзірге Қазақстанда баламасы жоқ. Елімізде шығарылып жатқан жасанды аяқ-қол кәдімгі «манекен» сияқты, қимыл-қозғалысқа арналмаған. Басты мақсатымыз — жасап шығарып отырған дүниеміз мұқтаж жандарға қолжетімді болуы. Бағасы шетелдік протездерден он есе арзан. Шамамен екі мың доллар. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға жеткізіп берсек дейміз»,-дейді Мұхамеджан Кеңесбек.

Өнертапқыш заманауи протездің ерекшеліктері туралы да айтып өтті.

«Біздің жасанды саусақ, алақан мен қолдың басты ерекшелігі — сезімталдылығында. Сонымен қатар, оны мүмкіндігі шектеулі жан өз икеміне қарай қимылдата алады. Кез келген бұлшық етті таңдай береді. Біз қазір ұялы байланыс телефондарын шығарушы компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Телефонға арнайы құрылғы ретінде орнатып, протез кигізілген адамның жүрек қағысы, қан қысымы секілді әрекеттерін бақылап отыруға болады. Бұл салауатты өмір салтын ұстанғысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған»,-деді ол.

Көпбалалы отбасының тұңғышы Мұхамеджан Кеңесбек протезге қажетті шикізат көзін Қытайдан алдырып отыр. Жасанды қол электр көзінен қуат алады. Тағы бір айта кетерлігі, шағын ғана гаражда отырып, ісін дөңгелетіп отырған ауыл тұрғыны заманауи протездің негізгі ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жан үшін ыңғайлылығында деп отыр. Бұл жасанды қолды мүгедек адам дәрігердің көмегінсіз-ақ қалаған уақытында өзі киіп-шеше алады. Мұқтаж жанның өлшемін әзірге өздері қолмен жүргізіп отыр. Егер 3D сканер құрылғысы болса, жұмыс жеңілдей түсер еді дейді ол. Жас жігіт алдағы бес айдың ішінде аяқтың протезін жасауға кіріспек.

Протез шығару өнертапқыштың жалғыз жобасы емес. Ол бұған дейін газдан улану мен өрттің алдын алатын «қауіпсіздік құрылғысын» ойлап тапқан. Және ол құрылғыға күні бүгінге дейін мың дана тапсырыс түскен.

Оның айтуынша, бұл жаңа технологиялы құрылғы арқылы үйде улы газдың иісі немесе өрттің шығу қаупі туындаса, дереу үй иесінің ұялы телефонына дабыл қоңырауы түседі екен. Бұл әсіресе шырт ұйқыда жатқан немесе үйден жырақта жүрген жандар үшін таптырмас құрылғы деп отыр.

Leave a reply