Ол бір түпте алманың 10 түрлі сұрпын өсіре алады

0
50
Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылдық округінде аты алма өсірумен мәшһүр болған жас та болса тәжірибелі бағбан тұрады. Ол 2003 жылдан бері осы кәсіпке ден қойған. Қазір Икрамжан Розақұловтың бауында алманың «Голден Делишес», «Старкримсон», «Мелба», «Бес жұлдыз» деп аталатын сұрыптары өсірілуде. 
– Мектепте биология пәнін сүйіп оқыдым. Дегенмен, мені бағбаншылық кәсіпке өзімнің әкем мен қайын атам баулыды. Алғашқыда 70 сотық жеріме Өзбекстаннан 700 түп алма көшетін әкеп отырғыздым. 2005 жылы баудың көлемін 2,5 гектарға жеткіздім. Сол кезде қайын атам мені Самарқандағы ауыл шаруашылығы институтына апарып, оқу орны ұжымы еккен өнімдерді көрсетті. Ол жерден бірнеше көшетін ала келдім, – дейді бағбан.
Бізді бағбанның алма бауындағы бір түпте алманың бес бірдей сұрпы өсіп тұрғаны ерекше таңқалдырды. Оның бірі жаздық, екіншісі күздік, үшіншісі қыстық алма екен. Қазір сол бес түрлі алманың күздік, яғни ең кеш пісетін сорты ғана қалыпты. Икрамжан Розақұловтың айтуынша, бір түпке тіпті алманың 10 түрлі сортын пайуандауға болады. Тек мұндай әдісті тамыз бен қыркүйек айларында жасау керек. Ол үшін алдымен жемістің бұтағын кесіп алып, қаламша жасады. Сөйтіп, оны алма бұтағының қабығы аршылған жеріне ауа өтпейтіндей етіп мықтап бекітіп, сыртынан орайды.
– Мемлекет тарапынан қолдау болса, шабдалы өсірер едім. Ресейде шабдалы өсірудің қыр-сырын жетік білетін бағбандар бар. Солардан дәріс алып, тәжірибе жинаймын. Бүгінде шабдалыны экспорттаудан Испания мемлекеті алдына жан салмай келеді. Одан кейінгі орында – Қытай. Өзбекстанның өзі бұл өнімді өндіруден бесінші орында тұр. Ал, Қазақстанда шабдалының көнеден келе жатқан екі-үш түрі өсіріледі. Оның бізге таңсық сорттары өте көп. Соларды өсіріп, саудаға шығаруды армандаймын, — дейді Икрамжан Розақұлов.
Диқан биыл жаздың ыстық болуына байланысты алмалардың мерзімінен ерте піскенін айтады. Жалпы Қарабұлақта бағбаншылықпен айналысатындар жетерлік. Мұнда аумағы 35-40 гектарды құрайтын алма бауы бар. Сала мамандарының мәлімдеуінше, бұл жеміс беретіні ғана. Әлі жеміс бермеген, көшеттерін жаңадан отырғызған алма баулары бұдан да көп.

Leave a reply