РУХАНИ ҚАЗЫНАҢЫЗ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

0
61

 

Ертеректе ел жаппай кітап оқитын. Кітап жинайтын. Шопанның керзі етігінің қонышында, я қоржынында «Жалын», «Жұлдыз» журналдары жүруші еді, шиыршықталған… «Кезінде біз дүние жимадық, оның орнына кітап жинадық» дейді еліміздегі ең бай жеке кітапхана иелерінің бірі Мырзатай Жолдасбеков. Рас, кезінде кітап жинау бірқатар қазақ жазушыларының сүйікті ісі еді. Кезінде Қадыр Мырза-Әлі өзінің мол қазынасының Алматыдағы пәтеріне, жертөлеге, саяжайына сыймай тұрғаны жайында құлаққағыс етті. Баспасөзге сұхбат берді. Сол тұста ақынның туған жері Батыс Қазақстан облысын басқарып тұрған Қырымбек Көшербаев қаламгерге зәулім үй салып берді. Қадағаңның мол қазынасы шашауы шықпай, құтты мекен Оралға көшірілді. Үйі музейге айналды. Ақынның 80 жылдығына орай, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылып, ақынның кітаптары бүгінде оқырманның игілігіне жарап, жас ұрпақтың рухани азығына айналып, кәдеге асып отыр.

С.Мұқанов, Ә.Нұршайықов, Қ.Мұхамеджанов, Ө.Нұрғалиев, Т.Медетбектің жеке кітапханалары да олқы емес. Кезінде олар да рухани байлықты кітап дүкендерінен, табылмағандарын «Букинист» кітап желісінен, тіпті қара базардан қарап жүріп жинаған екен.

Көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков өзінің мол қазынасын, өмір бойы тірнектеп жинаған жеке кітапханасын түгелімен елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорына сыйға тартты. «Мырзатай Жолдасбековтің мемориалды кітап коллекциясы» оқу залының тұсауы кесілді. Ғалым ағамыз әуел бастағы өткізген қазынасын бес жылдан бері толықтырып, бүгінде жеке кітапхана қорының жалпы саны 10410-ға жетіпті.

…Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінің баспа бөлімінде жұмыс істеймін. 1999 жылдың көктемінде халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановпен университет студенттерінің кездесуі өтті. Әсерлі кеш соңында Қалтай аға өзінің 10 мыңға жетеқабыл кітабы барын, соның 1 мыңын осы университет кітапханасына сыйға тартатынын айтып еді. Оған кешті жүргізіп отырған ректор М.Жұрынұлы да, қасында отырған академик Р.Бердібай да ризашылығын білдіріп, қуана құптасты.

Кітапханаға жиі барамын, бірақ Қал-ағаңның кітапханасынан деп таңбаланған кітаптарды байқамадым. Кітапханашылардан сұраймын. Олар әл-әзіp ол сыйлық келмеді деп жүрді. Жылдар жылжыды. Қазақтың Қалтайы да дүниеден озды. Қаламгердің бай кітапханасының тағдыры не болды екен деген ой ара-тұра мазалайтын. Кейінірек драматургтің қазынасы Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап кітапханасына тапсырылғаны жөнінде ақпаратты көзіміз шалып қалды. Қалтай ағаның ұл-қыздары, зайыбы Фарида апай қаламгердің мол мұрасын шашауын шығармай, (8 мың дана кітапты) облыстық кітапханаға сыйға тартыпты. Іштей «Қалағаңның қазынасы ХҚТУ кітапханасына бұйырмаса да, туған елінің игілігіне жарайтыны қандай жақсы болған» деп қуанып қалдық. Жоғарыда сөз еткен көрнекті ғалым, қаламгер һәм қайраткер Мырзатай Жолдасбековтің жиған қазынасы жас ұрпақтың кәдесіне жаратуға табыстауы да тамаша үлгі болды. Қалам қайраткерлері Қадыр Мырза Әлі мен Қалтай Мұхамеджановтың да рухани мұраларының ел игілігіне пайдаланып отырғаны қуантарлық. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Ғұмыр бойы тірнектеп жинаған мол рухани қазынаның мұралануы, арғы тарихы да әрқилы болып кетеді. Сөзіміз жалаң болмасын: бір мысал. Ақын Қайнекей Жармағамбетовтің кітапханасы да еліміздегі ең бай жеке кітапханалардың бірі болған екен. «…Сол кітапхана тағдыры аянышты болыпты. Ақын айықпас дертке ұшырап, Торғайына келіп, демі үзілерде өзі Алматыдан түгелімен алдыртқан кітапханасына жәудіреп қарай беріпті. Көзі жұмылған соң көп ұзамай қызыл кірпіштен өрілген аурухананың бір бөлмесіне жиналған кітапханасы өртке оранған… Қалған-құтқаны қазір ел игілігіне айналып келеді… Иелері жоқ кітап… Жанашырының көз майын тауысып, жиналып еді-ау, кезінде. Қазір кімге мұра болып қалды екен? Бүгінгі күнге сол толық күйінде шашаусыз жеткендері де бар, өкінішке қарай, шашылып қалғандары да кездеседі. Сырбай Мәуленовтің кітапханасын көргенбіз. Бүгін ше? Белгісіз? (Қ.Әлім. «Жеке кітапхана жемісі» «Егемен Қазақстан» 2011.01.07.)

Иә, кітаптың мұралануы, кейінгі ұрпақ кәдесіне жарап, жасақталуы үлкен әңгіме. Осы тұста Түркістанда «Түрік халықтарының кітапханасын» жабдықтап, ел игілігіне жаратып отырған жазушы-сыншы, ғалым Құлбек Ергөбектің жанкешті еңбегін айтпасқа болмас. Құлбек аға да кәнігі кітапқұмарлардың бірі. Кітапқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ғалымның бізге айтқан әңгімесі былай өрбіді: «Кітапқұмарлық деген де бір азарт дүние. Кезінде «Союз книголюбителей» деген қоғам болды. Мен сол қоғамның белді мүшесі болдым. ХІХ ғасырда Санкт-Петербург университетінің жанында Түркістан ғылыми-зерттеу институты және оның баспасы болған. Менде осы баспадан шыққан кітаптар бар. Атақты Бораганскийдің баспасы. Бораганский татар азаматы, Петерборда баспа ұстаған адам, Абай шығармаларын баспадан шығаруға жәрдем еткен. Осы баспадан 1873 жылы шыққан Н.Северцевтің «О Туркестанских животных» деген еңбегі бар. Н.Северцев Атыраудан Шығыс Түркістанға дейін жаяу аралаған. Сол өзінің жеті жылғы экспедициясының нәтижесінде Түркістан өлкесінің географиясы мен тарихын зерттеп, осы ғажап еңбекті қалдырған. Әр кітаптың қолыма түсуі әртүрлі тарих, әртүрлі тағдыр. Ш.Уәлихановтың Веселовскийдің алғысөзімен жарық көрген, П.Полевойдың «История русской словестности», «История всемирной словестности» деген 1886 жылы жарық көрген құнды кітаптары бар. Кітапханамның бай болуының өзіндік сыры бар. Профессор Б.Кенжебаев, фольклоршы ғалым К.Сейдеханов, академик М.Балақаев, балалар ақыны Ө.Тұрманжанов кітапханасын маған аманаттап кетті. Өзбекәлі Жәнібек кітапханасының бір бөлігі менде. Режиссер Райымбек Сейтмет, жазушы Әдіһам Шілтерханов, ғалымдар Т.Кәкішев, С.Қирабаев кітапханасын маған сыйлады. Осылардың барлығы жиналып «Түрік халықтары кітапханасын» құруға негіз болды. Осыдан біраз жыл бұрын 13 мың кітаппен осы идеяны қолға алдым. Содан маған кітап берушілер, идеямды қолдап-қостаушылар көбейді. Өзбектің көрнекті жазушысы Насыр Фазылов жеке кітапханасынан 4 мың кітап (өзбек тіліндегі) сыйлады. Герольд Бельгердің, Камал Смайыловтың жеке кітапханалары, шығыстанушы Өтеген Күмісбаев кітапханасынан кітаптар қосылды. Ұйғырдың үлкен ғалымы Қожахмет Садуақасовтың кітапханасы түп-түгелімен менде. Ол кісі Бейсекеңнің шәкірті болған. Жеңгеміз Омақ Садуақасова өз қолымен тізімдеп: «Құлбекжан, сен Бейсембай ағаның баласысың ғой, Түркі халықтары кітапханасын жасақтаймын деп жүрсің. Кейінгі ұрпақтың игілігіне жарар» деп әкеліп тапсырды. Бұл кітапхананың тағы бір ерекшелігі – тіл жағынан да бай. Қазақ, қырғыз, өзбек, татар тілдерін былай қойғанда, алтай, шор, саха, шуваш, тіпті жойылып бара жатқан лахай (түркі жұрағаты) тілінде де кітаптар бар. Түркиялық үлкен жүректі азамат Намық Кемал Зейбек досым түрік тілінде 4 мың кітап сыйлады. Сонымен, қазір ұзын саны 49 000 дана, 24 түрік тіліндегі кітап жинақталды. Көп адамның кітапқұмарлығы өзінің шығармашылығына ғана пайдасын тигізеді. Түркістандағы «Түрік халықтары кітапханасын» ашуға негіз болғандықтан, менің кітапқұмарлығым, білім қуған сан мыңдаған жандарға септігін тигізетін, көпке пайдалы кітапқұмарлық болды ғой деп ойлаймын».

…Кітап. Кітапқұмарлық һәм рухани байлық туралы сөз болғанда түркістандық тағы да бір қазыналы қария Жақсыбек Бейсенов ақсақал туралы айтпасқа болмайды. Түркістан қаласының Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы мен қаламыздың өркендеуіне үлес қосқаны үшін қала әкімі төсбелгісімен марапатталған Жақсыбек Бейсенов те көп оқыған, кітап жинаған зиялы азамат. Қадірменді ақсақал, Жақсыбек ата жуырда өзінің өмір бойы жинаған 2170 кітабын қаладағы №28 мектепке сыйлады. Мектеп әкімшілігі мен педгагогикалық ұжымы мектеп кітапханасын Жақсыбек Бейсеновтің атына беруді бірауыздан мақұлдап, ұйғарды. Бүгіндері оқушылар Жақсыбек ата тарту еткен рухани қазынадан сусындап, білім көкжиегін кеңейтуде.

Р.S. Кітап – қазына. Қазынаны ұстау, ұқсату бұл үлкен әңгіме. Ал, Сіз кітап жинайсыз ба, мәртебелі оқырман? Қазынаңыз қай деңгейде?

Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған