Рәміздер – халқымыздың мұқалмас мұрасы

0
57
Қазығұрт ауданында Қ.Өмірәлиев атындағы аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен 4 маусым ҚР-ның Мемлекеттік Рәміздері күніне орай «Елімнің көк байрағы — елдігімнің айғағы» атты тақырыпта мәдени кеш болып өтті. Мәдени шара Елтаңба, Ту, Әнұран туралы түсініктерін нығайту және рәміздердің пайда болуы және тарихтағы маңызы жайлы түсініктерді дамыту мақсатында ұйымдастырылған.
Одан бөлек, оқушылардың есте сақтауын дамыту, өз ойын дұрыс жеткізуге ынталандыру және отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеп, құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу мақсатында өтті.
Кешке аудандық «Аманат» партиясының төрағасы Е.Исақұлов, аудандық орталық музей директоры О.Тожиев, «Жастар» орталығының маманы Ж.Мырзақұлова, ауыл әкімшілігінің маманы Ж.Сейдазимова және пробация қызметі есебінде тұратын азаматтар қатысты. Кеш ҚР-ның Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, «Мемлекеттік рәміздер — ұлт мақтанышы» атты бейнебаян көрсетілді. Кеш барысында Е.Исақұлов мырза ҚР-ның Мемлекеттік Рәміздері күнімен құттықтаса, О.Тожиев мырза рәміздердің тарихына жеке-жеке тоқталып айтып өтті. Мәдениет сарайының әншісі Л.Есен патриоттық әндер шырқап, оқырмандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында ОКЖ директорының орынбасары мерекемен құттықтап, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері барша қазақ халқының мәртебесін асқақтатады. ҚР мемлекеттік рәміздерінің дизайны ерекше әрі әр қазақ азаматына ұлттық рух пен күш-қайрат береді. Ұлттық рәміздер күніне орай, бүгінгі материалда мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы, ондағы символдар және оған қатысты заңнамалық актілер жөнінде айтатын боламыз.  Мемлекеттік ту -ҚР Мемлекеттік туының авторы — Шәкен Ниязбеков. Тудың бүгінгі нұсқасы 1992 жылы өткізілген байқау барысында таңдаған. Қатысушылар арасында Моңғолия, Германия, Түркия, ТМД және т.б. елдердің өкілдері болды. Тудың қазіргі қолданыстағы нұсқасы – ортасында және сол жағында алтын түсті белгісі бар, көгілдір түсті тікбұрышты мата болып табылады. Тудың ұзындығы оның енінен екі есе көп.  Қыран (бүркіт) — Қазақстан туының басты геральдикалық атрибуттарының бірі. Ежелден қыранды билік, ізгілік пен парасаттылықтың символы ретінде қабылдаған. Көшпенділерде бұл құс – еркіндік пен адалдықтың, абырой мен ерліктің, күш-қуат пен тазалықтың белгісі саналған. ҚР туында қалықтаған қыран мемлекеттің күшін, егемендігі мен тәуелсіздігін бейнелейді. Ұлттық идея — озық, жоғары, тұрақты және гүлденген болашаққа ұмтылу. Қазақстан туындағы алтын қыран – мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне ұмтылысының белгісі болып саналады. Ою-өрнек Тудың сабындағы алтын түсті ою-өрнек — халықтың эстетикалық талғамына сай келетін, әлемді көркемдік қабылдау формаларының бірі. Ол – Қазақстанның мәдени байлығы мен салт-дәстүрінің символы. Осы ою-өрнекте қазақ халқының бар болмысы бейнеленген. Мемлекеттік Елтаңба Қазақстан Республикасының Елтаңбасы 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді. Осыдан кейін ол бірнеше рет өзгерді. Қазақстан Елтаңбасында еліміздің көпғасырлық мәдениеті мен халықтық дәстүрлері бейнеленген. Елтаңба авторлары — Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков. Елтаңбаның пішіні — шеңбер (дөңгелек). Көшпелі халықтар арасында күн тәрізді дөңгелек шеңбер мәңгілік қозғалыс пен өмірдің символы ретінде қарастырылады. Елтаңба авторлары бұл пішінді арнайы таңдаған. Осы арқылы олар мемлекеттің басты идеясы – шексіз даму және жарқын болашаққа ұмтылыс екенін көрсете білген.
Қанатты жылқылар (тұлпар) — батырлық, адалдық пен күш-қайратты бейнелейді. Қанаттар – Қазақстан халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы арманының символы. Елтаңба авторлары пырақтарға жан бітіріп, олардың бейнелерін мүйіздермен толықтырды. Осылайша, символ әділеттіліктің, даналық пен ар-намыстың, бай-қуатты өмір мен қуаныштың белгісіне айналды. Тұлпарлар алтын масаққа ұқсайды, сол себепті ол қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі және олардың материалдық игілікке деген ұмтылысын бейнелейді. Бес бұрышты жұлдыз ежелден – ақиқаттың, асқақ рух пен шексіздікті бейнелейді. Елтаңбадағы жұлдыз әлемнің барлық халықтарымен жасампаздыққа, ынтымақтастыққа және серіктестікке ұмтылысты білдіреді. Елтаңбада қолданылатын негізгі түс – алтын түсті сары түс. Ол — байлық, әділдік пен жомарттықтың белгісі.
Мемлекеттік әнұран Егемен Қазақстан тарихында Мемлекеттік әнұран екі рет — 1992 жылы және 2006 жылғы 6 қаңтарда бекітілді. Бүгінгі әнұранның: Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев Әнін жазған: Сазгер Шәмші Қалдаяқов. 1992 жылы Тәуелсіз елдің жаңа әнұранының авторын анықтау үшін арнайы байқау өткізілді. Нәтижесінде Қазақ КСР әнұранын қолдануды жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бірінші әнұранның музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди және Евгений Брусиловский болды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Қадыр Мырзалиев, Мұзафар Әлімбаев, Жадыра Дәрібаева, Тұманбай Молдағалиев сынды авторлар тобы жеңіске жетті. Уақыт өте келе ел гимнін танымал ету туралы шешім қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылдың 9-шы мамырында елімізге жаңа гимн қажет екенін жариялады және Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайға тиісті тапсырма берді. Бұл күні жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткен еді. Осыдан кейін жаңа жоба қабылданды. Жаңа әнұран 2006 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Парламентіндегі бірлескен отырыста қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдалды. Әннің әуенін Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мәтінге өзгерістер енгізіп, оны одан әрі рухты ете түсті. Әнұран халықты біріктіруді көздейді. Ел тұрғындары әнұранды орындағанда, өздерін ұлы халықтың бір бөлігі ретінде сезінеді. Композиция қазақстандықтардың қатысуымен болатын елдегі және шетелдердегі барлық маңызды ресми шараларда шырқалады.
Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұтас ұлт екенін көрсетеді. Қазақ елі Туымен тұғырлы, Елтаңбасын қуатты, Әнұранымен айбатты! Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың біртұтас ел екендігінің, тәуелсіздігінің, бай-қуаттылығының, ар-намысы биік, күш-жігері мығым, дамуды көздейтін асқақ мәртебелі ел екендігін білдіретін жарқын белгі.

Leave a reply