Сайрамдық өнімдер ел нарығында сұранысқа ие

0
33

Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы қарқын алып келеді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше өндіріс орнының жай-күйі сараланды. Соның ішінде Сайрам ауданындағы «Наурыз-5» ЖШС-не барып, сұранысы артқан өнімдерімен танысты. Кәсіпорын «Korkem» сауда белгісімен жеміс пен көкөністер өңдеумен, консервілеумен айналысады. Компания 2023 жылы «Қазақстан Халық Банкінен» жабдықтар сатып алуға жылына 21,75%-бен несие алған. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 16,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнімдер МемСТ бойынша сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервленген өнімдер (джем, тұздық, тосап, паста т.б) шығаратын әмбебап технологиялық желімен қамтылған. Бұндай заманауи жабдықтар сатып алу мақсатында қомақты инвестиция салынған. Өнім еліміздің барлық облысында сатылады. Консервілер жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөністер мен жидектер қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецептімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.

Leave a reply