Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров: «ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ»

0
53

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді.
Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек.
Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет.
«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек.
Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды. Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн.
Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда, KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн.
Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс», — деп Үкіметке тиісті құрылым басшыларына нақты тапсырма берген болатын.
Осы орайда Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңға ауданымызда шағын және орта кәсіпкерліктің саны 6867 жетті. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандар саны 6751.
Жұмыспен қамтылғандар саны осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 9286 адамға жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,8 пайызға артты. Кәсіпкерлердің өндірістік қуатын қолдауға бағытталған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген 7-8% несиемен қамтамасыз етілді. Атап айтар болсам банк несиелерін субсидиялау бойынша 19 жобаға 1 990,5 млн.теңге жұмсалды. Банк несиелерін кепілдендіру бойынша 11 жобаға 625,2 млн.теңге бөлінді.Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5% несиелендіру бойынша «ЫРЫС» микроқаржы ұйымынан 191 адам 1 267,3 млн.теңге несие алған.
Ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі сауда-саттық қызметі. Мәселен, есепті мерзімде бөлшек сауда көрсеткіші 1 млрд, 360 млн. теңгеге, яғни 103,0 пайызға орындалды.

ӨНЕРКӘСІП ӨРГЕ БАСУДА
Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында 2023 жылы 11 млрд 108,8 млн. теңгенiң өнімі өндіріліп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 108,4% құрады. Өнеркәсіптің басымды саласы өңдеу өнеркәсібінде 8 млрд 100,8 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 108,6 пайызға жетті.
Тау кен өндіру өнеркәсібінде 465,0 млн.теңге өнімі өндірілген. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар болса, олардың 13 келісім-шарт бойынша және 19 лицензиямен жұмыс жасауда.
Өңдеу өнеркәсібінде 8,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда тамақ өнімдерін өндіру саласында екі өндіріс орны жұмыс жасайды. Өнім көлемі 549,6 млн.теңгеге жеткізілді. «Тұран» шаруа қожалығы сүт өнімдерін шығарса, «Яссы Құс» шаруа қожалығы жұмыртқа өндіреді. Өзге де бейметалл минералдық өнімдерін өндіру саласында 8 өндіріс орны жұмыс жасайды. Өнім көлемі 5,4 млрд.теңге құрады.
Бүгінгі таңда «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС-не тиесілі кірпіш зауытының жұмысы уақытша тоқтап тұр. Алдағы уақытта өндіріс орнын іске қосу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Ауданда құрылыс саласында «Бинэкс» ЖШС күйдірілген кірпіш шығарады. «Әзірет Жол» ЖШС, «Яссы құрылыс» ЖШС, «Тас жол» ЖШС асфальт төсейді. «Ныш-Ер» ЖШС стандартты құрылыс кірпішін шығаруға бейімделген. «Фахри Стройбетон» ЖШС, «Досан-Ата» ЖШС, «Euro Beton STD» ЖШС тауарлы бетон өндіреді.
Сауран ауданында соңғы жылдары жиһаз өндіру саласында өнім көлемі 752 млн теңге, ең ірілерін атап айтсам «Так Мебель» ЖШС, «DIVALUX» ЖШС, ЖК «Хабибулла Ата», ЖК «SEM-BRAND» жиһаздарын қазақстандық тұрғындар ғана емес, алыс-жақын шетелдердің зор сұранысына ие. Олардың бірқатары республикалық, халықаралық көрмелерде топ жарып жүр.

ИНВЕСТИЦИЯ ҚАЙТАРЫМЫ МОЛ САЛАҒА САЛЫНУДА
Сауран ауданында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2023 жылы 34,6 млрд. теңгені құрады. Нақты көлем индексі алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 129,1% орындалған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,6 млрд. теңгеге өскен. Оның ішінде, республикалық бюджет 7,5 млрд.тг, жергілікті бюджет есебінен 4,2 млрд. теңге, меншік қаражат есебінен 22,3 млрд. теңге құрады. 2023 жылы жеке инвесторлар есебінен жалпы құны 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 496 жаңа жұмыс орны ашылды.
Іске асырылған жобалардың ең ірілеріне ерекше тоқталып кетуге болады. Үшқайық ауылдық округінен «Иманқұл ата» шаруа қожалығы – балық шаруашылығын дамытуға 600 млн.теңге жұмсады. Осылайша он жұмыс орны ашылды. Қарашық ауылынан «Тұран» шаруа қожалығы – мектеп құрылысы, жобаның құны – 1440,0 млнт.теңге бөлді. Онда 30 адам жұмыспен қамтылды. Шаға ауылынан «БНК АГРО» ЖШС сүт тауарлы ферма құрылысы және өндіру ғимарат құрылысын бастап кетті. Жобаның құны 840,0 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан «Tемір ата» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салуда. Жобаның құны – 450,0 млн.теңге тұрады.
Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Sauran Plast» қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кешенін құрылысын бастады. Жобаның құны – 675 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан жеке кәсіпкер «Абдусаттаров» — Сапар орталығын баттандырды. Бұл жобаның құны – 97 млн.теңге тұрады. Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Байжанова» — техникалық және жол сервисі орталығының құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 150,0 млн.теңге болады. Иассы ауылдық округінен жеке кәсіпке «ӨЗЕН» — Демалыс аймағы бөлініп, жобаның құны – 101 млн.теңгеге бағаланып отыр.

БИЫЛ ЖИЫРМАҒА ЖУЫҚ
ЖОБА ЖАЛҒАСАДЫ
2024 жылы 37,0 млрд.теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар арқылы 849 жұмыс орыны ашылады. Мәселен, Шаға ауылынан «Turkistan Fruit» ЖШС — 400 гектарға қара өріктен жеміс шырынын тікелей сығу өндірісін жүзеге асырады. Жоба құны — 8,5 млрд.теңге тұрады. Жоба 2022-2026 жылдары жалғасын табады. Шорнақ ауылынан ЖК «Sauran Plast» — Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс қалтасын шығаратын өндірістік кешенін бастайды. Жоба құны — 500 млн.теңге тұрады. Өндіріс іске қосылған кезде 15 адам жұмыспен қамтылады. Шыпан ауылынан ЖК «ASIABRAND» — Отбасылық, тұрмыстық жиһаз жасау өнеркәсібін бастайды. Жоба құны — 800 млн.теңгеге жоспарланып отыр. Өндіріс жұмысын бастаған кезде 20 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Теке ауылынан ЖК «ND PLAST TURAN» — тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобасына 300 млн.теңге жұмсамақ. Шойтөбе ауылынан «ІDEAL TURKESTAN» ЖШС — Жұмсақ жиһаз өнеркәсібіне құны — 500 млн.теңге жұмсап, 50 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. . Бостандық ауылынан «Ныш Ер» ЖШС — Демалыс орны және қонақ үй құрылысын бастайды. Жоба құны — 2,2 млрд.теңге тұрады. Еңбекші Диқан ауылынан ЖК «ӨЗЕН» — Демалыс орны. Жоба құны — 350,0 млн.теңге болады. Жоба іске асқан кезде 35 жұмыс орындары ашылады. Қаражон ауылынан ЖК «Ердаулет» демалыс орнын бастамақ. Жоба құны — 350 млн.теңге тұрады. Демалыс орны іске кіріскен кезде 85 адам жұмыс орындарымен қамтылады. Шорнақ ауылынан «Sayazhai» ЖШС — Жол бойындағы «Бауырсақ» қызмет көрсету орталығын ашты. Жоба құны 424 млн.теңге тұрады. Мұндай 20 адам жұмыспен қамтылған. Абай ауылынан «SAKETAU Resort» ЖШС — Отбасылық демалыс орнын бастамақ. Жоба құны — 150 млн.теңге тұрады. Шойтөбе ауылынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС — 20 МВт күн электр станциясының құрылысын бастайды. Жоба құны — 8 млрд.теңге тұрады.

ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ САУАБЫ МОЛ
Қазір көптеген дамыған мемлекеттер туризм саласына барынша дамыту арқылы, сервистік қызмет түрлерін жақсарту, жаңғырту арқылы мол пайдаға кенеліп отыр. Сауран ауданында туризм саласын дамыту оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып табылады.
Сауран ауданының аумағында 52 тарихи-мәдени нысандар бар. Оның барлығы Мәдениет және туризм басқармасының теңгерімінде тіркелген. Бұл нысандардың ішінде туристер қызығушылық танытып, көптеп келетін Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелерібар.
Сонымен қатар, ауданда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы теңгеріміндегі Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан.
Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарапынан Ескі Сауран қалашығының аумағынан жоба құны 320,0 млн.теңгені құрайтын «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның құрамына қонақ үй, тамақтану орны, көрме орталығы, гид қызметі, автотұрақ кіреді.
Одан бөлек Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Жүсіп ата кесенесінен жоба құны 97 млн.теңгені құрайтын «Сапар орталығы» мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүргізілді.
Аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени нысандарға 2022 жылы 72 мың турист келген болса, 2023 қорытындысымен 85 579 мың турист табан тіреген.
Жылдың қорытындысымен 1,157 млрд.теңгеге орындалып, жалпы құны 802,1 млн.теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 76 жаңа жұмыс орны ашылды. «Ақжол» жол бойындағы қызмет көрсету орталығына 97 млн.теңге бөлінді. Жүсіп ата кесенесі аумағындағы Сапар орталығы 97 млн.теңге Үшқайық ауылдық округіндегі спорт кешеніне 151 млн.теңге, Жүйнек ауылдық округінде тамақтану орны 85,7 млн теңге, Ескі Иқан ауылдық округінде тамақтану орнына 173 млн теңге, Жүйнек ауылдық округінде тамақтану орнына 96,9 млн теңге, Иассы ауылдық округіндегі «Ozen» демалыс аймағына 101,5 млн.теңге жұмсау көзделіп отыр.
Сауран ауданына саяхатшылардың көптеп келуіне байланысты жергілікті халықтың әл-ауқаты көтеріледі. Оның ішінде тамақтандыру орындары, қонақүйлер, такси қызметін атқарушылар туристердің алғысына бөленетіні даусыз.
Мен сөзімді Мемлекет басшысыныңҚазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасымен аяқтағым келеді.
«Маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет.
Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет».
Кәсіпкерлерге, орта және шағын бизнес өкілдеріне Мемлекет барынша қолайлы жағдайлар жасаса, елдің дамуына іскер қауымның сіңіретін еңбегі зор. Мұны небәрі үш жылда ғана Сауран ауданы кәсіпкерлерінің атқарып жатқан қыруар жұмыстарынан көруге болады.

Leave a reply