Су сатып кәсібін кеңейтіп отыр

0
61

Қазіргі таңда су тапшылығы — тек орталық азиялық елдердiң ғана емес, бүкiл әлемнiң басты мәселесіне айналған. Оның ішінде біздің елімізде де ауыз судың тапшылығын көріп отырған тұрғындар аз емес.

Әсіресе облыстың оңтүстік аймағындағы аудандардың халқы, шөл-шөлейітті, құрғақшылық жайлаған, табиғаты сусыз өңірлер де ауыз судың жетіспеушілігі болып жатыр. Ғалымдардың айтуынша жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегіп жатыр. Жердің 70%-ы су болғанымен, 1%-ы ғана ішуге жарамды. Сол үшін де суды тазалайтын арнайы сүзгі құралдарының түрлері пайда болып жатыр. Ауыз су — кез-келген тірі жан үшін ең қымбат және қалпына келтіре алмайтын табиғи қор болып табылады.

Түркістан облысында қара суды кәсіп қылып жүрген Қазығұрт индустриалды аймағында «Асыл су» деп аталатын халыққа таза су өндіретін мекеме бар. Қазақ тағамтану академиясының лабораториялық зерттеулерінің қорытындысы бойынша химиялық құрамы көрсеткіші жағынан Қазақстандағы өндірілетін ауыз сулардың сапасымен салыстырғанда, ең жоғары сападағы ауыз су екендігі анықталған екен. Кәсіпорын 40 гектар жерді алып жатқан көрінеді. Қазіргі таңда мұнда 6 жоба іске қосылып, өз жұмысын атқарып жатыр.

Жергілікті кәсіпкер ауыл ішінен таза, табиғи минералды су өндіру кәсібін қолға алған. Су 350 метр тереңдіктен қазылған артезиан бастауынан шығады. Мекемеде 20 шақты жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Сол арқылы күніне 3000 литр таза су өндіріп тұтынушыларға ұсынуда. Болашақта сұранысқа байланысты екінші ауысымды қосып, кәсіпті кеңейту жоспарланған. «Асыл су» фильтр суының бағалары басқа суларға қарағанда арзан. Зауыт бағасымен 1 литр су 100 теңге болса, 5 литр су 200 теңге, ал 19 литр су 600 теңгені құрайды. Суды сүзгіден өткізу үшін, шетел мемлекеттерінен арнайы қондырғылар мен сүзгілер алдыртқан. Соның ішінде Корей, Америка елдерінен келген аппараттар. Қазіргі таңда Түркістан қаласында да арнайы офис ашылған. Ол жерге Қазығұрттан суды алдыртып, түркістандық тұрғындарға таратып жатыр.

2019 жылы шаңырақ көтерген су өндіріс ошағы кезең-кезеңі бойынша жеңісті де жемісті еңбек етуде. Жаһандану ғасырында еңбектенудің түрлі жолдары барын көрсетіп, халықты кәсіптенудің жаңа бағытына ынталандыруда десек қателеспейміз. Анығы қара суды кәсіпке айналдырған осы бір керемет бастама өңір жұртына үлгі болары даусыз.

Leave a reply