ТІГІНШІЛІКТЕН ТІРШІЛІКТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН

0
64

Кәсіп ашу айтуға оңай көрінгенімен дереу жүзеге асатын жұмыс емес. Оған да көп күш-жігер, еңбек, сабырлылық қажет. Кейде қолында қаражаты, кепілге қоятын мүлігі жоқ, бірақ белгілі бір кәсіппен шұғылданып, өз ісін ашқысы келетін адамдар оны неден бастап, қалай жүзеге асыру керектігін, осы тұрғысында кімнен кеңес алу қажеттігін білмей жатады. Түркістан қаласының тұрғыны Зарипова Дилфуза да бала кезден өзінің сүйікті ісі – тігіншілікті дамытып, жеке ательесін ашуды армандаған жандардың бірі. Арманына қол жеткізу үшін ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауына жүгінеді.

«Мен мемлекеттен қайтарымсыз грант берілетіні туралы естіген соң 2019 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына құжаттар әзірлеп, грант ұтып 555.000 теңгеге ие болдым. Ол қаражатқа ең алдымен 3 тігін машинасы мен 1 оверлок тігін машинасын алдым. Грантқа көп балалы ана категориясы бойынша тіркелдім.

Негізі мен тігін тігуді анамнан үйренгенмін, 3 сыныптан бастап қолыма ине-жіп ұстап, түрлі киімдер тіккенді жақсы көретінмін. Сүйікті ісіммен бала кезден айналысып, қолымды әбден жаттықтырған болатынмын. Бертін келе үйде анамның тігін машинасымен-ақ тапсырыс қабылдай бастадым. Еңбек етем деген адам орын таңдамайды. Осылайша үйден тапсырыс ала жүріп, неге өз кәсібімді ашпасқа деген ой келді. Осы кәсіпті бастауыма кәсіпкерлік палатаның қолдауы айтарлықтай демеу болды».

Аталған қолдау бойынша осыдан 4 жыл бұрын негізі қаланған «Dilza atelier school» ательесі бүгінде 5 бойжеткенді жұмыспен қамтып отыр. Ательенің орны «Бақыт» сауда орталығында. Күнімен тапжылмай, он саусағы майысқан қыздардың тіккен киімдерінің қатарында этностильдегі түрлі ұлттық киімдер, спорт киімдері, той көйлектері, тапсырысқа арнайы тігілген киімдер бар. Жоғары сапада тігілген ұлттық киімдер топтамасы 2020 жылы «Made in Kazakhstan» форумында көрсетіліп, осы көрсетілімге дебютант-дизайнер ретінде барған «Dilza atelier school» ательесіне І-орын бұйырады. Одан кейін де Шымкент, Тәжікстан, Ташкент, Самарқанд қалаларына көрсетілімдерге жиі шақырылып, көздің жауын алар көрікті киімдер көпшіліктің көңілінен шыға білді. Осы ретте айта кетейік, Дилфуза Түркістаннан шыққан шеберлер киімінің шетте танылуына септігін тигізді. Сондай-ақ білікті дизайнер тігіншілікте ісін бастағысы келетін қыздарды осы іске үйрететін арнайы курстарға шақырады.

«Тігін тігіп үйренемін, іс бастаймын деген қыз-келіншектерге қолдан келгенше үйретемін. Және де өзім үйреткен шебер қыздар тігінді толық меңгергеннен кейін осы жерде жұмысын жалғастыра алады. Өйткені «келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, ұстаз бен шәкірттің бір-бірін түсінулері, бірге үйлестіре отырып жұмыс жасаулары маңызды деп ойлаймын. Қыздарға айтарым, тігіншілік өнер әр әйел баласына қажет. «Сен ең болмағанда балаларыңның жыртығын жамап, көрпе-жастығыңды бүтіндеп, анаңа, енеңе көйлек тігіп берсең де, бір өнеріңнің артық болғаны ол сенің абыройың», — деп үйретемін.

Иә, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттың қаражатына қажетті еңбек құралдарын сатып алып, нысаналы мақсатта пайдаланып отырған Дилфуза дизайнердің арманы асқақ. Ол мұнымен тоқтап қалмай, заман ағымына сай түрлі идеяларды жүзеге асырсам, жұмыс орнын одан да кеңейтсем деп отыр. Мемлекеттік жоба аясында қолдаудан қанаттанып, тігіншіліктен кәсібін дөңгелетіп отырған еңбекқор келіншек барлығына үлгі болатындай екеніне көзіміз жетті. Ендеше жастарға «Бақыттың кілті еңбекте» екенін ұмытпаңдар дегіміз келеді.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Leave a reply