Түркістандағы қоғамдық орындарды білесіз бе?

0
44

Бүгінде, шүкір дейік, облысымыз дамып, көркейіп, сан түрлі құрылыстар салынып, қарыштап жатқандықтан қаламызда түрлі мейрамханалардың, кафелердің, асханалардың, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің де көбейіп жатқаны белгілі. Қазіргі таңда Түркістан қаласында үлкенді-кішілі 65-тен астам мейрамхана-кафелер өз қызметтерін халыққа тиісінше ұсынып отыр.

Алыстан менмұндалап тұратын ерекше үлгідегі аталмыш орындар ішкі интерьердің әдемілігі, тартымдылығы, қызмет көрсетуі мен ұлттық тағамдардың саналуандылығы жағынан бірінен-бірі қалыспай келе жатқаны аңғарылады. Тіпті стильдік интерьерлердің, неоклассикалық жиһаздар мен пастелді түстердің түрлерінен көз шағылысса, гастрономиялық мәзірлер мен ұлттық тағамдардың саналуандылығынан да жаңылысуға шақ қаласың. Мұны мейрамхана-кафелердің облысқа сай болу үшін сервистік қызмет көрсету сапасының, түрлі тәжірибенің және ең бастысы аспаздардың біліктілігінің артқаны деуге болады.

Бұл жөнінде халыққа түрлі қызмет көрсету кешенін және «Эдем» ресторанын қаламызда алғаш болып ашқан білікті кәсіпкер Мухаббат Ибрагимова былай дейді: «Рас, қаламызда мейрамхана, кафе сияқты қоғамдық орындар көп ашылуда. Олардың қызмет көрсету сапасы да жақсы жолға қойылған. Бұл бір жағынан, қаламызға жыл сайын туристердің көптеп келуіне байланысты соған лайықты болу үшін деңгейдің артқанын көрсетсе, екіншіден кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін білдіреді.

Десе де, мейрамхана ашу ісі оңай емес. Бұл алдымен мол қаражатты, ізденісті, жауапкершілікті, зор еңбекті талап етеді. Кез келген кәсіп өз брендін қалыптастыру үшін біршама қиындықтардан өтеді, онымен күреседі, жеңіледі, тек мақсат қойып, алға нық ұмтылған жан ғана барлығын жеңеді деп білемін. Сол сияқты біздің отбасылық кешенді ашуда да қиыншылықтар аз болған жоқ. Нарық заманына ілесе отырып, ресторанның жоғары деңгейде қызмет көрсетуіне барынша жағдай жасадық.

Жалпы, мейрамхана ашу үшін барлығына жіті көңіл бөлу керек, ең алдымен бармағынан бал тамған жақсы аспаздың осы кәсіптің ілгерілеуінде маңызы зор. Әр мейрамхананың өзінің тұтынушы іздеп келетін сүйікті асы, яғни аталмыш асхананың ерекшелігін білдіретін өз фирмалық тағамы болады. Мысалы, бір тұтынушымыз баклажаннан дайындалатын тағамдарымызды ұнататыны сонша, ол тек сол тағам үшін біраз жылдан бері мейрамханамызға үзбей келіп тұрады. Сол секілді кәуәптің ерекшелігі үшін бас сұғатын тұрақты тұтынушыларымыз бар. Сонымен қатар, осы тағамды әкеліп беретін тәжірибелі даяшының, сыпайы әкімгердің, ресторан ішін заманауи безендіретін дизайнерлердің еңбектері зор. Міне, осылардың барлығын үйлестіріп, көзін таба білген адамдардың мейрамхана және қонақ үй бизнесінде жолы болады деп ойлаймын. Өзіме кезінде үлкен қалаларда ойлаған кәсібімді ашу туралы ұсыныстар түскен болатын. Бірақ «Туған жерге туыңды тік» демекші, мен ол кезде кішкентай болса да кәсіпті осы Түркістанымызда ашайық, қаламызды әсем бір нысанмен толықтырып, алдағы уақытта дамуын көрейік», — деп ниеттеніп, бүгінде қаламыздың осындай дәрежеде дамып келе жатқанының куәсі болғаныма ерекше қуанамын».

Ендеше «қоғамдық орындардың қызметіне көңіліңіз тола ма?» деген сауалды біраз студент жастарға, ұжыммен кафеге түстенуге баратын әріптестерімізге де қойып көрдік.

Жақында жаңадан ашылған «Сандық» дәмханасына барып, ерекше таңданысын білдірген Саулені тыңдап көрейік: «Еліміз қонақ күтіп, той-жиын өткеретін орыннан кенде емес. Таяуда, «Сандық» дәмханасына барып, ерекше стильдегі мейрамханалардың ашылып жатқанына тәнті болдым. Қазақтың тағамдары мейрамхана бизнесіне ыңғайлауға келмейді деген стереотип бар еді. Қаяқтааан?! Қазақтың ұлттық тағамдары біздің білетінімізден де көп болған екен. Соны мейрамханаға бейімдеп жасалғанын көріп қуандым. Мысалы, дәмханада ет, сүт, құрт, ірімшік, малта, дәнді дақылдардан жасалған тағам түрлеріне көз сүрінеді. Мұның бәрі иммунитетімізге пайдалы. Ата-бабаларымыз кезінде осы тағамдарды жақсы үйлестіре білген, сондықтан ағзамызда дәрумендер жеткілікті болған екен. Бауырсақ, шелпек, тәттінің түр-түрі назарымызды аудартты.

Мұнан бөлек, ұлттық нақышта жасалған интерьер: қазақтың тақыр-түкті кілемдері, оюлы жастық-көрпешелері, денсаулыққа пайдалы ағаш ыдыстары, айтып өткен тағам түрлері дәмхананы ерекшелендіріп тұрғаны жасырын емес. Құдды бір бұрынғы заманда өмір сүріп жатқандай, солардың кейіпкерлерінің біріндей сезінесің. Сондағы оюлы түкті кілемдерді үйме-үй аралап жинаған дейді. Идеядан терең ізденіс пен еңбекқорлық сезіліп тұр. Біз риза болып қайттық».

Мирас, студент: «Біз достарымызбен мерекелерде, туған күндерде «Мята» кафесіне жиі барып тұрамыз. Ол жер жайлы және қызмет көрсетуі де тамаша. Қонақтарды қуанту үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Асханасы дәмді, жастарға өте ыңғайлы. Атмосферасы жайлы болғандықтан, сонда біраз достар таптық. Олардың да көпшілігі сол жерге барғанды ұнатады».

Гаухар апай, дүкенде сатушы: «Мен қаламызда мейрамхана, тамақтану орындарының көптеп ашылғанына қуанамын. Себебі, біраз студенттердің, жастардың қосымша жұмыс істеулеріне мүмкіндік бар. Тойханаларда жұмыс істеп жүрген біраз таныстарым қаражатпен қоса, үйлеріне артылған тамақты да алып қайтатындарын қуанып айтып жатады. Демек, мұның халыққа пайдасы мол. Мейрамханалардың табыстары мол болған соң, көптеп ашылып жатқан болар. Түркістандықтар қонақжай халық, түсте де, кешке де жиын өткізіп жатады. Оның игілігінің бір ұшын қарапайым халық та көруде.

Кейде жаңадан ашылған орындардың кемшілігі байқалады. Даяшылардың қызмет көрсетуі, тағамдарының дәмі сияқты шағымдар болмай тұрмайды әрине. Бірақ «көштің жүре түзелетінін» ескерсек, бір-бірінің артықшылықтарын, жетістіктерін көріп, түзеледі, үлкен қалалардағыдай мінсіз қызмет көрсету жағдайына жетеміз, — деп ойлаймын».

Осылай, біраз кафе, асханалардың жағдайын біліп, жақсысын түртіп, жақсыға жетпегендерінің алдағы уақытта жақсарып кететіндеріне сенім арттық. Ал, сіз, қай мейрамханаға жиі баруды ұнатасыз, ерекшелігін айта отырыңыз, оқырман!

Leave a reply

Ақпарат қорғалған