ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕР ЖҮЙКЕСІ ЖҰҚАРҒАНДАРДЫҢ ЖЕБЕУШІСІ

0
57

Түркістандықтар қалалық аурухананың невропатология бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі дәрігер Халуа Қосмұратованы жақсы біледі. Қазіргідей нарықтың нар көтермес салмағы мен тәжтажал індетінің зардабы әр отбасына түсіп тұрған кезеңде, сырқаттарға дәрігердің жылы сөзі, шипагерлік білігі мен аялы алақаны жетіспейді.

Отыз жылға жуық уақыт тағдырын дәрігерлікке арнаған Халуа Тасболатқызы мұны әбден түсінген. Себебі, білікті дәрігердің қарауына келетіндердің дені жүйкесі жұқарған жандар. Жақында ғана қаралған кісі сауыққан соң Халуаға шынайы жүрекжарды алғысын әлеуметтік желі арқылы білдірген.

Қазіргі таңда Қытайда бірнеше медициналық зерттеу орталығы ашылған Өтейбойдақтың «Шипагерлік баяны» өз елімізде әлі күнге дейін түбегейлі зерттелген жоқ.

Халуа Тасболатқызының ұлы атасы Төлебай емшілігімен қатар мұсылмандықты ұстанған Құнанбай қажымен бірге Меккеге сапар шеккендер қатарында болған екен. Қосмұрат атасы елге емшілігімен танылған. Сынықшы әрі қаншығару әдісін де шебер меңгерген көрінеді. Ал, әкесі Тасболат малдәрігері болса да, әрі алдына келген сырқаттың бетін қайтармай емдеп жазатын болған көрінеді. Міне осы аталарынан келе жатқан шипагерлік қасиет Халуаға кішкентайынан қонған. Кішкентайынан алдына қуыршақты алып, оны емдеп, екпе салып, бірге ұйықтағанды ұнататын болған. Анасы да қызының тиянақты, шипагерлікке жақын екендігін ерте байқаған. Өзі туған жеріндегі Ордабасы ауданы, Чубаровка селосындағы мектепте оқып жүргенде де, мұғалімнің сауалына «өскенде елде жоқ керемет дәрігер боламын» деп айтады екен. Мектепті үздік бітірген Халуа көп ойланбай, Алматы медициналық институтының емдеу факультетіне құжаттарын тапсырды. 1994 жылы институтты ойдағыдай тәмәмдап, арнайы жолдамамен Алматы облысының Іле ауданында терапевт болып қызмет етті.

«Атам Қосмұрат ауылдан жұма намазын Шымкенттегі орталық мешітке барып үзбей оқитын иманды кісі еді. 1994 жылы өмірден озар алдында маған ақ батасын беріп, қағазы бар емші болдың, елге адал қызмет ет деп көзіне жас алған еді. Артынан бір ауыз:

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.

Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,

Сонда да, күдер үзбе бір Алладан,-деген еді»,-деп Халуа ханым ұлы атасын есіне алып.

Қазіргі таңда 40 төсектік невропатология бөлімінде ардагерлер мен аса ауыр науқастарға арналған екі төсектік палаталар бар. Бөлімде сырқаттармен отасыз емдеу тәсілдері қолданылады. Оның негізгісі шығыс медициналық дәстүрімен атқарылады.

Халуа Тасболатқызының өзі ғана емес жұбайы Базарбай Амиров Қазақстанға еңбек сіңірген тіс дәрігері. Қызы Дана анасының жолын қуып, Астанадағы медициналық университетті қызыл дипломға бітіріп, қазір невропатолог болып қызмет етеді. Қызы Шұғыла мектепті Алтын белгіге бітіріп, Астана медицина университетінің екінші курсында оқиды. Міне бір отбасынан төрт бірдей білікті дәрігерлер шығып отыр. Бабалары Төлебай емшіден тараған әулеттің шипагерлік баяны осындай. Әсіресе, Халуа Тасболатқызы сынды жасынан шипагерлікті меңгеруді мақсат етіп, адам ағзасын сауықтыру жолында тәулік бойы қызмет көрсетіп, өздерінің де денсаулығын кепілдікке қойып, қысылғандарға қанатымен су сепкен қарлығаштай аузына су тамызып, дерттеріне шипа тауып жүрген жандарға қандай құрмет көрсетсекте лайық. Ендеше, көпшілік көзайымына айналған Халуа Тасболатқызы мен оның сенімді серіктеріне айналған ұжымына халықтың ақ алғысына бөленіп, құшақтарыңыз гүлге тола берсін дегіміз келеді.

Leave a reply