Түркістандық индустриалды техникалық колледж студенттерге үш бағытта білім береді

0
66

Облыс орталығында «WORLDSKILLS TURKISTAN – 2022» облыстық чемпионаты өтті. Дәстүрлі түрде өтетін білімділер сайысына өңірдегі 60-тан астам колледжден 300-ге жуық студент қатысқан болатын. Сол сайыста Ерқанат Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды техникалық колледжінің алты бірдей студенті жеңіс тұғырынан көрінді.

«WORLDSKILLS TURKISTAN – 2022» облыстық чемпионаты жылда өз жалғасын тауып келеді. Кіл мықты арасынан шын мықтыны анықтайтын биылғы жарыста жоғарғы нәтижеге қол жеткіздік. Облыста техникалық салаға бағытталған 20 дан астам колледж бар. Сол жиырмадан жиылған озаттардан 6 студентіміз топ жарды. 5 шәкіртіміз өз салаларының үздігі екенін дәлелдеп І орынға қол жеткізсе, 1 студентіміз ІІІ орынды қанағат тұтты. Қатысқан білім алушыларымыз ағымдағы жылдың қараша айында Нұр-сұлтан қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Енді елордада облысымыздың намысын қорғамақ», — деді Ерқанат Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сұлтан Дүйсенәліұлы.

Біз тілге тиек еткен индустриалды техникалық колледж студенттерге үш бағытта білім береді. Атап айтсақ, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару», «Бағдарламалық қамтамасыз ету». Умиджан Эгамбердиев «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының 4 курс студенті. Бала кезден темір тұлпарды жөндеуді жақсы көрген ол колледж қабырғасында біліктілікті арттырып, техникалық білімімді жетілдірдім. Практика мен теорияны ұштастырдым дейді. «Жарыс үш модулдан тұрды. Нақтырақ диагностика, беріліс қорабы, қозғалтқыш. Мұнда қатысушылар көлікке диагностика жасап, қозғалтқышты ашып ақауын тауып, беріліс қорабын жөндеп, шашып құрады. Өз саласын жетік меңгерген студенттер қатысқан жарыстың берері мол. Тәжірбие алмасып, өзге оқу орындарынан достар да таптық. Алдағы меже республикалық сайыста топ жару», — дейді Умиджан Абдихалықұлы.

Бүгінде Ерқанат Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды техникалық колледжінде 50-ге жуық оқытушы дәріс беріп, 600 ден астам студент білім алуда. Сайыста жүзден жүйрік шығып, жеңіс тұғырынан көрінген өрендерімізді құттықтаймыз!

Leave a reply