ТҮРКІСТАНДЫҚ МУЗЕЙ ТАРИХЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ОРДАСЫ

0
48

Халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Музейлер —  бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, халықтың тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін танытып отырады. Қазақстанда музейлер тарихы 1830 жылдан басталады. Ең алғаш музей Орынбор қаласында ашылған. Ол кезде , яғни дәлірек айтсақ 1920 жылы РСФСР құрамында «Қырғыз Автономиялық Социалистік Советтік Республикасы» деп аталған.

Қазақ Республикасы құрылып, астанасы Орынбор қаласы болғанда музей Қазақстанның қарамағына берілген, 1924 жылы  арада демаркацияланғанына орай, музей қайтадан Ресейге өткен, дегенмен 1925 жылы Қазақ АССР-і құрылып, астана Ақмешітке (Қызылордаға) көшкеннен кейін, музей жәдігерлерінің 80 пайызы Қазақстанға қайтарылған. Астана Алматыға көшірілгенге дейін бас музей Қызылордада болған. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді.

Музейлер қызметі мен бағытына қарай бірнеше топқа бөлінеді: тарихи музейлер,көркемөнер музейлері, жаратылыстану музейлері, техникалық музейлер, кешенді музейлер, мемориалдық музейлер , соның ішінде ең кеш дамыған бағыты мемориалдық музейлер. Музейлердің қызметі негізінен ғылыми- зерттеу, қор сақтау, экспозиция және көрмелер ұйымдастыру, экскурсия ұйымдастыру бағыттарында жүргізіледі. Музейдің дамуы музей тәжірибесінде және арнайы ғылыми әдебиеттерде ( монографияларда, мерзімді баспасөздерде және т.б көрсетілген.  Музейге арналған журналдар 70-шы жылдарда жарық көре бастады. Ал Қазақстанда музей саласына арнайы арналған «Қазақстан музейлері» атты мәдени танымдық және ғылыми әдістемелік журнал 2002 жылдың желтоқсан айынан бастап жарық көрді.Қазақстанда 230-дан астам музей бар. Музейге барудың өзі үлкен мәдениет. Музейлерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады, соның ішінде ең қызықтысы «Музей түні».

Музей түні әлеуметтік маңызы бар акция.Ол бізді өткенді саралап, бағалап қана қоюға шақырмайды, сонымен бірге ел бірлігін бекемдеп, құндылығын қастерлеуге үндейді. Қазақстанда алғашқы музей түні 2006 жылы Алматы қаласындағы Орталық музейде өтті. Музей қызметкерлерімен еріктілер бірігіп театрландырылған көріністер қойып, ән шырқап, түрлі викториналар ұйымдастырып, қызықты әрі тұщымды экскурсиялар жүргізеді.Осындай игі іс-шаралар музейге деген қызығушылықты арттыра түседі, өткенді білмей болашақты болжау қиын. Музей тарихқа деген қызығушылық туғызып, бұрынғының естелігін сақтауға ұмтылдырады.

Ал ,біз осы музейге бару ережесін білеміз бе? Кез- келген музей қонағы нені ескерген жөн. Сыртқы киімдерді, сөмкелерді, бас киімдерді гардеробқа өткізген дұрыс. Сосын  ұялы телефон өшірген абзал, өйткені экскурсияға кедергісін келтіреді.Тарихи жәдігерлерді қолымен ұстауға тиім салынған,бүлініп қалуы ғажап емес. Камераға түсіруге қатаң тиым салады музей әкімшілігі, себебі камера жарқылы кейбір экспонаттарға зиянын тигізуі мүмкін. Музейге барғанда экспозицияның барлық залдарын тез айналып өтуге тырысқаннан гөрі мұқият зерттеген жөн. Ал егерде экскурсия түсініксіз болса, ал сіз сұрақ қоюға ыңғайсызданып тұрсаңыз, экспонаттардың жанындағы ақпараттық тақталар мен белгілерді оқып шықсаңыз болады. Музей адамзат өркениетінің ең керемет жетістігі болып табылады және тарихи санасын қалыптастыруда ең керекті білім көзі. Музей халқымыздың асыл қазынасы!

Leave a reply