ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҰҢҒЫШ ДИПЛОМАТ

0
64

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов жайлы естеліктер, мақалалар, кітаптар қанша жазылғанымен әлі де айтар ой аз емес. Нәзір 1892 жылы қазан айында Қоқанда дүниеге келген. Әкесі Төреқұл заң қызметкері әрі кәсіби мақта саудагері болған. Ол қызмет бабымен Түркістан өңірі Қандөз елді-мекенінен Өзбекстанның Қоқан қаласына көшіп келген. Нәзірдің жастық шағы өзбек жерінде өткен. Бастапқыда ауыл молдасынан, кейін жергілікті медреседе білім алған. Одан әрі білімін Мәскеуде жалғастырып, еліне оралған соң көптеген жоғары лауазымды қызметтер атқарады.

Нәзір Мәскеуге шақыртылып, 1922-1928 жылдары Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарады. 1937 жылы шілде айында тұтқындалып, 3 қараша күні «халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесілді. Денесі Мәскеу түбіндегі Коммунарка қорымына жерленді.

Нәзір Төреқұлов 1958 жылы ақталғанымен, Кеңес заманында ол туралы зерттеулер мен ізденістер жоқтың қасы болатын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ ғалымдары Нәзір Төреқұлов туралы жан-жақты зерттей бастады.

Түркістанда алғаш рет 1996 жылы Нәзір Төреқұловтың 105 жылдығы кең көлемде аталып өтті. «Нәзір Төреқұлов» атында қор құрылып, Ыбырай Ысмайылов төрағасы болып бекітілді. Ыбырай Ысмайылов Нәзір Төреқұлов туралы ізденіп, Өзбекстан, Ресей тіпті сонау Сауд Арабиясына дейін барған азамат. Осы ізденістің нәтижесінде Түркістанда Нәзір Төреқұлов атында мектеп, мешіт-медресе, кітап үйі ашылып, қаланың ортасынан елші атындағы көше мен музей ашылды.

Қазақтан шыққан тұңғыш елшіге арналған «Нәзір Төреқұлов» музейі 2006 жылы қараша айында қоғамдық негізде Нұрмахан Назаровтың басшылығымен Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев музейінде арнайы бөлме болып ашылған. 2008 жылы музей жеке ғимаратқа көшіріліп, 25 наурыздан бастап, Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің филиалы болып бекітілді. Музейдің ашылу салтанатына алыс-жақын шетелдерден ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Музейге сол кездегі Сыртқы істер министрі, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді. Оңтүстік Қазақстан облысының (сол кездегі) әкімі Өмірзақ Шөкеев, Солтүстік Қазақстан облысының (сол кездегі) әкімі Тайыр Мансұров, Қызылорда облысының (сол кездегі) әкімі Бердібек Сапарбаев, сол кездегі Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов қатысты. Музейдің экспозициясын жасаған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, дизайнер Аманжол Найманбай болды.

2018 жылдың тамыз айынан бастап Нәзір Төреқұлов музейі Түркістан облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталыққа қарасты музей филиалы болып бекітілді. Музей үш экспозициялық залдан тұрады: 1) Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметінің белестері; 2) Нәзір Төреқұлов — дипломатия көшбасшысы; 3) Кино зал.

Музей экспозициясын Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметі жайындағы мұрағат құжаттары, суреттері, қол қойған құжаттары, баспасөз бетіне жариялаған мақалалары толықтырып тұр.

Leave a reply