ТҮРКІСТАННАН ТАЛАЙ ДАРЫН ШЫҒАДЫ

0
50

Біз әлемнің барлық жетекші елдерінің қол жеткізген жетістіктерінің іргетасы – білім есебінен салынған экономика екенін көріп отырмыз. Білім – ілгерілеу және барлық инновацияның қозғаушы күші. Адами капитал мен елдің бәсекеге қабілеттілігін дамытудағы білім саласының рөлі өте маңызды.Біз  білім берудің жоғары сапасына қол жеткізу жолында алдымызға мақсат, міндеттерді қойып, оларды бірлескен жаңашыл форматтағы жұмыс жобасы негізінде жүзеге асыруды қолға алып келеміз. Белгіленген межеге қол жеткізу жолындағы әрбір қадам маңызды және құнды болатындығы сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес,  БҒМ кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және оны қолдау, кітап мәртебесін арттыру мақсатында білім алушылар арасында «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Өйткені, адамгершілік құндылықтар жүйесін қалыптастырудың бірден бір  жолы – кітап оқу. Жобаның негізгі бағыттары өзара қарым-қатынас пен әлеуметтік әріптестік арқылы білім алушылардың оқу құзыреттілігін, оқу мәдениеті мен оқу белсенділігін арттыруды, оқу сауаттылығы бойынша халықаралық зерттеулерге қатысуын жалғастыруды, оқырмандар қауымдастығын қалыптастыруды, іс-шараларға ата-аналарды қатыстыруды көздейді. Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады.

Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының  үлесі маңызды болмақ.  Кітап оқу — білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге асып,  яғни олардың қатарына еліміздің үздік классиктернің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енді. Білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы ҚР-ның мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала болып табылады. Оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Оқуды дамытуда әдістемелік әдістерді жүйелі және мақсатты түрде қолданған жағдайда оқушының дербес оқуын қалыптастыруға үлес қосады. Сондықтан бүгінгі таңда оқушылардың кітап оқу құзыреттілігін қалыптастыру өте маңызды міндет болды.Оқушының әдеби салада қандай құзыреті болуы керек?

  1. Жалпы мәдени-әдеби құзыреттілік — ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде әдебиетті қабылдау.
  2. Әлемдік құндылықтар құзыреттілігі — әдебиетте бейнеленген осы құндылықтарға деген көзқарастарын анықтау және нақтылау мүмкіндігі құндылықтарды түсіну.
  3. Оқырман құзыреттілігі — шығармашылық, «автор-оқырман» диалогына қосыла білуі, кейіпкерлермен толғана білу, көркем туындысының тіл ерекшеліктерін түсіну.
  4. Сөйлеу құзіреттілігі — қазақ әдеби тілінің нормаларын білу; сөйлеу қызметінің негізгі түрлерін меңгеру.
  5. Әртүрлі жанрда әдеби шығармашылық жұмыстар жаза білу қабілеті.

«Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі жұртының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаи. Расында қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек.  Бүгінгі таңда адамдар өздері ойлағаннан әлдеқайда көп оқиды. Интернеттегі блогтар, телефондағы смс хаттар, теледидардағы жаңалықтар лентасы және т.б. Алайда, кітаптарды еш нәрсе де алмастыра алмайды. Кітап кемелденуге көмектеседі. Оның көмегімен қартайған шағымызда миымыздың тың қалпын сақтап қала аламыз. Сөздерді ойдағы образдарға айналдыру когнитивті қызметтерге әсерін тигізеді. Қазіргі қарыштап даму заманында  қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. Кітап оқудың 7 пайдасы жөнінде айтып өтетім болсам:

Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін тануға көмектеседі. Жадыны және ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адам жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Кітап оқу – талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Кітап оқу – сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады. Адам бойында бұғып жататын шығармашылық қабілеттерді дамытады. Кітапты көп оқитын саналы ұрпақ келте, шолақ ойлы емес, есті, салмақты ой иесі болып өсері даусыз. Өйткені кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі. Кітап – өмір ұстазы. Біздің ұстаздар қауымының, аға ұрпақтың, ата-аналардың ұрпағымыздың бойына дарытуымыз қажет дағдының бірі – осы кітап оқуды қалыптастыру, әдетке айналдыру, баулу болмақ.

«Кітап — өмірдің ең алыс және қараңғы жолдарында жарық беретін шам» деген даналардан қалған нақыл бекер айтылмаса керек-ті. Бала болашағының жарқын болуы үшін шәкірт жүрегіне ізгіліктің шамшырағын жағу – ұлағатты ұстаздардың еншісіндегі өнегелі іс. Осы орайда, Түркістан қаласындағы  Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебінде үстіміздегі оқу жылында жиырмадан астам түрлі бағыттағы жоба жұмыстары жоспарланып қолға алынды. Атап өтер болсам; «Тәлім сәті»,  «Ақылды бейсенбі» , «Сәрсенбінің сәтінде», «TALAP», «PARASAT», «MEIIRIM WUAGY», «Заманауи ертегілер – Modern fables»,  «EQ+IQ=M», «IQ – DODA», «ENDLISH SPEAKING CLUB», «Жұмадағы жүздесу», «30 кітап» , «Реч как меч», «Оқуға құштар мектеп»,  «Түркістанға танымал тұлғалар», «25 ән  мен 25 күй», «Жүректен жүрекке», «Ұшқыр ой алаңы» дебат жобасы, «Тұран шұғыласы», «Түркістану» жобалары. Солардың ішіндегі  «Заманауи ертегілер – Modern fables» жобасы бастауыш сынып оқушыларымен, «Оқуға құштар мектеп» жобасы 5- 11 сынып оқушыларымен, «30 кітап» жобасы ұстаздармен,  «PARASAT» жобасы ата-аналармен кітап оқуға жұмылдыратын жобалар. Ең алдымен мектеп фойесіне мектеп кітапханашысымен бірлесіп қазақ тілі мен әдебиеті және бастауыш сынып пән мұғалімдерінің демеушілігімен «Кітап сыйла-кітап оқы» бұрышын ұйымдастырылды. Арнайы жасалған бұрыштағы кітаптар оқушыларымыз бен ұстаздарымыздың көмегімен  күнделікті жаңғырып жаңа кітаптармен толығып отырады. Еліміздің басшысы, Қасым- Жомарт Кемелұлының «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсаған жөн»-деген кемел сөздерін жаңғырта отырып «Президент ұсынған 30 кітап» жобасы аясында оқылатын кітаптар  тізімін арнайы QR-код арқылы сканерлеп оқуға мүмкіндік жасап, арнайы стенд жасалынды. Ұйымдастырушы – педагог маманымыз Нағима Момбекованың жетекшілігімен жүзеге асырылып отырған «30 кітап» жобасы  мектеп қабырғасында жұмыс атқарып жүрген барша қызметкерлер мен кітапқұмар өскелең ұрпақтардың қазақ және әлем әдебиеті өкілдерінің алтынға бергісіз асыл жауһарларын оқып, көкірек көзін ашып,санасын оятуға жағдай жасауда. Мектеп ұстаздары арасында жүргізіліп отырған «30 кітап» жобасының алғашқы кезеңінде мектеп әкімшілігі мен барлық пән бірлестіктері өздері бірлесіп оқыған кітаптарының ерекшеліктерін, мазмұнын идеясын ашып, өзінің де өзгенің де кітап әлеміне деген махаббатын арттыру мақсатында жарнама жасап жарысқа түсті. Нәтижесінде физика-информатика пән бірлестігі А.Әмірбек  жеңімпаз болды. Екінші кезеңінде қаты-сушылар бірлесе оқыған кітаптарындағы түйінді ой мен көздеген идеясы бойынша сахналық қойылым көрсетуі шарт. Қазіргі таңда  қысқы демалыста оқушылармен бірдей кітап оқыған әріп-тестер сол кітап негізінде көрініс қоюға қызу дайындық үстінде. «Әр адам өз өмірінің авторы, әрі кейіпкері» дегендей өздері оқыған кітап-тың кейіпкерін сомдай отырып шығармашылық шабыттарына шабыт қосары хақ. Ал, жобаның үшінші  кезеңінде оқитын кітаптарына буктрейлер жасауы тиіс. Жыл соңында «Ең үздік оқырман бірлестік»  аталатын пән бірлестігі  анықталып, жеңімпаздар жарияланады.

«Айтылған сөз – бір күн, жазылған сөз – жүз ғасыр өмір сүреді» деген халық даналығын басшылыққа ала отырып, «Каникулда кітап оқимыз» жобасы бойынша 2-10 сыныптар аралығында күзгі және қысқы демалыстарда әр сыныптың жас ерекшеліктеріне байланысты көркем әдеби туындылар оқытылды. Сол оқыған кітаптар бойынша арнайы тест жұмыстары алынып, оқушылар білімі сынға түсті. Қысқы каникулда оқыған кітаптар бойынша әр сынып кітаптың мазмұны негізінде оқушының таным түсінігін, пайымдауын саралайтын буктрейлер жасауды қолға алды. Күзгі және қысқы демалыстарда ұсынылған көркем шығармаларды оқуда белсенділік танытқан сыныптар арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды. Көктемгі демалыста оқитын кітаптардың қорытындысы бойынша кітап оқуда үздік танылған жүлдегер сыныпқа мектеп тарапынан тарихи орындарға арнайы саяхат ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына кітаптың артықшылығы туралы ұлы Абай да «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ерінбей — жалықпай, жалқаулыққа салынбай кітап оқыған кісінің өзгеден оқ бойы озық болатынын зор сенімділікпен жеткізді. Себебі, ұлттың ұлы тұлғасы саналатын әлем таныған Абайдың қолынан өмірден өткенше кітап түспеген.

Кітап оқу – бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес. Сонымен бірге, тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Бұл  процесс ойлау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорды ұлғайтады және сөйлеу мәдениетін дамытып, ми белсенділігін жақсартатындығын, сондай-ақ, әрбір адамның бойындағы шығармашылыққа деген сүйіспен-шілігін оятуға итермелейтінін бала бойына сіңіріп отыру біздің басты міндетіміз  деп санап, «Білім шыңы – ғылым сыры » журналының ұйымдастыруымен өткен «КАНИКУЛДА КІТАП ОҚИМЫЗ» атты республикалық марафонына қатысып, «ЕҢ КӨП КІТАП ОҚИТЫН МЕКТЕП» номинациясы бойынша 30 жеңімпаз мектептің бірі болып, республикалық «Ең көп кітап оқитын мектеп» марафонының жеңімпазы деген арнайы сертификатын жеңіп алдық, сыйлыққа берілген 30 кітапты да иелендік. Бұл әрине, ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен үздіксіз ізденісінің нәтижесі .

Әр оқу жылының бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі болатыны сияқты,қарапайым ғана мектептің 2021-2022 оқу жылындағы қағидаларының қатарына енген бір жаңалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша мектеп қабырғасында білім алып жатқан бүлдіршіндерден бастап балаң  жасөспірімдерге дейін барша шәкірттердің кітап оқуға деген қызығушылығы мен құштарлығын ұстаздардың өздері бірге біте қайнаса жүріп  ояту еді. Осы орайда, жобаларға жетекшілік жасап, белсенділік танытып жүрген ұстаздарды да атап өткім келіп отыр. Атап өтер болсам, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары-  М.Алтыбаева мен Ж.Рыспанбетова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары- А.Нұржанова мен М.Байбатшаева, бейіндік істер жөніндегі орынбасары – Н.Сманова, педагог психологтар – Р.Бекжігітова мен Н. Әбсеметова және Н.Момбекова, Г.Шаңлақова, Ж.Жарылқапова, Қ.Жұмабаев, Д.Әминов сонымен қатар, бірлестік жетекшілері мен пән мұғалімдері:  А.Ибрагимова, Ғ.Елбасы, Э.Маханбетова, Ж.Батыршаева, Б.Әшімханова, А.Әмірбек, А.Мырзаханова, Қ.Тоқмырзаев, Л.Смайлова, Д.Балғабаева, А.Қалдыбаева, Д.Ештаева, Н.Шуленбаевалар. Сонымен қатар, мектебіміздің білім алушыларына бір жыл бұрын ғана атауы берілген Қазыбек би бабамыздың жыр — толғауларын, нақыл сөздерін жаттатып, бойларына сіңірте отырып, ең асыл құндылықтары  білімі мен білігі кітаптай терең, талабы мен таланты тұлпардай жүйрік, зейіні мен зердесі тазы-дай алғыр, қиялы мен қарқыны қырандай ұшқыр, саулығы мен сауаты мылтықтай мықты, достығы мен дәстүрі қақпандай берік, тілі мен тілегі қылыштай өткір болуына жол ашу.   Адамзат баласының қол   жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ендеше, осы қазынамыз ортаймасын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел алдында тұрған үлкен міндеттерді айқындаған «Жаңа кезеңге – жаңа реформалар» атты үндеуі  жаңа дәуірдегі мемлекет тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің кепілі. Сондықтан да, интеллектуалды ұрпақ қалыптастыру бойынша берген тапсырмасын жұмыла абыроймен атқарамыз деген сенімдемін.

Сөзімнің соңында біліммен шықсын атыңыз, бәріңіз кітап оқыңыз дегім келеді. Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай.  Ең бастысы – ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын!

Жақсыкүл СҮЛЕЙМЕНОВА,

Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебінің директоры.

Leave a reply