ТҮРКІСТАН: ИАССЫДАҒЫ ИГІ ІСТЕР

0
49

Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Иассы ауылдық округі тұрғындарымен ашық форматтағы кездесу өткізді. Асып кеткенде алдағы бес-он жылда қалаға қосылып кеткелі тұрған Иассы ауылдық округінің тұрғындары елді мекен қала іргесінде орналасқандықтан барынша жаңа технологияға негізделген шағын және орта бизнеске бет бұра бастаған. Облыс мәртебесін алған Түркістандағы барлық жаңалықтар мен өзгерістер осында да көрініс тапқан. Алайда, ел ішінде түсіндіру жұмыстары кешенді жүргізілмегендіктен Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков өңірдегі бизнесті қолдау мақсатындағы атқарылып жатқан жайларға ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауындағы басты мақсаты — бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50% жеткізу. Оны орындау үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру — Қазақстанның азаматтары қалада да, ауылда да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие беру, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану және қаржылық сауаттылыққа үйрету жұмыстары бойынша атқарылған жұмыстар көңіл толарлықтай.

2021 жылдың қорытындысы бойынша ауданда шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 2073 субъект тiркелiп, оның iшiнде жұмыс iстеп тұрған белсендi субъектiлерiнiң саны 2029 немесе 97,8 пайызды құрады.

Ауданда кәсіпкер болуға ниетті немесе кәсіпкерлерге, бастапқыда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 100, 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа қатысу және одан әрі қарай бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген 6 пайызбен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдендіру, субсидиялау құралдарын пайдалану арқылы несиелендіру ұсынылады.

Ал, бизнесіңіз қызмет көрсету не болмаса сауда саласына жататын болса кепілсіз 6% -бен 5 миллион теңгеге дейін қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндіктер ұсынылады.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында осал топтағы немесе көп балалы азаматтарға және 29 жасқа дейінгі жастарға грант беріліп келеді. Ол үшін «Бизнес бастау» сертификаты және бизнес-идеясы болу керек. Мәселен, 2021 жылы осы бағдарлама арқылы 200 АЕК көлемінде 585 мың теңгені — 35 азамат алған.

Аудан әкімі Иассы ауылдық округінде бау-бақша өсіру бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Ауданда қарқынды бау шаруашылығын дамыту 350 га тапсырма берілсе, орындалғаны 513 га, 146,6% құрады. Иассы ауылдық округінің жері шұрайлы, Түркістан да, Кентау қаласы да өте жақын орналасқандықтан қарқынды бау шаруашылығын дамытуға өте қолайлы мекен.

Алайда, дихандар соңғы жылдары су тапшылығының орын алуы бау өсіруге кедергі келтіріп отырғандығын алға тартты. Олардың айтуынша, мемлекеттік мекемелер мен қиыршық тас өндіретін кәсіпорындар жайылым мен суармалы жерлерді тарылтып барады. Бұған байланысты аудан әкімі малды Қарабұлақ ауылындағы малшылар секілді қорада ұстауға кеңес берді. Егер де мал азығынан тапшылық көрсе, жақында Шорнақта бір гектар жер бөлінген комбикорм – құнарлы мал азығын өндіретін кәсіпорын ашылатындығын айтып, одан жергілікті кәсіпкерлер арзандатылған өнім алуға болатындығын жеткізіп, кәсіпкерлерді қуантып қойды.

Кәсіпкерлердің су тапшылығына қатысты сұрақтарына жауап берген аудан әкімі, суға қатысты шаралар кешенді түрде атқарылып жатқандығын жеткізді. Бүгінгі таңға, Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округте 35 елді мекен бар. Оның ішінде 2009-2019 жылдары 31 елді мекенге Түркістан қаласының және Кентау қаласының тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,6%-ды құрап отыр.

Мәселен, Түркістан магистралды каналының Қарашық учаскесіндегі гидротехникалық құрылыстарына (Дюкер арығы. Яғни, каналдың астынан өтетін арық) ағымдағы жөндеу, механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы Иассы ауылдық округіндегі Ескі Шобанақ каналын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттама әзірленді. Оранғай ауылдық округіне қарасты Қосқорған су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттама жасалды. Мұның барлығы таяу арада шешімін табады.

Сауран ауданы бойынша елді мекендердегі 2011-2018 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілу барысында жобаға енбей қалған және жаңадан қоныстанған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 8 нысан бойынша аудан әкімінің қаулысы шығарылып, сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленді. Жобалау-ізденіс жұмыстарының сметасы әзірленіп, қаржы бөлдіруге «Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» тапсырылды. 8 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге жалпы – 108,013 млн.теңге қаржы бөлдіру қажет. Соның ішінде, «Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінің ауыз сумен қамтылмай қалған аумағына ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын және жобалау жұмыстарын жүргізуге» — 3833,37 мың теңге қарастырылып отыр.

Иассылықтардың көгілдір отынмен қамтылуы жайы да таяу арада шешілмек. Аудан әкімінің айтуынша,табиғи газбен қамту мақсатында Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан және Шойтөбе елді мекендерін табиғи газ құбырымен қамтамасыз ету құрылысына — 43122,23 мың теңге жұмсау көзделіп отыр.

Иассылық дихандармен емен-жарқын әңгімелескен аудан әкімі Ғани Рысбеков алдағы уақытта осы айтылған жобаларды жүзеге асыру барысында жергілікті тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары ескерілетіндігін, Президент Жарлығына сәйкес, өзі мен бөлім басшылары ауылға жиі ат басын бұратындығын айтты. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген міне осы.

Leave a reply