Түркістан саялы орынға айналды

0
58

Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы — 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр.

Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жалпы саябақтың көгалдандырылған аумағының көлемі – 25 гектарға жуық, 3500 шаршы метрге гүл егілген. Аллея, субұрқақтары мен балалар ойын алаңшалары, орындықтары мен жүгіру және веложолы бар.

Сонымен бірге жаңа саябақта 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Әлемнің бірнеше мемлекетінен елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері әкелінген. Жарықшамдар орнатылған. Алдағы уақытта саябақта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған біршама жобалар жүзеге аспақ.

Саябақтың ашылуына орай «Түркістан маржандары» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Түркістанның жаңа туристік орнына арнайы келген тұрғындар мен қонақтарға Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Кеш соңы жалпыхалықтық серуенге ұласты.

Жаз басталса қала жұртшылығы жанға рахат сыйлайтын демалыс орындарына ағылатыны сөзсіз.  Шілденің шілінгірінде шаһарымыздың жасы да, жасамысы да суға шомылатын орын іздейді. Осы олқылықтың орыны толғандай өткен аптада аптап ыстықта қаланың сәнін келтіретін жағажай қолданысқа берілді.  Өңір басшысы Ө.Шөкеев тарихи шаһарда тұңғыш рет ашылған «Шаға» жағажайын аралап, демалыс орнымен танысты. Жалпы ауданы 81 гектарды құрайтын демалыс аумағындағы судың сыйымдылығы 2,5 млн. текше метрге жуық. Жағажайдың ашылу салтанатына тек түркістандықтар ғана емес, Шымкенттен және өзге қалалардан да қонақтар келген болатын.

Аталмыш іс-шара барысында балаларға қызықты ойындар ойнатылып, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашса, су айдынында жүзген желкенді қайықтар мен шоу бағдарламалар демалушыларға керемет әсер сыйлады.  Сондай-ақ, туристік орталықтың қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да пайдасы зор.  Алғашқы күннен-ақ мыңдаған қонақтарға қуаныш сыйлаған жағажайға емдік қасиеті бар шағыл құм төселген. Болашақта жаңа демалыс нысанында аквапарк, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, балаларға арналған ойын-сауық орындары  салынбақ.

Leave a reply