ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ ТОЙ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

0
55

Қазақтың салты мен әдеп-ғұрпын қаймағы бұзылмаған қалпында келер заманға, бұқара жұртқа ұсыну ең маңызды мәселелердің бірі. «Той — халықтың қазынасы» деп бағалаған халқымыз ежелден тойды қуаныш пен несібенің бастауы ретінде ерекше бағалаған. «Түркістан қаласы – түркі әлемінің рухани астанасына» айналуы үшін Түркістанда өткізілетін той мен жиындардың да алар орыны ерекше Ақтамберді бабамыздың:
Асқар бір тауды жайласам,
Желілеп бие байласам,
Күнде жиын, күнде той,
Қыз-бозбала ойнатсам,
Атымтай жомарт секілді
Атағым жұртқа білінсе!
Ойпаң жерге он отау,
Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,
Қонағымды жайласам!
Пышақтан малым кетпесе,
Қазаным оттан түспесе,
Ауылдан топыр үзілмей,
Ошақтың оты өшпесе! – деп толғаған жырында да қазақтың қадір-қасиеті мен қонақжайлығының астарында жақсылыққа ұмтылу жатқаны белгілі. Десек те бүгінгі тойдың бұрынғы тойдан мәні де, мағынасы да басқа екені анық. Көпшіліктің көңілінен шығамын деп арзан әзіл, арзан ойындармен ұлттық құндылықтарымыздың қадірін қашырып жатқан асабалар да жетерлік. Қоғамдағы осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған бірнеше ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Атап айтсақ, былтыр Рамазан айының шуақты күнінде Түркістан қаласының бас имамы М.Ергешбайұлының ұйымдастыруымен өткен «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» атты салмақты семинар қаламыздағы асабалардың басын құрап, бірнеше мәселелерді ортаға салған болатын. Айтылған сын-ескертпелерден нәтиже шығарып, елдің ақыл-парасатын көтеруге үлес қосатын асабаларға артылар жүк те ауыр. Осыған орай халық қазынасын қастерлеп жүрген түркістандық асабалар жыл қорытындысын жасап, иігілікті іс-шараға ұйытқы болды.

Түркістан төріндегі «Яссы» мейрамханасында өткен той өнерпаздарының жиынында үздіктер анықталды. Мерекелік кеште жыл бойы жұртшылыққа тынбай қызмет көрсеткен 20-дан аса өнерпаз марапатталды. Кеш қонағы ретінде «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ғ.Амантайұлы, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры М.Жұмаханұлы және қаламыздың бас имамы М.Ергешбайұлы қатысып, үздік шыққан асабалар мен өнерпаздарды марапаттады.

Дәлірек айтсақ, әлеуметтік желі арқылы жарияланған байқау нәтижесінде Руслан Дүйсенбаев, Нұрғиса Бекбаев, Дулат Есжанов оза шауып, желі жұлдызы атанды. Ал «Жылдың үздік нәзік жанды асабасы» атағы Гаухар Тұрыскелдиеваға бұйырды. «Жылдың үздік беташаршысы» Біржан Бейсембайұлына, «Жылдың үздік асабасы» Қайнар Құлтасовқа, «Жылдың үздік продюсері» Мұхтар Айтмұхаметке, «Жылдың үздік бишілері» “Падишах” би ансамбліне, «Жылдың үздік әншісі»  Сержан мен Дәулетке, «Жылдың үздік асабасы» аталымы Бекболат Шекербекке бұйырды.


Сондай-ақ, «Бек» той ұйымдастыру орталығының директоры, кештің ұйымдастырушысы, әріптесіміз Орынбек Қасымбекке той өнеріне сіңірген еңбегі үшін «бас асаба» атағы берілді. Алдағы уақытта құрылатын Түркістан қаласының асабалар одағының директоры ретінде бірауыздан тағайындалды.
Ән әуелеп, жырдан шашу шашылған шуақты кеште елімізге танымал эстрада жұлдыздары Понти Жорабеков пен Бақытжан Мұстафаев өнер көрсетті. Бүгінгі тойдың бағасын арттырып, мағынасын ашатын асабалар мен өнерпаздарға арналған кеште республикалық “El qurmety” қоғамдық қорының атынан қоғамның оң бағытта қалыптасуына ықпал ететін отаншыл, ұлтжанды және шынайы еңбегі үшін айтулы асабалар Сәкен Қонысбеков пен Сәрсенбай Нәлібаевқа “Мәдениет майталманы” медалі берілді.


Халық игілігіне қалтқысыз қызмет атқаратын той саласының майталмандары алдағы уақытта да рухани, мәдени кештер мен ауқымды танымдық жиындарды дәстүрлі түрде өткізетінін мәлімдеді.

Азамат ӘЛІБЕК.

Leave a reply