ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ҮЗДІК ОҚУШЫЛАР «КӨКТӨБЕ» ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНЕ БАРДЫ

0
70

Жадыраған жаз айында мектеп оқушылары лагерлерге баруға асығады. Өңірімізде балалардың демалысы қызықты өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Сондай мекеменің бірі — Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округіндегі «Көктөбе» жазғы сауықтыру лагері.

Осы орайда, қазығұрттық 200 үздік оқушы «Көктөбе» жазғы сауықтыру лагеріне демалуға жіберілді. Табиғат аясындағы демалыстарын асыға күткен балалар лагердегі күндерін жақсы көңіл күймен бастап кетті.
Жазғы балалар сауықтыру лагерінде спорттық сайыстар мен түрлі ұлттық, заманауи би жарыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ балалар дәруменге бай тағамдармен тамақтанып, суға (бассейнге) түсу, танымдық сайыстар т.с. сауықтыру шараларында лагердің жетекшілері басшылығымен белсене қатыспақ.
Балалар жаңа ортада жаңа құрбы-достар тауып, жүздерінде күлкі, көңілдері көтеріңкі қалпында демалыстарын сәтті өткізіп жатыр.

Еске сала кетсек, биыл 41 597 балаға қала сыртындағы лагерлер, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалады. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған.

Leave a reply