Түркістан өзгеше түрленіп келеді

0
90

Бес жыл артта қалды. Бұл белестің Түркістан тарихындағы алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Осы уақыт аралығында тарихи мекенде атқарылған жұмыс көлемі өте ауқымды болды десек артық айтқанымыз емес. Күндіз-түні тыным таппай еңбек еткен құрылысшыларға жер жүзін алаңдатқан індет те кедергі бола алмады. Былайғы жұрт шыбын жанымен алысып жатқанда Түркістанда бәз баяғыдай құрылыс жүріп жатты. Оның ішінде Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы тасқын су облыс орталығының қарқынды дамуына салқынын тигізгенімен бес жыл ішінде Түркістанда іске асырылған жобалар жоспарлы түрде өз мәресіне жеткізіліп жатты. Соның арқасында шаһарымыздың шығыс бөлігіндегі ашық алаңнан жарқыраған жаңа қала бой көтерді.

Жақында көптен бері осында жолы түспей жүрген ақтөбелік досым келіп, мұндағы тіршілікке таңдай қағып қайтты. Осыдан оншақты жыл бұрын тұрмыс-тіршілігімен жиі келетін Талғат досым «қаспен-көздің арасында осындай қала салынған ба?», — дейді бізге. Жаңа қаланы жаяу аралатып, бірнеше нысанға алып бардым. Таңданысын жасыра алмай «өңім бе, әлде түсім бе», — деп бір күлдіріп алды. Сөздің реті келгенде сырт көздің пікірін жеткізіп жатқаным ғой. Қаламыз мұнша түрленіп, құлпырады дегенді айтса сенбеуші едік. Осыған байланысты газетіміздің бетінде бірнеше мақалалар жарық көрді. Түркістан облысы құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы болады дегеннен бастап, билік басындағылардың сөзіне құлағымызды түріп жүрдік. Сонда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Әліпбек Өсербаевтар арнайы мәлімдемелерінен бөлек әр кездесулерінде Түркістанның қайта түлейтіні туралы айтудан жалықпады. Сөздерінің бірін түсініп, бірін түсінбей жүргенімізде бір-екі ай артта қалды. Қазіргі жаңа қаланың орнынан мойындары қылтиып, биік құрылыс крандары көріне бастады. Бір жағынан даму жоспарына сәйкес, қаланың бірқатар аймақтарында тұрғын үйлерді сүру жұмыстары басталды. Әсіресе Қ.А.Ясауи кесенесінің маңындағы үйлердің жаппай мемлекет мұқтаждығына алынуы бағытындағы жұмыстары қала басшылығына оңайға соқпады. Ол жерлерге тиісті нысандар салынатын болып орындары бекітіліп қойған. Ал, тұрғындардың арасында айтарлықтай бөлігі алғашқыда «қыстың көзі қырауда қайда барамыз?»,-деп безек қағып, айтқанға көнбей отырғандары да болды. Сөйтіп Күлтөбе маңында күнде жиын өтіп, қарапайым халықты көшіру жұмыстарындағы ауырпалықтар үсті-үстіне жамала берді. Тұрғын үйді бағалаушылардың есебімен келіспеген үй иелері де аз болмады. Соның салдарынан орын алған халық наразылықтары да әлі естен шыққан жоқ. Қазіргі «Керуен сарай» кешені, «Фараб» кітапханасы, Шығыс моншасы, «Ұлы дала» орталығы, «Драма театр» секілді рухани-мәдени аймақта бой көтерген нысандардың басым көпшілігінің орнында жеке тұрғын үйлер болатын. Солардың қатарында перзенттерінің дертіне шипа іздеген ата-аналардың балаларына білім нәрін беретін көмекші мектеп-интернаты жылы орнын суытып, әлі күнге дейін жайлы орын таппай жүр. Десе де бұл мәселелердің ертелі-кеш шешімін тауып жатқанын естіп, біліп жүрміз. Әрбір қиындықтың артында бір қайырлы істің тұратыны сияқты қазіргі уақытта өткен шақ келмеске кетті. Жапырлаған тапал үйлердің орны адам танымастай өзгеріп, кесене алды құлпырып сала берді. Әлгі ақтөбелік досыма осы маңды аралатып жүргенімде «Әлі де түсім сияқты»,-деп кеудесін кернеген қуанышты көрсеңіз алғашқы жылдағы орын алған қиындықтардың артта қалғанын еріксіз мойындайсыз.

Атап өткеніміздей бір жетістікке жету үшін, оның бір жағында қарама-қайшылықтар орын алатыны заңдылық. Жүздеген отбасы 2018 жылдан бастап, аяғы осы күндерге дейін атадан балаға мұра болып келген шаңырақтарын айырбастауына тура келді. Сөйтіп жүргенде облысымыздың тізгінін Өмірзақ Шөкеев қолға алды. Қала салуда тәжірибесі толысқан әкімнің тұсында ә дегеннен құрылыстың қарқын ала бастағанын баса айтуымыз керек. Түркістанның бүгінгі келбеті осы әкімнің тұсында қалыптасты десек ешкімнің таласы жоқ шығар? Ол кезде қалаға Рашид Аюпов әкім болды. Жастарға жанашырлығымен танылған жас әкімнің шаһардың келбетін заман талабына сәйкестендіру тұрғысындағы бастамаларының түгелге дерлігі болмаса да бірқатары көпшіліктің қолдауына ие болып жатты. Одан кейін облыс басшылығын қолына алған Дархан Сатыбалды бүгінгі таңда өңірдің даму қарқынын одан әрі жалғастыра түсуде. Ал қаланың әкімі қызметін қолына алғалы екі жылдан астам уақыт өткен Нұрбол Тұрашбеков шаһардың бас жоспарындағы көзделген жобаларды іске асыруға және қолға алынған бастамаларды одан әрі жетілдіре түсуге күш салып келеді. Айта кетейік, облыстың өркендеуі үшін әсем ғимараттармен өлшенбейтіні белгілі. Осы тұрғыда Дархан Амангелдіұлы халықтың тұрақты жұмыспен қамту ісіне де ден қойғандай. Себебі, қазіргі таңда облыс орталығы мен өзге аудан, қалаларға тартылып жатқан инвестициялық жобалардың саны әдеттегіден артық екенін байқау қиын емес.

Осылайша тәуелсіз еліміздің рухани астанаға бет бұруын көпшілік жақсылыққа жорыған болатын. 2018 жылдың 19 маусымында жаңадан Түркістан облысы құрылып, қалаға облыс орталығы статусы берілді. Жалпы, қазақ үшін Түркістан – қаладан да, облыс орталығынан да биік, асқақ әрі кең ұғым. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол – бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған хан-сұлтандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы».

Бүгінгі Түркістан мен тарихи Түркістанды салыстыру танымдық тұрғыдан маңызды. Дей тұрғанмен жаңа ұрпақтың міндеті – рухани шаһар болмысын сақтай отырып, жаңа заман алғышартына лайықты жарнамалай алу. Сонымен бірге тарихи шаһарларды жаңғыртудың өзіндік өркениетті концепциясы болды. Бүгінде сол жүйелі қозғалыстың арқасында идея жемісті болғанына шүбә келтірмеуге болады. Мұны көріп-білу үшін, әрине, бүгінгі облыс орталығын – тарихи қаланы тамашалаған дұрыс. Өзгерген, түрленген сыртқы келбеті бір бөлек, экономикалық, әлеуметтік, мәдени әлеуеті, халықаралық туризмнің болашағы үшін көп мүмкіндік туғызылып, батыл жобалар қолға алынған.

Осы жерде қаланың дамуы барысында экономикалық көрсеткіштерге көз жүгіртсек.

Түркістан қаласының 2019 жылғы жергілікті бюджеті 100 млн, 325 мың теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2020 жылы 138 млн, 541 мыңға өскен. Ал 2021 жылы 128 млн, 626 мыңды құраса, 2022 жылы 131 млн 929 мың теңгеге қайта өскен. Ал биылғы жергілікті бюд-жет жоспары 106672571 теңге.

2021 жылы өнеркәсіп саласы бойынша өнім көлемі 14,8 млрд. теңге көрсеткішке ие болса, қазір 15,4 млрд. теңгеге жетті, яғни өткен жылғы көрсеткіштен 3,8% артқан. Сонымен қатар, «TURKESTAN» индустриалды аймағында 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 млрд теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылып, 857 жаңа жұмыс орны ашылды. Инфрақұрым бойынша да шаһарда оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда қала аумағында 37 655 абонент таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін таза ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-ға жетпек. Ал сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші биыл 84,9%-дан 94,7%-ға артқан. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 060 абонент дербес шот ашып пайдалануда. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны биыл 95%-ға жеткен. Жол саласында былтырғы жылдың қорытындысымен қалада жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 37,4%-дан 40,3%-ға артпақ. Қала ішінде жалпы 21 бағытта 220 қоғамдық көлік қатынайды. Аталған көліктердің 78-і сыйымдылығы жоғары болса, қалған 142-сі — шағын автобустар. 2021 жылдан бастап қала ішінде экологиялық стандарттарға сәйкес 78 жаңа автобус алынды, нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктердің 34% жаңарды.

Сол секілді әлеуметтік сала да оң көрсеткіштердің қатары мол. Мәселен Түркістан қаласы облыс орталығы болған кезеңнен бері халық саны 50 мың адамға өсіп, қазір 220 мыңнан асты. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жұмыстарының көлемі 5 жылдың ішінде 3 есе артып, 350,9 млрд. теңгені құрады. Негізгі көп пәтерлі үйлердің құрылысы Түркістан қаласында жүргізіліп жатыр. 2019 жылдан бастап 340 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Талай жалынды жас осында баспаналы болып, армандарына қол жеткізді.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жыл өткен сайын көптеген нысан бой көтеріп жатыр.

Соңғы 5 жылда Түркістан қаласында жаңа әуежай салынды. Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы жаңа әуежай өңірдегі туризмнің дамуына қуатты серпін берді. Сондай-ақ шаһарда мәдени және рухани орталықтар, спорт нысандары, теннис орталығы, әкімшілік-іскерлік орталығы жаңа ғимараттармен толықты. Осындай нысандардың қатарын таяуда өңірімізде тұңғыш рет бой көтерген мұз сарайы толықтырды. Жалпы 5 жылда 250-ден астам жаңа нысан ел игілігіне берілді.

Шаһарда құрылыстардың әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық деп аталатын екі аймаққа бөлінді. Атаулы жоба бойынша аймақтарда 15 мәдени-әлеуметтік нысан салынды. Солардың ішінде «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Оларды атасақ: жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар сая-бағы. Келесі «Рухани-мәдени орталық-та» 7 нысан бар. Бұл қатарда Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат болып саналады. Бұлардың барлығы өз уақытында пайдалануға берілді, қазіргі таңда халық игілігінде. Одан бөлек, әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын жеке инвестор есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері қала келешегінің көрінісі секілді. Оны көрген адам таңдай қақпай тұра алмасы тағы бар. Тағы бір ерекше құрылыс ретінде «Рухани-мәдени орталық» бағытына жататын «Керуен сарайын» айтпай кету мүмкін емес. Бұдан өзге, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстары. Сондай-ақ, аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтың құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, қаладан 16 шақырым қашықтықтағы Шаға елді мекенінен бой көтерген халықаралық әуежай. Бұл құрылысты түркиялық «YDA Group» компаниясы салған. Жер көлемі жалпы 900 гектар аумақты алып жатыр. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар бар. Аталмыш әуежай халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынған. Терминал жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Жолаушылар үшін қаладан әуежайға дейін жаңа автомобиль жолы салынған.

Қазіргі таңда, Түркістанның әлем елдерімен болатын байланысының арта түскендігін байқауға болады. Қарқынды құрылыс жүріп жатқан шаһарда 2022 жылдың екінші жарты жылдығында 70 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 6 300 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3 604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізілді. Осы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы, 30 инженерлік инфрақұрылым нысаны, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.

Шынында Түркістан қаласы соңғы бес жылда көркі көз тартар әсем қалаға айналып келеді. Сөз басында атап өткенімдей осыдан бес жыл бұрын билік өкілдері жергілікті тұрғындарды сендіруге тырысқан жаңа жобалары бүгінде қалай десек те шындыққа айналып отыр.

Leave a reply