ТҮРКІСТАН: 633 ЖАС ТҰРҒЫНЫ 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ АЛУҒА ҚҰЖАТ ТАПСЫРҒАН

0
50
 Түркістан облысында 2,5 пайыздық несие алу үшін бүгінге дейін 633 жас құжат тапсырған. Оның 333-і комиссия қарауына ұсынылып, 30 маусымдағы жағдайға сәйкес 242 үміткердің бизнес-идеялары қаралды. Нәтижесінде 142 жастың бизнес-жобасы мақұлданып, қаражат аудару жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған 100 үміткерге несие беру талаптарына сай келмеуіне байланысты оң қорытынды берілмеді.
 Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Ордабасы аудандарының жастары мемлекеттік бағдарламаға өтінім беру бойынша алдыңғы қатарда болса, Созақ, Мақтаарал, Бәйдібек, Келес, Сауран аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларында белсенділік төмен. Ал Жетісай, Сайрам, Төлеби, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы жұмыстар орта деңгейде. Құжат тапсыру барысында анықталған кемшіліктер бойынша кеңестер берілуде.
 Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында кезекті комиссия отырысы өтіп, онда тағы 91 үміткер өз бизнес-жобасын қорғады. Қазіргі таңда шешімі жасақталу үстінде.
 Комиссия мүшелерінің мәлімдеуінше, ұсынылған бизнес-жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығы саласына байланысты. Дегенмен жылыжай ісі, наубайхана мен кондитерлік өнімдер шығару, аралас сауда, құрал-жабдықтар сатып алу, құрылыс заттарын өндіру, автомобиль өнеркәсібіне қатысты жобалар да бар. Облыс көлемінде құрылған арнайы ақпараттық жұмысшы топ әсіресе ауыл жастарына түсіндіру шараларын жүргізуді тоқтатпады. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалы сенім білдірілген агенттік ретінде бекітіліп, құжат қабылдау жұмыстарын жалғастыруда.
 Еске салсақ, жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталған болатын. Түркістан облысында 594 жас мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізуі тиіс. Түркістан облысының әкімдігі мен аталған жауапты басқарма бағдарламаны іске асыруға 2,9 млрд. теңге қаражат бөлінгенін мәлімдеген еді.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған