Түркі әлемінің орталығына 17 жоба ұсынылды

0
46

Түркістанда «Түркі әлемінің орталығы» нысанының сәулеттік-көркемдік келбетін, кешенді сәулет тұжырымдамасын әзірлеу үшін республикалық ашық байқау ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен сәулетшілер қатысып, 17 жоба ұсынылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған арнайы көрмеге қойылған жобалармен танысып, сәулетшілер мен мүсіншілермен кездесті.
– Түркістанның әрбір нысаны талапқа сай болуы тиіс. «Түркі әлемінің орталығы» ғимараты атына сай болып, құрылыс саласының соңғы технологиялары қолданылған жөн. Оған уақыт та, мүмкіндік те бар, – деген Дархан Сатыбалды жобаларды жетілдіру жөнінде өз ұсыныстарын айтты.
Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы ұйымдастырған байқаудың екінші кезеңіне іріктеуден өткен үздік жобалар жіберілетін болды.
2021 жылы, 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өткен болатын.
Саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында түркі халықтарына ортақ сәулет нысанын салуды тапсырды. Осыған орай Түркістан облысының әкімдігі осы ашық байқауды ұйымдастырып отыр. Байқауға қатысушыларға Түркістанның тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа нысанның тұжырымдамасын әзірлеу талабы қойылған. Түркі әлемінің орталығы ғимараты түркі тілдес елдердің бірлігі мен ынтымағын білдіретін рухани орталыққа айналуы тиіс.
– Түркі өркениеті өзін өзі толық қам­та­масыз ете алады. Мәдени бірегейлік пен ортақ құндылықтар негізінде ол одан әрі дамудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев түр­кі әлемін ХХІ ғасырдың аса маңыз­ды экономикалық, мәдени және гумани­тар­лық өңірлерінің біріне айналдыруды көздейтінімізді саммитте атап өтті. Мәде­ниет саласындағы жетістіктердің қан­дай да бір экономикалық пайдамен өлшен­бейтіні көпшілікке мәлім. Алайда бұл же­тіс­тіктер экономиканың жақындасуына өз сеп­тігін тигізетіні рас. Еуропа, Азия, Афри­ка және Латын Америкасындағы интегра­циялық бірлестіктер мәдени және құнды­лық ортақтығында дамып келеді. Түрлі елдер мен өңірлерді мекен еткен 175 мил­лион түркінің тағдыры мықты мәдени біре­гей­лігінің арқасында тарих толқынында адаспай, жаһандану заманында алға қадам басуға мүмкіндік алды. ТҮРІКПА, ТҮРКСОЙ, Түркі академия­сы мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қажырлы еңбегі Түр­кі кеңесін беделді ұйымға айналдырса, «түр­кі әлемі» ұғымы көпшілік мойындаған халық­аралық дискурсқа айналды. Себебі Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жі­бек жолының күретамыры, Қазақ ханды­ғының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орталық Азия мен Қазақ­стандағы теңдессіз тарихи жәдігері – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Тәуелсіздік алған жылдардан бас­тап Түркістанды түлету, Түркі халық­тарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету – Елбасының арманы әрі мақсаты болатын. Сол арман бүгінде ақиқатқа айналып отыр. Түркістан – түркі әлемінің бесігі, рухани астанасы. Бұл сөзімді түркі тілдес халықтардың толық қолдайтынын саммиттің өзі дәледейді. Оның барысында қабылданған декларация бұл ақиқатты ресми бекітті. Себебі Түркістан көптеген жүз жылдықтар бойы тарихи, экономикалық, мәдени, рухани маңызды рөл атқарған.

Leave a reply