ТӨРТ ҚАҚПАЛЫ ТҮРКІСТАН ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫН ТҮГЕНДЕУДЕ

0
48

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, тұрғындармен төртінші мәрте кездесулер өткізді. Қала әкімі алты секторға дәлірек айтқанда «Яссы», «Сауран», «Бекзат», «Отырар», «Бірлік», «Шауғар» секторларында халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, бұған дейінгі кездесулерде айтылған жайлар мен өтініш, шағымдардың орындалуына тоқталды. Біз өзіміз куә болған төрт қақпалы Түркістандағы төртінші тоқсанның аяқталуына орай, төрт сектордағы кездесулерге тереңірек тоқталғанды жөн көрдік.

«ОТЫРАРҒА» ЖЕТКЕН СЫЙ

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің «Отырар» шағын ауданы тұрғындарымен жыл басынан бергі кездесулерінде жалпы 127 мәселе көтерілген болатын. Оның ішінде, 62-сі орындалды. Өтініштер мен шағымдардың дені жол салу, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, абаттандыру, тазалық жайына байланысты болып отыр. Тұрғындарға 59 мәселенің заңдылығы түсіндірілді.

Қазіргі таңда «Отырар» секторының аумағы 3,4 мың гектарды құрайды. 50750 тұрғыны бар. Алдағы уақытта қала аумағында он бір мектептің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде «Отырар» секторында екі мың орындық үш мектеп салу көзделуде. Биыл «Отырар» секторында бір нысанның құрылысы аяқталып, екі мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілсе, екі мың абонентті қамтитын бір нысанның құрылысы жүргізілуде. Жұртшылықтың өтініші негізінде сектор аумағына сегіз трансформатор орнатылды.

Тұрғындар тарапынан Шәді ақын көшесінде ауыз су қысымы төмендігі туралы шағымдар түскен болатын. Қазыбек би мен Б.Саттарханов даңғылы арасындағы тұрғын үй массивінің ауыз су қысымын көтеру мақсатында қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Отырар» секторында Яссы көшесі бойынан желілік саябақ құрылысы, «Сырдария», «Арман» тұрғын үй кешенін абаттандыру, Әкімшілік-іскерлік орталығы 7 және 30 көше бойындағы саябақ құрылысы, «Парасат» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Кездесуге келген азаматтар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өзге де өтініштерін ортаға салды. Шаһар басшысы көтерілген мәселелердің заң аясында жоспарлы жүзеге асатынын жеткізді. Соңында қоғамдық қабылдау өткізді.

 

«ЖОЛДЫҢ АСТЫНЫҢ» ЖАҒАСЫ ЖАЙЛАУДА

Түркістандықтар «Жолдың асты» деп атайтын автокөлік пен теміржол телімдері түйісетін тұста түйіні тарқалмаған, жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер жеткілікті. Осыған орай шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков «Бекзат» секторындағы Еділбаев атындағы мектепке арнайы атбасын бұрып, жергілікті тұрғындармен пікірлесті. Бұл «бекзаттықтармен» әкімнің төртінші жүздесуі. Бұған дейін жалпы жыл басынан бері өткен үш кездесу нәтижесінде жүзден астам мәселе көтерілген болатын. Оның 65-і орындалды. Оның барлығы да инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру мәселелеріне қатысты болып отыр. Қазіргі таңда он екі мәселе бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 24 мәселенің заңдылығы түсіндірілді.

Түркістанда көпқабатты 46 үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Көпқабатты 54 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қала әкімі әлі де жөндеуді қажет ететін 23 үй барын атап өтті.

-«Бекзат» секторында көпқабатты тұрғын үй саны он бір болса, оның 10-ы күрделі жөндеуден өтті. Бір тұрғын үйдегі жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Алдағы уақытта қала аумағында он бір мектептің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде «Бекзат» секторында 1200 орынды құрайтын бір мектеп құрылысын жүргізу көзделген.

Биыл «Бекзат» секторында бір нысанның құрылысы аяқталып, екі мыңға жуық адам сапалы электр қуа-тымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, тұрғындар-дың өтініші негізінде бір трансформатор орнатылды.

«Бекзаттықтардың» ең үлкен өтініші — бұл шағын ауданның аумағындағы жолдардың тозығы жетуіне қатысты. Кеңес Одағы кезінде ғана жөндеу көрген жолдардың ой шұқыры көп. Жаңадан жөнделгендерінің сапасы сын көтермейді. Жамау-жамау жолдарды жүгі ауыр автокөліктер ойдым-ойдым етіп тастаған. «Бекзат» секторында 118 көше болса, оның ішінде 20 көшеге ғана асфальт жол төселген. 83 көшеде тас жол, 15 көшеде топырақ жол бар. Оның өзі де жаздың ыстығында топырағы бұрқырап, шаңы аспанға шығып жатса, көктем мен күзде лай-батпаққа айналады.

Ағымдағы жылы әупіріммен 8,6 шақырым құрайтын он алты көшеге тас төселді. Жеті шақырымдай құрайтын үш көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді.

Көптен бері тұрғындардың айтып келе жатқан өзекті жайы жақын арада шешілмек. Ол теміржолдан кесе өтуінің мәселесі. Әкімнің айтуынша, келесі жылға екі нысанның құрылысы жоспарлануда. Көпшілік халықтың сұранысына орай, осы темір жол аумағындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы екі көпірінің құрылысын 2023 жылы бастап, жыл аяғына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Ә.Жангелдин көшесіндегі құрылыс жұмыстарын да келесі жылы аяқтау қарастырылды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы кездесу барысында тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сектор тұрғындарының саяси науқандарға ұйымшылдықпен қатысып, азаматтық міндеттерін жүзеге асырып, референдум мен кезектен тыс президенттік сайлауға белсенді қатысқандары үшін алғысын жеткізді.

 

БІРЛІГІ БЕКЕМ «БІРЛІКТІҢ» ІСІ ДЕ БЕРЕКЕЛІ

Алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындармен кезекті кездесуін «Бірлік» секторында жалғастырды. Жыл басынан бері бұл секторда үш рет кездесу өтіп, 93 мәселе көтерілген болатын. Оның 46 орындалды. Тоғыз мәселе бойынша жұмыстар жоспарлы жүргізілуде. Он төрт мәселенің заңдылығы түсіндірілді. Кездесулерде «Бірлік» секторында электр қуатының төмендігі бойынша алты шағым түскен болатын. Нәтижесінде, Арнасайға үш дана, Ару ана аймағына бір дана, 8-көшеге бір дана трансформатор орнатылды. Сонымен қатар жаңадан қоныстанған аумақтарға ауыз су жүргізу мақсатында жаңа жоба іске асырылуда.

«Бірлік» секторында 167,3 шақырым құрайтын 164 көше болса, оның ішінде 17 көше асфальт жол, 130 көше тас жол, 17 көше топырақ жол болып табылады. Ағымдағы жылы 16,5 шақырым құрайтын 26 көшеге тас төселді. 16,7 шақырым құрайтын он бір көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді. Сондай-ақ, 3,4 шақырым құрайтын үш көшені орташа жөндеуден өткізу көзделуде.

«Бірлік» секторының тұрғындары бірқатар мәселелердің шешімін тапқанына ризашылықтарын білдірді. Оған қоса, «Бірлік» тұрғын алабына қарасты аумақта жұртшылықтың сұранысына орай, қоғамдық көлік қатынайтын көшелерге сегіз дана аялдама орнату жоспарлануда. Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндаған шаһар басшысы тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер зерделеніп, заңға сәйкес, жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.

 

«ШАУҒАРЛЫҚТАР» ШАҒЫМЫ ШЕШІЛУДЕ

Жалпы жыл басынан бері «Шауғар» секторында қала әкімінің тұрғындармен өткізген үш кездесуі барысында жүзге жуық мәселе көтерілген болатын. Оның ішінде 46 өзекті мәселе шешімін тауып, дер кезінде орындалды. Тұрғындар шағымдарының он екісі инфрақұрылым мәселесіне қатысты, 25-і жолдың жайсыздығы, төртеуі қоғамдық көлік қозғалысы туралы болды. Тоғыз мәселе бойынша жұмыстар жоспарлы жүргізілуде. Он төрт мәселе бойынша өтініштің заңдылығы түсіндірілді.

Әкіммен кездесуде тұрғындардың көтерген мәселелерінің дені жолдың сапасына қатысты болды. Қазіргі таңда Шауғар секторында 177 көше бар. Оның ішінде 67 көшесінде асфальт жол салынған. 91 көшеде тас жол болса, 19 көшеде тек топырақ жол ғана бар. Тұрғындар сұранысына байланысты ағымдағы жылы 30,8 шақырым құрайтын 30 көшеге тас төселіп, 20,5 шақырым құрайтын 19 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді. Бұған дейінгі қала әкімімен кездесулерде жергілікті тұрғындар аялдамаларда пана болатын қалқа жоқтығына шағымданған болатын. Осыған байланысты «Шауғар» секторы аумағында 20 аялдама орнатылды. Қозғалысы көп тұстарға екі бағдаршам жаңартылды. Бұл жөнінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Шауғар» секторының тұрғындарымен кездесу барысында баяндады. Көпшілік қауым қала әкімінің жігерлі жұмысына жоғары баға берді.

Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply