Ферғаналықтар Түркістанға инвестиция құюға әзір

0
47
Ферғана облысы әкімінің орынбасары Хуршиджон Ахмедов бастаған өзбекстандық делегация арнайы  іссапармен Түркістанға келді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжехан-ұлы өзбекстандық делегацияны күтіп алып, түркі елдерінің басын қосатын «TURAN» АЭА-ның артықшылығы мен мүмкіншіліктерін таныстырды. Инвесторлардың жоба-жоспарларын тыңдады.
Өзбекстан Республикасы бойынша тоқыма кластерінің 40 пайызы Ферғана облысы еншісінде. Өзбекстандық инвестор, «Tricolor Textile» компаниясының директоры Бахтиёр Садиков өңірімізден текстиль кластері бойынша фабрика ашуға, 10 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға ниетті екенін жеткізді.
Ол үшін шиттен дайын өнімге дейінгі кластерді дамытуға жер сұрады.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласына 20 млн. АҚШ долларын құюға дайын екенін ескертті. Ол ірі қара мал бордақылап, түркістандық кәсіпкермен өзара келісім арқылы бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Ферғана облысы әкімінің орынбасары Хуршиджон Ахмедов «Түркістан – Ферғана» бағытында әуе тасымалын ашуды ұсынып, ол екі облыстың туристеріне керемет мүмкіншілік сыйлайтынын жеткізді. «Өзбекстан елінде өтетін бизнес форум аясында түркістандық инвесторларды өз елімізде күтеміз, әрі жаңа жобаларды талқылауға дайынбыз» деді ол.
Айта кетейік, жақында облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Абдразақова бастаған делегация Өзбекстанға арнайы іссапармен барып, мақта кластері бойынша бірқатар компаниялармен келіссөздер жүргізген болатын.

Leave a reply