ХҚКО бөлімшесі жаңа форматта жұмыс істейді

0
48

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің «Бекзат» шағынауданының тұрғындарымен кездесуінде тұрғындар сектор аумағынан Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу бойынша мәселе көтерген болатын. Осы мәселеге қатысты қала әкімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Түркістан облыстық филиалының директоры Бахыт Басымбекке ұсыныс жолдап, ел тілегін жүзеге асыру үшін қолдау білдіруге шақырды.

Ынтымақты тірліктің нәтижесінде бүгін үш бірдей сектор тұрғындарына қолайлы жерде жаңа форматтағы цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Аталған нысан Төлеби көшесінде орналасқан. Цифрлық ХҚКО-да енді «Шауғар», «Бекзат», «Сауран» ша-ғынаудандарының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігін иеленді.

– Цифрлық ХҚКО-да қызмет көрсететін операторлар болмайды. Әрбір азамат жоғары технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйренеді. Себебі, осы жерге келу арқылы азаматтар қызметтерді қалай алудың оңай екенін көріп, болашақта бұл жерге келмей үйінде не басқа жерде жүріп қызметтерді ала алады, – деді басқарма аппаратының басшысы Қуандық Қуатов.

Бұл – заманауи үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі. Мұнда азаматтар арнайы стенд-павильондарда орналасқан қоғамдық қолжетімді пункттер, «ConnectionPoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының және планшеттердің көмегімен электрондық өтінімдерді өз бетінше тапсыра алады. Келушілер оператордың көмегінсіз өздеріне қажет кез келген құжатты ресімдеп, цифрлық сауаттылық дағдыларын шыңдай алады. Сонымен қатар орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы шақыру батырмасы және жеке терезе жұмыс істейді. Балалары бар келушілерге ана мен бала бөлмесі де қарастырылған.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған