ШАҺАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

0
43

Облыс орталығында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар бір сәтке де толастап жатқан жоқ. Соның ішінде шаһардағы инфрақұрылым жүйелерінің кем-кетігін заман талабына сәйкестендіру ісі қарқынды жүргізілуде десек артық айтқандық болмас.

Сөзіміздің дәлелі ретінде апта сайын өңір басшысы Дархан Сатыбалды аталған сала бойынша тиісті нысандарды аралап, ондағы жұмыс барысымен танысуды әдетке айналдырған. Осындай кезекті сапар осы аптада тағы да жалғасын тапты.

Атап айтсақ, Түркістанда 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір салынады.

Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған құрылыс алаңдарын аралап, қаланың маңызды әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымы-ның дайындығына баға берді. Құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Жұмыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Сонымен бірге, облыс әкімі шаһардағы бірнеше жолдардың құрылысын пысықтады.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр.

Түркістандағы құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі шаһарды сумен қамтитын «Түркістан-Су» мекемесінің жай-күйімен танысты. Мамандардың айтуынша, 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимаратының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөндеуді қажет етеді.

Бұл Түркістан қаласының 40 мыңға жуық тұрғыны мен 629 әлеуметтік нысандарға 24 сағат тоқтаусыз таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдардан бері салынған су құбырлары бюджет есебінен алмастырылып жатыр. 10 сарқынды су насос станциялары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа насос және желдеткіш қондырғыларымен қамтамасыз етілуі қажет.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласы ауыз сумен толық Кентау-Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-су» МКК-нан қамтамасыз етіліп отыр.

Бұдан бөлек, қаладағы тағы бір мәселеге тоқсалсақ па дейміз. Бұл да облыс әкімінің назарындағы жағдай дегіміз келгені ғой. Қазіргі таңда, қаламыздағы білім нысандарының бірқатары қайта жаңғыртуды қажет етеді. Рас, Түркістан қаласында жыл өткен сайын білім нысандарының саны арта түсуде. Әсіресе жеке кәсіпкерлер есебінен бой көтерген мектептер шаһардағы мектеп сыйымдылығы тұрғысында туындаған мәселелерді шешуге сеп болуда. Десе де қаланың кей аймақтарында жеке мектеп-балабақшаларға сұраныс аз болғандықтан ба, мемлекеттік білім мекемелері тұрғындардың қажеттілігін өтеп отыр. Бірақ, бұл бағытта сапалы білім беруде көнерген мектептердің әлеуеті төмен болып тұр. Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір екені анық. Өңірде мың мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сол білім ұяларының 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Түркістан қаласының аумағында 42 мың оқушыны қамтитын 34 мектеп бар. 7 мектеп ескірген.

Осы мәселелерді басшылыққа алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды №7 С.Ерубаев мектеп-интернатының жай-күйімен танысты. Күрделі жөндеуді қажет ететін 500 орындық мектеп 1976 жылы салынған. Білім ұясының 420 орындық жатақханасы бар. 2000 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Мектептің ішкі сылағы түсіп, инженерлік жүйелері тозған.

Өңірдегі білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізу уақыт күттірмейтін іс. Ол үшін қомақты қаражат керек. Облыс басшысы сала мамандарының жауаптарын тыңдап, оларға проблемалық мектептер туралы барлық ақпаратты ұсынуды тапсырды.

— Балаларымызға қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Өңірдегі тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеріп, қысқа мерзімде ұсыныс беруді тапсырамын, — деді Дархан Сатыбалды.

Күрделі жөндеуді қажет ететін әлеу-меттік нысандар арасында балабақшалар да бар. Солардың қатарында облыс әкімі «Айгөлек» балабақшасының жай-күйімен танысты. Ескі ғимарат соңғы 15 жылдан бері жөндеу көрмеген. Бақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жөнінде да тиісті тапсырмалар беріліп, балабақша-ның жөндеуден өтуі тиіс екендігі айтылды.

Leave a reply