Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттілігі

0
53

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында президенттік өкілеттіктерге қатысты президенттің өз өкілеттіктерін атқаруы кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтату, президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары басшысы лауазымын атқаруына тыйым салу, президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастау, аудан, облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құқығын жою көрсетілген. Сонымен қатар, партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігуіне жол берілмейтініні. Ол үшін Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті, Конституциялық кеңес төрағалары мен мүшелері міндетті түрде партия қатарынан шығады. Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салыды.

«Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл — дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.  Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн.  Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет.  Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз.  Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн. Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім.  Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсынып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді. Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын», деді Президент.

Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді.    Оның үстіне, қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек. Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан ары демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.

«Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн.  Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды.  Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек. Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл — саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын. Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанға қарағанда халқы аз мемлекеттер жеткілікті. Соған қарамастан, бұл елдер қос палаталы парламент жасақтаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада да осындай тәжірибе бар. Ал, біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн.     Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет», деді.

Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет.

«Осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі. Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн.   Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл — өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі күшті парламенттік мәдениеті және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған», деді.

Саяси жаңғырудың басты мақсаты — азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды.

«Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір  жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде  барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.     Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам — партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.     Императивті мандатқа көшу де  депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл — халық қалаулыларына ықпал етудің  тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі деп сенемін», деді Президент.

Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек.

«Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге — 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады. Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін  тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге, коронавирус індеті де әсер етуде. Көптеген елдер  дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни, электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн.  Байланыс технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ, әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын. Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады. Демократия тарихы дегеніміз — ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын.  Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да  маңызды рөл атқарады. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгені  белгілі. Осыған байланысты сайлау науқаны  бүкіл еліміз бойынша үздіксіз үдеріске айналды. Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін  қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз  бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау  барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез-келген сайлау — біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ, бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды», деді Президент.

Қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің қандай да бір араласуына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек.

 

Leave a reply