ҚАЗАҚ ТІЛІ КӨРІНГЕННІҢ ҚОЛЖАУЛЫҒЫ ЕМЕС

0
61

 

Елімізде тіл мәселесі Тәуелсіздік алған күннен бастап өзектілігін жойған жоқ. Оған байланысты жауапты салалармен қатар жекелеген азаматтар барын салып қызмет етіп келеді. Дегенмен атқарылған істердің нәтижесіне көптің көңілі толмай отырғанын ашық айтуымыз қажет. Әсіресе дархан даламыздың орталығы мен солтүстік аймақтарында ұлттың қазынасы — тілге қатысты айтар сөз, атқарар тірлік шашетектен. Бұл өңірлермен оңтүстіктегі Түркістан облысының жағдайын салыстырсаңыз көңілге медеу етер жайттар бар болғанымен тоқмейілсуге әсте ерте.

Себебі, облыс орталығында икемге келе бермейтін сыртқы көрнекі құралдарда кездесетін шұбарланған жазбалар және өзге тілдегі қисынсыз сөздер аз кездеспейді.

Міне, осы мәселерді жүйелі жолға қоюды көздеген Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі шаһардағы тіл жанашырларының басын қосып, арнайы жұмысшы тобын құрып отыр.

Осыған байланысты сәрсенбі күні Түркістан қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Түркістан қаласы бойынша жарнамалар мен ақпараттардың ҚР «Тіл туралы» заңының аясында атқарылатын жұмыстарына қатысты мәжіліс өтті. Жұмысшы топ құрамының мүшелері мен сектор меңгерушілері қатысқан жиында тіл төңірегендегі мәселелер талқыланып, аталмыш топтың жұмыс жүйесі пысықталды.

Алдағы уақытта Түркістан қаласындағы сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты, жарнама тілін реттеу және жүйелеу бойынша арнайы жұмысшы топ жоспарға сәйкес бірнеше нысандарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болады. Бұл ретте жауапты азаматтардың тіл заңына қайшы келетін әрекеттерін қалпына келтіру шаралары ұсынылып, оның нәтижесі бойынша заң шеңберінде шешім қабылданатын болады.

Осылайша жұмысшы топ қаладағы сыртқы жарнамаларды, хабарландырулар мен аялдамаларда мемлекеттік тілде қолдануын бір жүйеге келтіру бойынша айына 2 рет қаладағы сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты, жарнама тілін реттеу және жүйелеу бойынша зерделеу үшін жолға шығады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі ақпарат құралдарының бетінде тұрақты түрде жарияланып тұратын болады. Сондықтан ұлттың ұстыны – ана тілімізге қатысты мәселелерге немқұрайлылық танытып, жүзіңіз төмен қарап тұрмасын қамдаңыз, ағайын!

Leave a reply