«Қазығұрт- менің елім-ай» атты ән байқауы өтті

0
38
Қазығұрт аудандық орталық Мәдениет үйінде Қазақстанның мәдениет қызметкері, Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы», әнші, сазгер Райымқұл Темірбаевтың 75 жылдығына арналған және авторлық, ел аузынан жинақтаған әндерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында «Қазығұрт- менің елім-ай» атты облыстық ән байқауы болып өтті.
Байқауға Шымкент қаласынан және өңіріміздің бірнеше аудан, қалаларынан жалпы саны 15 үміткер қатысты. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Қазығұрт ауданынан Байтұрсынов Нұрхан, І-орын Ордабасы ауданынан «Дарын» квартеті, ІІ-орын Шымкент қаласынан Әшірбек Жандос, ІІІ-орын Сауран ауданынан Тулемисов Нұрсұлтан және Шардара ауданынан Құралбаев Абзал иемденді. Түркістан облысы басқарма басшысының арнайы жүлдесімен Сарыағаш ауданынан Бұхарбаев Нұрлыбек, Қазығұрт ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Қазығұрт ауданынан Тұрғынбек Бекзат, «Үздік әнші» номинациясымен Төлеби ауданынан Ағабек Бақдаулет және Қасенов Қуат марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен дипломдар табысталды.
Атаулы ән байқауына аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы барып, келген қонақтар мен көрермендерге Райымқұл Темірбаевтың өнегелі өмірі жайлы, еліміз абыройын көтерген еңбектері жайлы айтып, құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Еске сала кетсек, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары, М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында жантану пәнінен ұстаздық қызмет атқарып жүрген кезім еді. Жадыраған жаймашуақ әдемі күндердің бірінде қатарымызға Райымқұл келіп қосылды. Жаратылысынан қиялшыл, әзілқой, әр әңгімесі бір тақырып болатын Рекең ортамызға еркін келіп, тез сіңіп кетті. Қашан көрсең жарасымды киініп жүретін ақкөңіл жігіттің бойынан сенім мен адалдық байқалатын. Ол бүкіл ұжымға сыйлы, қадірлі болды. Кішіпейіл, аңқылдақ азаматтың қасында сәл уақыт отырудың өзі бір ғанибет, ал, оның салиқалы әңгімесі әуелі күлдіріп, артынан ойландырып тастайтын. Бала күнінен данагөй қариялардың телегей теңіз өсиетін тыңдап өскен қарапайым ғана ауыл баласының санасы өзгелерден қозыкөш озық тұратын.
Ол қазақ руханиятының жанашыры, мәдениеттің майталманы, өнерді өрге көтерген дарабозы болды. Ел арасынан мыңға жуық көне жәдігерді тірнектеп жинап, алғаш рет Қазығұрт өңірінен Өлкетану музейін ашты.  Өзі осы мекемені он жылға жуық басқарып тұрған кезінде тарихи жәдігерлердің санын үш мыңнан асырып, жеке кітапханасынан 500 кітапты музейге сыйға тартты. Жорға мен дорбаның беделі артып, ұлттық құндылықтың қадірі қашқан сол замандағы Райымқұлдың тірлігі қазақ ұлтының көне тартқан көңіл байлығын толтырудың тұяқ серпер әрекеті іспетті еді.

Райымқұл жасынан-ақ өнерге бейім болыпты. Әкесі Өмірқұл мал дәрігері, анасы Ұлдар үй шаруасындағы жан екен. Әйтсе де, ауылдың ауасымен тыныстап, кең даланың таусылмас сабағын алған осынау қарапайым жандарға Табиғат-ана ерекше талант сыйлапты. Сол қасиетті кісілердің дарынын бойына сіңірген Райымқұл дулы ортада домбыра, гармон тартып, әндетіп, қай кезде де айналасын думанға бөлейтін. «Маған өнер анамның сүті мен әкемнің тәрбиесінен ауысты» деп отырушы еді. Әйтсе де, ол заманда диплом деп аталатын қатырма қағаз табиғи дарынның алдын орап тұратын. Бәлкім, сол үшін де болар, Райымқұл Шымкент қаласындағы музыка училищесін, сосын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алды.

Табиғи талант шатырдан тамған тамшыдай болып тасты да теседі. Дарыны тыным бермеген Темірбаев туған бауырлары Нышан, Бегім, Сейдуалы, Момын, Керім, Бейтөре, Айнаш, Құндызай, Ақбөпенің  басын қосып Темірбаевтар отбасылық ансамблін құрды. Әуелі ауылға, ауданға, облысқа танылып, сосын бірте-бірте шарықтап, халықаралық деңгейге көтерілген бұл ансамбль Темірбаевтар отбасының ғана емес, тұтас қазақ ұлтының мақтанышына айналды. Олар халық арасында ұмыт болып бара жатқан көне әндерді жинап, өңдеп, бояуын жаңғыртып, тыңдарманына ұсынып отырды. Сол дәуірде  «Ақ толғай», «Қоғалы-ай», «Қара торғай», «Айқаракөз», «Күліп ойна, гүлдей жайна» сияқты көптеген әндермен халық сағына қауышып жатты. Алғашқы концертін туған жері Рабат ауылынан бастаған ансамбль Шымкент, Алматы қалаларында, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде өнер көрсетті. 1985-1989 жылдары Болгарияда өнер көрсетіп, Мәскеудің Съездер сарайында ән салып, Әміре Қашаубаевтың ізімен Еуропаның мәдени ортасы Франциядан бір-ақ шықты. Күллі әлем қазақ әндерінің тамаша әуенімен ырғалып, әсем сазына бас иіп жатты. Сол бір жұлдызды жылдары бүкіл облыс, республика Темірбаевтар ансамблі туралы толғана айтылған сырлы сөздермен тербеліп тұрды. «Халық ансамблі» атағын  иеленіп, олар туралы бірнеше телефильм түсіріліп, республикаға тарады. Сала басшыларының ұйғарымымен ансамбльдің 20 жылдық мерейтойы ауданда, 25 жылдығы облыс орталығында кеінен аталып өтілді.

Райымқұлдың ұлт мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегін бір мақалада айтып шығу мүмкін емес. Ол Әл-Фараби атындағы мәдениет институтында ұстаздық етіп жүріп, Оңүстіктің 300-ге жуық көне әнін жинап, өңдеп, «Қазығұрт әуендері», «Оңтүстік әуендері», «Туған ел мақамдары» атты кітаптар шығарды. Жиырма беске жуық ғылыми еңбектер жазды. Сазгер шеберлігімен көне халықтық әуендерді жеке дауысқа, дуэт, трио, квартет етіп сахнаға шығарды. Заманауи электронды аспаптарға түсіріп, оранжировкалар жасады. Өзі сөзін жазып, әнін шығарған «Халық қасиеті», «Қазақ елі», «Елдігімнің мәні қайсы?», «Ойлан, қазақ», «Шәмші туралы ой» атты шығармалары ел арасына кеңінен тарады. Мұқағали Мақатаев, Тынышбай Рахымов, Тастанбек Бердіқұловтың өлеңдеріне де ән жазды.

Қазығұрт ауданындағы музыка мектебінде басшылық етіп жүрген кезінде сегіз ауылдан музыка мектебін ашты. Әттеген-айы сол, Райымқұлдың бұл еңбегін тоқырау жылдары жұтып кетті, сол бір алмағайып заманда Райымқұлдың бел шешпей жүріп ашқан мектептері жабылып қалды.

Райымқұл саналы ғұмырында Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Кейінірек ансамбльдің жезтаңдай әншісі Қатира Бекмұратова екеуі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған облыстық «Қайран ерлер, қаһарман  ардагерлер» атты ардагер әншілер фестивалінде бас жүлдеге ие болды.  Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы, облысқа еңбегі сіңген қайраткер, «Оңтүстіктің үздік композиторы», атақтарын алды. ТМД энциклопедиясының «Лучшие люди» бөлімі мен Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов аллеясындағы «Жұлдызды тас» тақтасына есімі жазылды.

Кез келген уақытта хас таланттың тас жаратынын ескерсек, Райымқұл Темірбаевтың туған ауданына, облысымызға сіңірген еңбегін халық  әлдеқашан мойындаған.

Leave a reply