Қайтарымсыз несиенің арқасында қырғауыл бағуға кіріскен

0
56
Кәсіп қыламын деген адамға шаруаның түрі көп. Мәселен, құс өнімдеріне деген сұраныстың бәсеңсіген кезі жоқ. Бүгінде адал нәсібін осы кәсіптен тауып жүрген жандардың бірі – Гүлдана Жарылқадиева.
Гүлдана 1995 жылы дүниеге келген. Арыс қаласындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте білім алып, Шымкент политехникалық колледжін қызыл дипломмен тәмамдаған. Гүлдана 2016 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, білімін одан әрі жалғастырады.
2017 жылы Ордабасы ауданындағы Көлтоған ауылына келін болып түседі. 2021 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы білімін жетілдіріп, бизнес жоспарын сәтті қорғап, сертификат алады. Биыл 1 млн. 225 мың 200 теңге қайтарымсыз грант алып, инкубатордың генераторы мен брудер және 300 дана жұмыртқа сатып алыпты. Былтырдан бері қырғауыл өсіріп, оны көбейткен кәсіпкер келіншек құстың бұл түрінен пайданың аз еместігін айтады.
– Бастапқыда күйеуіміз екеуміз басқа да құс түрлерін өсіріп көрсек деп ойлайтынбыз. Өңірде сирек кездесетін кәсіппен айналысқымыз келетін. Қырғауыл ерекше әрі өте әдемі құс. Бірде қайын атам қырғауылдың жұмыртқасын алып келді, ал, біз оны инкубаторға салып, шығарып көрдік. Осылайша қызығушылық пайда болып, осы кәсіпті бастап кеттік, – дейді ол.
Зиянкес жәндіктер мен шыбын-шіркейлерді қорек ететін қырғауылдың қоршаған ортаға тигізер пайдасы орасан. Сондай-ақ, халқымыз қырғауылды тоқшылықтың, берекенің белгісі деп білген. Көнекөздер қыстың қатты немесе жайлы болатынын оның салған жұмыртқа санына қарап та білетін болған. Сонымен қатар, қырғауыл еті ішкі ағзаларды қуаттандырып, әлсіреген жүйке жүйесіне шипа болады екен.
Қырғауылдың қанат бояулары арқылы ерекшеленетін 30-ға жуық түрі бар. Қырғауылдың еті тауықтың етіне ұқсас болғанымен, біріншіден, ол өте дәмді келеді. Құрамындағы 13 түрлі дәрумен адам ағзасына қажет барлық минералды заттарды бере алады. Қырғауыл негізінен сәуір, мамыр айларында 21-27 күнде балапан басып шығарады.
Гүлдана Жарылқадиева қырғауылдарды үй ауласындағы торлы қорада ұстайды. Індетке ұшырамас үшін қораны дер кезінде дәрілеп отырады.
– Қырғауылдың мендегі тұқымы – аңшылық. Ол басқа қырғауылдарға қарағанда етті болады. Аталығының салмағы 1,8 келіге дейін барады. Күтімді аса қажет етпейді. Қыс бойы далада вольерде тұрады. Бидайды түрлі дәрумендермен араластырып береміз. Тамағы дұрыс болса тез жетіледі. Әрі жылына 50-ге жуық жұмыртқа салады. Бүгінде қолымда қырғауылдың 21 мекиені мен 8 қоразы бар, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер алдағы уақытта қырғауылды аңшылық шаруашылығымен айналысатындарға сатып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. «Қай істе болмасын ең қиыны бастау ғой. Арманымды жүзеге асыруға, жаңа кәсіп бастауға қолдау көрсеткен отбасыма ризашылығым шексіз. Олардың сенімі, қолдауы маған күш береді» дейді ол.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған