Әлеуметтік дүкендерің ахуалы қандай?

0
49

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша кеңес өткізген-ді.

Кеңесте Үкімет басшысы: «… Бағаның неге өсіп жатқанын анықтау керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді сұраймын», деген болатын.

Үкімет тапсырмасына орай азық-түлік бағасын тұрақтандыруға жергілікті билік тарапынан түрлі шаралар атқарылуда. Солардың бірі: жәрмеңкелер өткізіп халықты арзан азық-түлікпен қамту болса, енді бірқатары Тұрақтандыру қоры арқылы жүзеге асуда. Түркістан қаласындағы «ЭКО базар» аумағында әр аптаның жұма-сенбі күндері ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесінің өткізіліп жатқаны осының айғағы. Апта сайын аудандардан ауыл шаруашылық өнімдері келіп, базардағы бағадан 10-15% төмен бағада сатылуда. Сонымен қатар, Тұрақтандыру қоры тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары да жәрмеңкеде сатылып жүр. Біз осы ретте «Түркістан» ӘКК Тұрақтандыру қорының басшысы Лаура Жанасбаевамен сөйлескен едік.

–Жалпы, бағаны нарық, базар белгілейді. Соған қарамастан, біз жұмыс істеп жатырмыз. Үкіметтің күн тәртібінен түспей тұрған бұл мәселе облыста да қаралады. Әкімдікте апта сайын селекторлық мәжіліс өткізіліп 19 түрлі тауар бағасын (оның ішінде 6 өнім таңдалған) бағаны тұрақтандыру бойынша тапсырма беріледі. Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүріп жатыр және мәслихаттың тұрақты бақылауында болады. Біз кәсіпкерлерге айналым схемасы есебінен қарыз беру арқылы бағаны тұрақтандыруға ықпал етеміз. Қор өткен жылы айналым схемасы бойынша берілген 640 млн теңге қаражатпен жұмыс істеген. Айналым схемасы есебінен тұрақтандыруға берілген қаражат облысты қамтуға жеткіліксіз болғандықтан, белгілі бір есеп жасалды. Осы есеп бойынша 190 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан қаласының 1 айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджеттен қаржы сұралған болатын жыл басында. 2022 жылдың мамыр айындағы облыстық Мәслихат сессиясында қаралып 1 млрд теңге қаржы бөлу туралы шешім шыққан. Аталған қаражат ӘКК-ның есеп шотына маусым-шілде айларында түсті. Бұл қаражатты бірқатар маңызды азық-түлік өнімдерін тұрақтандыруға: нақты айтқанда нарықта бағасы шарықтап кеткен қант бағасын тұрақтандыруға жұмсадық. Яғни, айналым схемасы бойынша көтерме сауда ұйымы «Алға компани» ЖШС-не 214,2 млн теңге көлемінде қарыз берілді. Соның нәтижесінде өңірде қант тапшылығын болдырмау үшін көптеген дүкендерге тонналап қант жеткізіліп, жәрмеңкелерде сатылып, бүгінде қант бағасы біршама тұрақтанды. Қазір қант бағасы 420 теңгеден сатылуда. Одан кейін осы айналым схемасымен екінші займды біз «Әбеке» шаруа қожалығына 13,8 млн теңге көлемінде жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру үшін бердік. Қазіргі нарықта жұмыртқаның данасы – 55-62 теңге аралығында болса, біздің әлеуметтік дүкендерде 37 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, шаруа қожалығына көкініс өнімдерін: (картоп, қырыққабат, басты пияз, сәбіз) арзандату үшін 230 млн қаражат берілді. Бұлардың да бағасы нарықтан әлдеқайда төмен сатылуда. Картоптың килосы нарықта 140-150, сәбіз 180-200 т болса, әлеуметтік дүкендерде 110 теңгенден, пияз 75, қырыққабат 70 теңгеден сатылуда. Шаруа қожалығы алған қарызы есебінен нарықтан төмен бағада сатып отыру міндеттемесін алған. Басқа да тауар өндірушілерге қарыздар беру арқылы бағаны тұрақтандыруға қадамдар жасалып жатыр. Осы уақытқа дейін біздің тәжірибемізде сиыр етін өндірушіге қарыз беру болмаған. Қазіргі таңда осы мәселе қарастырылуда, және де сүт өнімдерін жеткізушілерге қарыздар берілетін болады. Облыс көлеміндегі бүкіл тауар өндірушілерге хаттар жолданып, займ алуға ұсыныс жазылған болатын. Бұл бойынша тілек білдіруші кәсіпкерлердің құжаттары дайындалып, алдағы уақытта қарыз беру көлемі ұлғайтылмақ. Сонымен қатар, бізге Үкімет тапсырмасына сәйкес қант зауытын қаржыландыру мәселесі тапсырылды Ол үшін келесі жылдың бюджетінен 2,9 млрд қаржы қарастырылмақ.

Түркістан қаласында көлемі 50 шаршы метрлік 13 әлеуметтік дүкен бар. Осы дүкендерде Тұрақтандыру қоры арқылы нарықтан 10-15 пайыз арзан бағада 19 түрлі азықтың түрі сатылады. Қор басшысымен көктемде сөйлескенімізде дүкендердің облыс орталығы үшін аздық ететінін, алдағы уақытта олардың санын көбейту қадамдары жасалатынын айтқан болатын. Біз дүкендер санын арттыру жайын қайта қозғап, Лаура Сақтағанқызынан нақтылыған едік.

«Дүкендерге келсек, қалада бұған дейін 13 әлеуметтік дүкен болса, қала әкімінің ұсынуымен олардың саны 50-ге жеткізу жоспарда тұр. Күні бүгінге дейін 10 әлеуметтік дүкеннің мем актісі қолымызға тиді. Олардың әрқайсысы 50 шаршы метрді құрайды. Әрмен қарай жеке кәсіпкер дүкенді өз қаражатына тұрғызып, осы әлеуметтік маңызы бар тауарларды арзан бағада сатуды міндетіне алатын болады. Ол үшін біз жерді ұзақ мерзімге жалға беру арқылы кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырып, конкурсқа қатысуға шақырып жатырмыз. Қалған 13 жердің (дүкен алаңының) құжаттары енді алынады, жерге орналастыру жобасы, т.б. құжаттарын рәсімдеу процедуралары жүріп жатыр. Келесі жылы қалған 28 дүкеннің жер телімін белгілеп, дүкендер санын 50-ге жеткізу басты межеміз болып тұр. Сондай-ақ, Кентау қаласынан әлеуметтік дүкендер ашу үшін әрқайсысы 100 шаршы метрден 10 жер телімі белгіленіп берілді. Олар да жеке кәсіпкердің есебінен салынып, ұзақ мерзімге жалға беру арқылы бағаны тұрақтандыруға қызмет ететін болады», дейді.

Аты дардай қордың әл-әзір өз қоймасы салынған жоқ. Жеке кәсіпкерден жалға алу арқылы пайдаланып келеді. Қойма жайын да қозғап едік: «Қойманы әлі де жалдау арқылы пайдаланып отырмыз. Қордың өз қоймасы жоқ екені рас. Жеке кәсіпкердің есебінен қойма салу үшін 5 гектар жер телімі берілген болатын. Қазіргі таңда кәсіпкермен бірлескен жоба қойманы салу жұмыстары басталды», дейді Лаура Сақтағанқызы.

Азық бағасы, оны аз да болса ауыздықтау жайы қалай болмақ? Жыл басы, оның әр жағында ақпан-тоқпан, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» тұсы ұзын сары келгенде қымбатшылық бір жағынан қыспай ма? Қорда арзан азықтың көлемі қанша? — деген сауалдарымызға Қор басшысының жауабы төмендегідей болды.

«Қазіргі таңда Тұрақтандыру қоры қоймасында 3440 тонна көлемде өнімдер бар. Яғни, 308 млн теңгенің: картоп, сәбіз, пияз, қант, өсімдік майы өнімдері бар. Сонымен қатар 2300 тоннасы Павлодар облысынан сатып алынған, өнім жеткізуші оны шетінен тапсырысқа сәйкес жеткізіп отырады, сондай-ақ 848 тонна сәбіз, ол да тапсырысқа сәйкес шетінен жеткізіліп, нарықтан төмен бағада сатылады. «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясынан сатып алынған 68 тонна қант бар, өсімдік майы 3,5 тонна көлемінде әлеуметтік дүкендерге таратылып, 720 теңгеден сатылуда. Алдағы уақытта бюджеттен қаржы қарастырылған жағдайда қорды жасақтап, бұдан да жетілдіруді жоспарлап отырмыз».

 

 

Leave a reply