Өңір өнеркәсібі өркендеп келеді

0
44

Жаңа бұйым көрсек қай жерден шыққанына қызығушылықпен қарайтынымыз рас. Әсіресе, көздің жауын алатындай көрікті дүниелерге «шетелдікі шығар» деген көзқарас қалыптасқанын да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, біздің елімізде де шетелдік бұйымдардан кем түспейтін сапалы да сәнді өнімдер көптеп шығарыла бастады.

Мәселен, «Аспан» белгісімен шығатын пластикалық тауарларды бүгінде кез келген сауда нүктелерінен кездестіруге болады. Жылына 15 мың тонна өнім шығарып келген зауыт таяуда заман талабына сай жаңа қондырғылармен толығып, әлеуетін тағы бес мың тоннаға арттырып отыр. «Біздің компания тауардың сапасына ерекше мән береді. Сол себепті де сұраныс артып отыр. Бүгінде біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, тауарларымызды шетелдерге де экспорттай бастадық. Яғни шығарылған өнімнің 25 пайызын көршілес елдерге сатамыз» дейді кәсіпорын басшылары.

Үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған жоба жыл өткен сайын жоспарға сай әлеуетін де арттырып келеді. Соның нәтижесінде кәсіпорын есік-терезеге керекті пластикалық профильдерді ғана емес, түрлі деңгейдегі құбырларды да шығарады.

Бүгінде 450 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған компанияның Шымкентте үш ірі сауда орталығы бар. Сонымен бірге облысымыздағы барлық аудандардан өз өкілдіктерін ашқан. Одан бөлек, өндірілген өнімді сыртқа экспорттау мақсатында бірнеше шетелдік компаниямен әріптестік келісімшарт жасасқан.

Әріптестік демекші, бұрын металл-пластикалық терезелерге арналған қосымша бөлшектер шетелден алдырылса,  енді ол өзімізде өндіріле бастады. Компания басшылары осыған қуанады. Яғни «Компания WDA» ЖШС «Даму» бағдарламасы аясында 800 миллион теңгеге жаңа қондырғылар алып, іске қосты. Нәтижесінде, жылына 10 миллион дана темірден жасалған түрлі бөлшектер тұрғындарға қолжетімді бағамен босатылатын болды. Осылайша отандық өнімнің көлемін арттырып отырған серіктестіктің тың жобасының арқасында тағы 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Міне, осылайша өңірдегі өнеркәсіп өркендеп келеді. Осы орайда өзіміздің Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем тоқтала кетейік. Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасы ұсынған мәліметке сенсек, облыстағы 300 өнеркәсіп орнында отыз мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 2020-2023 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы сомасы 324 миллиард теңгені құрайтын 29 жоба іске асырылуда. Жоба толық жүзеге асса, шамамен алты мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Аталған жобалардың бесеуі Сайрам, екеуі Мақтаарал аудандарына тиесілі болса, қалғандары Ордабасы, Келес аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында салынып жатыр. Мақтаарал ауданындағы «Tulpar Textille» серіктестігіне тиесілі тоқыма фабрикасы жылына 6600 тонна өнім өндірсе, осы аудандағы «Tulpar May» ЖШС қолға алған тазартылған май өндіру цехы жылына 2912 тонна өнім шығаруға қауқарлы. «Стандарт Ресурсис» ЖШС 1,5 миллиард теңгеге Ордабасы ауданынан көмір-химия комбинатын іске қосса, «АБН Альянс» ЖШС Кентау қаласынан пластикалық құрылыс бұйымдарын шығаратын зауыттың құрылысын бастады. Құны 600 миллион теңгелік жоба жылына 1,5 мың тонна кәріз құбырларын шығаруға қауқарлы. Келес ауданындағы «ТМстрой 21» ЖШС 520 миллион теңгеге (жылдық қуаттылығы – 15 млн. дана) күйген кірпіш шығаратын зауыт салып жатса, «Turkistan Textile» ЖШС Түркістан қаласынан тігін цехын іске қоспақ. Айына 15 мың дана киім тігетін цехтың жалпы құны – 500 миллион теңге. Келес ауданындағы «АІ ВІ-І» ЖШС қолға алған кірпіш зауытының қуаттылығы – 30 миллион дана. Бүгінде іске қосылған бұл жобаның құны 251 миллион теңгені құрайды.

Өндіріс орындарының басым бөлігі Сайрам ауданына тиесілі. Мұнда бір сүт өңдеу зауыты мен төрт бірдей асфальт-бетон, темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт іске қосылады. Жылына 15 тонна сүт өнімдерін өндіретін «AYKAN» ЖШС-нің жоба құны 390,8 миллион теңге болса, жылына 21 000 текше метр асфальт-бетон қоспаларын шығаратын «DARIA ГРУПП» ЖШС-іне қарасты зауыттың жалпы құны – 290 миллион теңге. «Elit Story M&A» ЖШС жылына 40 000 текше метр бетон және асфальт-бетон қоспаларын өндіретін (құны – 270 миллион теңге) зауыт салуды қолға алса, «Көктал Групп» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауыт салуды бастады. Жылдық қуаттылығы 20 мың тонна болатын оның құны 249 миллион теңгені құрайды. Сайрам ауданындағы «Конус и К» ЖШС да темір-бетон бұйымдарын өндіруді көздеп отыр. Бүгінде құрылысы басталып кеткен бұл зауыттың жалпы құны 200 миллион теңгені құрайды.

Жалпы, Түркістан облыс орталығына айналғалы бері мұнда құрылыс жұмыстары тіпті қыза түсті. Ал, құрылыс жұмыстары қызған өңірде түрлі темір-бетон сияқты құрылыс материалдарына сұраныс артатыны түсінікті. Яғни сұраныс артқан сайын оны қанағаттандыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Сондай-ақ, бұл өңірде халық тығыз орналасқандықтан басқа өнімдерге де сұраныс бәсеңдеген емес. Әсіресе, тамақ өнеркәсібі жыл өткен сайын заман талабына сай өркендеп келеді. Осылайша құрылыс бұйымдары да, тамақ өнеркәсібі де өркендеп келе жатқан өңірде жұмыссыздық мәселесі де оңтайлы шешіледі деген сенім бар.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған