ҚАЙТПАС-1 ШАҒЫНАУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР САЯБАҚ САЛЫНУДА

0
55

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Еліміздегі үшінші мегаполисте шымқалалықтардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Қаланың инфрақұрылымы жетілдіріліп, жолдары кеңейтіліп, басқа да жайлы өмірге қажетті жағдайлар жасалып, Жолдау жүзеге асырылуда.
Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындарының жайлы өмір сүрумен қатар жақсы демалуының да маңыздылығын түсінеді. Сондықтан қалада адамдар демалып, серуендейтін орындар көбейіп келеді. Жалпы, қала аумағында 8 саябақ бар. Бұдан өзге, «Достық» шағынауданындағы және №1 автожол бойындағы қоқыс полигонындағы жаңа саябақтың жобасына түзетулер енгізілуде.
Жылдың соңына дейін қаладағы саябақтардың қатары Қайтпас-1 шағынауданындағы бос жатқан сайда орналасатын тағы бір саябақпен толықпақ.
Болашақ саябақтың аумағында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Техника қазу жұмыстарымен бірге алаңды тегістеумен айналысуда. Жұмысшылар болса жаяу жүргіншілер жолының жиек тастарын орнатуда.
Жұмыспен қамту жол картасы аясында жұмысқа тартылғандардың қатарында сарыағаштық Ергеш Достаев та бар. Ол: «Тротуар жасап жатырмыз. Жігіттердің барлығы ауылдан. Жалақымызды уақытылы аламыз. Осында пәтер жалдап тұрамыз», деп қазіргідей қиын заманда жұмыспен қамтылып отырғанына ризашылығын білдірді.
Мердігер мекеменің өкілі: «Квадроциклдар жүретін болады, оның арнаулы өз тұрағы болады. Бұдан бөлек, саябақ аумағында 12 мың түп ағаш отырғызылады. Оны Сарыағаштағы өз питомнигімізден жеткіземіз. Ана жерде 50 кубтық скважина салып жатырмыз, суғару жүйесі болады»,-дейді.
Жоба бойынша саябақта ағаштар мен гүлдерді суғару үшін екі ұңғыма қазылуда. Жасыл желек тез жетіліп, жайқалуы үшін демалыс аумағында тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Мердігер жаңа саябақты пайдалануға ағымдағы жылы тапсырмақ. Демалыс аумағының қоршауы да дайын. Абай саябағының қоршауы реставрацияланып осында орнатылатын болды.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған