Ауыз су бойынша ауқымды тірліктер атқарылуда

0
167

Жәдігер шаһар — Түркістанның көркеюі, гүлденуі мен абаттануы оның тазалығы қай-қайсымызды болмасын бейжай қалдырмасы анық. Осы ретте, шаһар шаруашылығы, инфрақұрылымының жай-жапсары тұрғысында атап өткен жөн. Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері бірнеше кезеңге бөлініп, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Оның ішінде ауыз су – ең өзекті мәселе болып іріктелді. Сол тұстағы облыс басшылығы, қала басшысы ерекше ден қойып күн тәртібінде бірінші кезекке қойды. Бірінші кезекте тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі, одан кейін қаланың микроклиматын жақсарту мақсатында қаланы көгалдандыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша бірнеше жиындар өтіп шешімдер қабылданды. Сол шешімдердің негізінде қаланың Бас жоспары бекітілген болатын. Бас жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылды, әлі де жалғасып келеді. Жалпы, қалада су көзі Кентаудағы «Мырғалымсай» су қоймасынан тартылады, одан бөлек Шобанақта 4 ірі резервуар бар, негізгі су қоры осы нысандар. Қалада 2 су қоймасы бар. Ол орталық су қоймасы Бейімбет Майлин көшесіндегі және Әкімшілік-іскерлік орталықтағы жаңа қала аумағын қамтитын жаңадан салынған су қоймасы. Қалаға осы екі су қоймасынан су тартылады. Бұл су қоймаларының сыйымдылығы – 72 000 м3 құрайды. Орталық су қоймасының сыйымдылығы 5000 м3-ты құрайды. Бұрыннан бар Орталық су қоймасы облыс орталығы болғаннан кейін күрделі жөндеуден өтіп, сыйымдылығы кеңейтілді. Себебі, қалаға көгілдір отынның келуіне байланысты тұрғындардың жайлы тұрмысқа көшу (жаппай үйлерде душ-ванна орнатуы) себепті суды тұтыну деңгейі де артты. Су тұтынуға сұраныс бұрынғыдан анағұрлым артты. Нақты айтсақ, қалада 41528 абонент болса, оның 41100-і, яғни 98,9 пайызы бүгінде сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Одан бөлек қалада 21 су ұңғымалары бар, бірақ біз негізгі су көзі ретінде Кентаудан келетін су қарастырылған, сондықтан ол су ұңғымалары артық су қоры ретінде резервте тұр. Қысқасы, халықты толыққанды сапалы ауыз сумен қамту мүмкіндігі бар. Ауыз су тұрғындарға құбыр арқылы жеткізілетіні мәлім. Жаңа қала аумағында жаңа су жүйесі магистральдары құрылып жатыр. Бірақ, негізгі халықтың шоғыры ескі қалада. Ескі қала аумағында су магистралы сонау 60-70 жылдары жүргізілген темір-шойын құбырлар, олар бүгінде тозған. Тұрғындардың су тұтыну деңгейі көбейген сайын мамандар су жүйесінің қысымын да көтеруге мәжбүр. Алайда, әлгі ескі құбырлар жоғары қысымға шыдас бермей, әр жерден жарылуда. Осындай жағдайларды ескере отырып бірнеше жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ол жобалар бойынша кезең-кезеңге бөлініп су жүйесі магистралін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Қазіргі таңда төрт ірі жоба іске асып жатыр. Бірінші – Яссы-Шауғар мөлтек ауданында су құбыры желілерін қайта құру жобасы 2021 жылы басталып жоспар бойынша 2023 жылы аяқталуы тиіс. Жобаны «Азия-Сервис» ЖШС жүргізуде. Одан бөлек 1-2 мөлтек ауданы және Ремзауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жобасы жүруде. Бұл жобаны «Құрылыс -Тед» ЖШС жүргізуде. Бұл да 2021 жылы басталған. Жыл соңына дейін аяқталып, толықтай пайдалануға беріледі. Үшінші бағыт Мақтазауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарын «Үш сай» ЖШС жүргізіп жатыр. Ал, төртінші жоба «Түркістан қаласындағы жаңа қоныстанған тұрғындарды ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» деп аталады. Бұл бірінші кезекте, әлбетте су жүйесі тартылмаған жаңа аумақтар, сосын ескі (бұрыннан бар) аумақтарда су тартылмаған көшелерді қамтиды. Бұған дейін қаланың көп бөлігінде ауыз су жүйесі құрылмаған. Тұрғындар құдық қаздырып, жерасты суларын пайдаланып келген. Мысалы, Шауғар мөлтек ауданындағы Н.Төреқұлов көшесіне осы уақытқа дейін су жүргізілмеген. (Бұрын ол аумақта түрме болған екен, 90-жылдардан кейін үйлер салынып, бірнеше көше түсіп қазір үлкен аумақ саналады). Осы Н.Төреқұлов көшесі аумағы, Отырар тұрғын үй алабында, Оралман, Яссы-Шауғар, Бірлікте (Бірлік аумағы қатты өріс алып, ұлғайып кеткен) қаншама көшелерге ауыз су жүйесі тартылмаған. Жаз айларында ол аумақтарда жерасты (құдық) су көздері тартылып кетіп, тұрғындар судан тапшылық көреді. Осы жағдайлардың барлығын ескеріп аталған жаңа аудандарды (оның ішінде ескі көшелер де бар) су құбырлары тартылып жатыр. Бұл жобаны «Бақ береке-2030» ЖШС жүргізуде. Қала тұрғындарын ауыз сумен қамту осылай 4 ірі жоба аясында жүріп жатыр. Осы жобалар толық жүзеге асқанда тұрғын-дарды ауыз сумен қамту көрсеткіші – 99,9 пайызға жетпек деп көзделуде.

«Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тарты-лады», — дейді Мемлекет басшысы.

Тұрғын үйлер сапалы ауыз сумен қамтылған соң, екінші кезекте туындайтын мәселе сарқынды су яки, кәріз жүйесі. Облыс орталығы болғанға дейін қала кәріз жүйесімен 27 пайыз ғана қамтылған екен. Ол 1-2 мөлтек аудандағы көпқабатты тұрғын үйлер, осы аумақтағы мемлекеттік және әлеуметтік мектеп, балабақша, емхана секілді мекемелер орналасқан нысандар ғана сарқынды су жүйесіне қосылған.

Бүгінде қала бойынша қуаттылығы тәулігіне 20000 м³ сарқынды су тазарту ғимараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500- 5000 м³, 27 дана КНС, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста. Бүгінгі таңда сарқынды су жүйесіне пайдалану көрсеткіші 27 пайыздан 32 пайызға жетіп отыр. Бұл бағытта да жүйелі және қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесін жүргізу бойынша да бірнеше жоба қолға алынған. Атап өтер болсақ, 2021 жылы басталып 2023-2024 жылдары аяқталатын жалпы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар «Тұран-2», «Отырар-2», «Яссы-Ыждыхат», «Бекзат», «Ортақ-1», «Ортақ-2» аумақтары бойынша жүруде. (Жоба құны 24 009,0 млн.теңге. нәтижесі: 34 157 абонентті қамтиды). Ортақ аумағы өте кең, көлемді аумақ болғандықтан 3 кезеңге бөлініп атқарылуда екен. Бұл жобалар 2021 жылы басталып, бірқатары биыл аяқталмақ. Басым көпшілігі 2024 жылы өз мәресіне жетеді. Кәріз жүйесі құрылысы көбірек уақыт талап ететін ауқымды жоба болғандықтан қаланың түрлі аумақтарында қолайсыздықтар туындайды. Бұрын асфальтталған жолдар бұзылып, шаң-тозаң, қыста лай-батпаққа айналады. Осы ретте сала мамандары орын алған қолайсыздықтарға тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұранады.

2024 жылы аталған жобалар аяқталған кезде қаланы кәріз жүйесімен қамту деңгейі 50 пайызға жететін болады. Бұлардан кейінгі кезекте «Түркістан-Қызылорда» массивін де сарқынды су жүйесі құрылысы басталады. Яғни, екі нысанның «Ортақ 3» пен «Баянауыл» аумағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс бастауға дайын. 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Сол кезде қаланы кәріз жүйесімен қамту – 95,5 пайызға жетпек.

Кәріз жүйесімен қамту маңызды мәселе. Бірінші кезекте ол қаланың экологиялық, санитарлық жағдайының қалыпты болуы, тұрғындардың денсаулығы үшін маңызды. Бүгінде тұрғын үйлердің дені «септикті» пайдаланады. Алайда, олардың көбі талапқа сай емес. Септик толықтай бетондалып, сыртқа бір тамшы да шықпайтын, толған уақытында сорғы мәшинелерімен сыртқа шығарып тастап отыруы тиіс. Үй ішінен шыққан сарқынды суды бетондалмаған, жай бір шұңқыр іспетті қазылып, бетін жауып қалдық суларды сонда жіберу антисанитариялық жағдай екенін ұмытпаған абзал. Ол лас су жер астына сіңіп, әлгі 21 су ұңғымасына қосылып жатыр. Ауаны ластап жатыр. Бұл мәселелер яғни ауыз суды пайдаланып болған соң, сарқынды суларды да техникалық мақсаттарға тиімді пайдаланудың кешенді шараларын қолға алған жөн.

Leave a reply