Мақсатына жеткен кәсіпкер

0
139
Кәсіпкер Бауыржан Қаражанов Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округіне қарасты Молыбай Оразалиев ауылында тұрады. Ол Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін мұнай және газ өңдеу технологиясы мамандығы бойынша тәмамдап, Шымкенттегі «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамында бірнеше жыл жұмыс істеген. 2020 жылы мектепте оқыған сыныптасы Ерлан Оразгелдиевпен бірге «Бетон әлем» ЖШС-ін құрып, екі дос бүгінде осы кәсіпті айналдырып келеді.
– Досым Ерлан 20 жыл бойы бетон шығару зауытында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған маман. Біз бұл кәсіпті бастау үшін өзіміздің үйіміз бен көлігімізді сатып, тәуекелге бел будық. Міне, екі жылға таяп келеді, осы уақыт аралығында тынбай еңбектеніп, баспанамызға қол жеткізіп отырмыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік, – дейді Бауыржан Қаражанов.
Олар зауытқа қажетті құрал-жабдықтар мен техникаларды Түркия мемлекетінен алдырған. «Бізде бетон шығарудың барлық жұмысы автоматтандырылған. Яғни өнім дайындау барысы компьютер жадына енгізілген» дейді кейіпкеріміз. Оған қажетті құм-қиыршық тастар Арыс қаласынан әкелінеді екен.
Кәсіпкер өңірде жылдың үш мезгілінде де құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізілетіндіктен, бетонға деген сұраныстың тоқтамайтынын айтады. Қазір шағын зауытта бір сағатта 120 куб бетон шығарылуда. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың айлық жалақысы 150-250 мың теңгенің аралығында.
Бауыржан Қаражанов пен Ерлан Оразгелдиев алдағы уақытта зауыт жұмысын жетілдіруді мақсат етіп отыр. Олар мемлекеттік тапсырыс негізінде көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуді армандайды.

Leave a reply