Мерекеңмен, Шымқала!

0
159
19 маусым – қала күніне орай “Мерекеңмен, Шымқала!” гала-концерті өтті. Еңселі Түркістан сарайы әдемі әуен, төгілген би, ерекше қойылымдарымен қала тұрғындарын мерекелік көңіл-күйге бөледі. Ал салтанатты іс-шараның ең бір есте қаларлық сәті – Шымкент қаласына еңбегі сіңген елеулі адамдарға шаһардың” Құрметті азаматы” төсбелгісінің табысталуы болды.
Жиынға қатысқан шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Тәуелсіздіктің 30 жылы мен мегаполис статусын алғалы бергі қаланың экономикалық, инженерлік-инфрақұрылымдық, қоғамдық-саяси жетістіктеріне тоқтала отырып, қатысушыларды қала күнімен құттықтады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығына сәйкес Шымкент қаласы 2019 жылы республикалық маңызы бар қала болып қайта құрылғанын өздеріңіз білесіздер. Содан бері тұр-тура 3 жыл уақыт өтті. Қала күні өткенді саралап, бүгінді бағалап, келешекке болжам жасайтын мерейлі мереке! Соңғы үш жылдың көрсеткіштеріне зер салсақ, бұл көреген шешім қаланың екінші тынысын ашты деп айтуға әбден болады, – деп қала күніне арналған салтанатты жиында дәстүр бойынша қаланың өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген азаматтарға “Құрметті азамат” марапатын табыс етіп, қала активінің алдында сән-салтанатымен қошамет, құрмет көрсетті. Марапат алғандардың қатарында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Омаров Мұхан Омарұлы, Зейнеткер, Еңбек ардагері Рүстемов Савит Рүстемұлы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Әбубәкіров Сағынғали Сандыбайұлы, ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі Түлембаева Қанымша Мүтажбекқызы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Бекназаров Нұрлан Құдиярұлы, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актері Шакиров Мұхан, т. б. сияқты жалпы саны 20 азамат бар.
Гала концерт жоғарғы нотада, мерекелік көңіл-күйде жалғасын тапты. Елімізге белгілі “Қаратау” ұлт аспаптары ансамблінің сүйемелдеуінде әнші Жұмабек Қаңтарбаев “Сары жайлау” әнін нақышына келтіріп, құйқылжыта орындады. Жұбаныш Жексенұлы, Алтынай Жорабаева, Сәкен Майғазиев сияқты эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Салтанатты жиын соңы “Менің Шымкентім” әнімен аяқталды.

Leave a reply