Thursday, December 26

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРЛЫҚТАР «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРУДЕ

0
81

Отырарда кәсіп ашуды мақсат еткен ауыл азаматтары «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болып, жобаның игілігін көруде. Мәселен, Отырар ауылындағы «Ғабит» шаруашылығының иесі А.Сыздықова бағдарлама аясында 7 млн.теңге жеңілдетілген несие алып, 12 бас мүйізді ірі қара сатып алған. Бүгінде «Зеңгі баба» тұқымын дамытуды мақсат еткен кәсіпкер мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Бүгін Қарғалы ауыл округіндегі жұмыс сапары барысында шаруашылықтың жұмысымен танысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы кәсіп иесінің кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзге де мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін талқылады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрген жанның бірі Қарғалы ауылының тұрғыны Ерлан Анарбайұлы. «Анарбай» жеке кәсіпкерлігінің иесі бағдарлама аясында қолөнер бұйымдарын жасайтын 3 ағаш станоктарын алып, өз кәсібін жүргізіп отыр. Ұлттық аспап домбыра жасауды жетік меңгерген кәсіпкердің жасаған бұйымдарына сұраныс жоғары. «Сұранысты қамтамасыз ету үшін кәсіпті кеңейтуді жоспарлап отырмын» – дейді қолөнер шебері.

Аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталғанын айтып, аталған жобаның ауылдарда нәтижелі іске асып жатқанына оң бағасын берді.

Leave a reply