Төлебиде тындырымды тірлік көп

0
244

Төлеби ауданы облысымыздағы туризм орталықтарының бірі болып табылады. Аудан жыл-жылға көркейіп, халқының әл-ауқаты, өмір сүру сапасы артып келеді. Төлебиліктердің биыл да қол жеткізген табыстары қомақты. Айталық, өткен жылы аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 109 млрд. 948 млн. теңгені құрап, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артық.

Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының айтуынша, өнеркәсіп саласында ауданда 20 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның екеуі ірі және орта, 15-і шағын және үшеуі қосалқы кәсіпорындар. Бұл салада өткен жыл басынан бері 35 млрд. 687 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, бүгінде мұнда құны 1 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде 205 адам жұмыспен қамтылды.

Ал, кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 8658 болса, оның 8428-і жұмыс істеп тұр. 17 мыңға жуық адам қызмет ететін кәсіпорындарда 31 512 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Одан бөлек, кіші және орта бизнесті дамыту үшін жыл басынан бері 6100 азаматқа 3 млрд. 921 млн. теңге несие берілген. Оның ішінде, «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МКҰ арқылы 296 млн. 100 мың теңгеге 39 жоба қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша ауданнан 38 жоба қатысса, оның іріктеуден өткен екеуіне жылдың соңына дейін «Даму» қоры арқылы 10 млн. теңге қаржы бөлінді.

Ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі де артқан. Дәлірек айтсақ, өткен жылы инвестиция көлемі 13 млрд. 457 млн. теңге болса, биыл 14 млрд. 624 млн. теңгені құрап отыр. Бұл инвестициялардың өзге де тиімді тұстары баршылық. Мәселен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудан әкімдігі мен «SHYMKENTCEMENT» АҚ арасында үш жақты меморандум орнатылып, соған сәйкес 2025 жылға дейін бірқатар әлеуметтік нысан құрылысы жүргізілу керек болған. Нәтижесінде өткен жылдың 10 айында Ақбастау, Киелітас және Алғабас елді мекендерінде түнгі жарықтандыру жұмыстары толық аяқталыпты. Одан бөлек, Киелітас елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында қазу жұмыстарын жүргізіліп жатса, қазан айында Алғабас елді мекенінде спорт кешенін салу жұмыстары басталған.

Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова Диханкөл елді мекенінде «Дихан Тау» саумалы сауықтыру орталығын іске қосқан. Құны 57 млн. теңгені құрайтын кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдай алады екен. Көксәйек ауылдық окургінде де «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытқа дейін мұнда балық шаруашылығы, тамақтану қызметі мен сақ моншасы іске қосылған. Жуырда Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» тау курортындағы қосымша қонақүй мен спорт кешенінің құрылысы да аяқталып, пайдалауға беріледі. Бұл жобаның құны 2 млрд. 650 млн. теңге. Ал, тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» жобасын жүзеге асыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. 050. млн теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, туризм саласына 3 млрд. 757 млн. теңге инвестиция тартылып, 25 жұмыс орны ашылады. Осы орайда, ауданда 76 туристік нысан жұмыс істеп тұрғанын да атап өтуге болады. Бір шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, демалыс аймақтары мен саяжайлар биыл 32 мыңнан астам демалушыны қабылдап, 586 млн. теңгенің қызметі көрсетілген.

Ауданда ауылшаруашылығы саласындағы өнім көлемі 10 айда 52 млрд. 872 млн. теңгені құраған. Бүгінде Кемеқалған ауылдық округінде «Қазығұрт бақтары» деп аталатын 500 тонналық қойма құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобаға тартылған инвестиция көлемі 150 млн. теңгені құрайды және 10 адам жұмыспен қамтылмақ.

Төлеби өңірінде су нысандарының мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Себебі, көктем айларында жауын-шашынның көп болуына байланысты өзендерде су деңгейі көтеріліп, көптеген канал бастарына айтарлықтай зақым келген. Осы орайда «Қыр» каналының жарамсыз 6 лотогының орнына 11 метрлік құбыр орнатылды. Сонымен қатар, «Атбұлақ», «Озерный», «Планировочный» каналдары мен «Кент» магистралды каналының 480 метрі және Тесіктас, Горный камень, Айналма және Блюскен-1 каналдарының 0,6 шақырымы қалпына келтірілген. Оған қоса, Көксәйек, Қасқасу, Қаратөбе мен Қоғалы ауылдық округтеріне қарасты каналдардың 6,5 шақырымы, Науытсай, Жаманжар, Аққұм ішкі және Момынайтас каналдарының 12,5 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілген.

Leave a reply