Шымкент: «Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен іс-шара өтті

0
132

Көк байрақ, Елтаңба мен әнұранымыз – ел тұтасытығы мен кемел болашағымыздың кепілі. «Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай іс-шара өткізді. Биыл ел егемендігі мен Тәуелсіздігінің кепілі болған, айтулы мерекеге 29 жыл толды. Рәміздерге деген патриоттық сезімді ұялату әрі шаһардың туристік имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шара екі бағыт аясында өрбіді.

Бірінші кезеңде қала қонақтары мен тұрғындары шаһардың туристік әлеуетін арттыру бағытында өз ұсыныстарын жазып, арнайы анықтамалық парақшаларды толтырды. Ұйымдастырушылар үздік идеялар қобдишасына келіп түскен ұсыныстарды сараптай отырып, іріктелген жобаларды іске асыру жолдарын қарастырмақ.

Сондай-ақ іс-шараға жиналғандар арасында шаһардың басты көрнекті нысандары мен киелі, тарихи орындары туралы сұрақтар қойылып, жылдам әрі дұрыс жауап бергендерге арнайы сыйлықтар үлестірілді.

«Мемлекеттік рәміздер — еліміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Осы сабақтастықты бекіте түсу мақсатында «Shymkent Tourism Center» ақпаратық орталығы іс-шараны қолға алды. Расында тілі басқа-тілегі бір, жүзі басқа- жүрегі бір отандастарымызды бір арнада біріктіретін — ұлттық рух пен болмысымыз сипатталған рәміздеріміз екені рас. Сондықтан елдігіміздің айшықты нышандарына деген құрметтің көрінісіне куә болуға асық әр жанды — Шымкентте қарсы алуға әзірміз. Өзіндік ерекшеліктерге толы шаһарымызды шын мәнінде патриоттар ордасына баласақ, туристік тартымдылықтың бір тармағы болар еді» -деді туристтік ақпараттық орталық басшысы Айдарәлі Раманов.

Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық – анықтамалық қызметтерді көрсетуде «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Shymkent Tourism Center» жыл басынан бері 5000 мыңнан аса адамға қызмет көрсеткен. Олардың қатарында отандық және АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Үндістан, Мажарстан, Ресей, Корея, Өзбекстан және Бразилия т.б. сынды шет елдік қонақтар бар. Ал мегаполистің туристік тартымдылығын арттыру бағытында 55 экскурсиялық шаралар ұйымдастырған.

Leave a reply