АБАЙЛАҢЫЗ, АПТАП ЫСТЫҚ!
Түркістан қаласында соңғы күндері күн күрт ысып, тұрғындарды әбігерге салды. Дәрігерлердің айтуынша аптап ыстық егде жастағы адамдардың қан қысымының көтерілуіне, аяғы ауыр әйелдердің жағдайы нашарлап, баласының жүрек соғысы әлсіреуіне, балалардың іші өтіп, басы айналуына себеп болады. “Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” демекші, ыстық ауа райында қаперде ұстайтын бірқатар пайдалы кеңестер топтамасын дайындадық.
«Жазда көп су ішетіндіктін адам ағзасындағы электролиттердің балансының бұзылуы салдарынан калий, магний зәрмен бірге сыртқа шығып кетуі мүмкін. Мұны тоқтатып, нормада ұстау үшін құрт, қымыз, қымыран секілді калий, магнийге бай өнімдерді ішу керек. Күніне 1-2 құрт жесеңіз ішкен суыңыз кіші дәретпен сыртқа шығып кетпейді. Сондай-ақ, қуырылған, майлы тағамдарға қарағанда пісірілген, қайнатылған тұзды көже секілді тағамдарды тұтынған дұрыс. Балаларға жалбыз, алма мен шие қосылған компот дайындап берген жөн», – дейді Түркістан қалалық емханасының сәулелік диагностика дәрігері және штаттан тыс бас маманы Нұржан Тауасаров.
Оның айтуынша халықтың басым көпшілігі жазда үй ішін салқындату үшін жиі қолданатын кондиционердің денсаулыққа кері әсері бар көрінеді. «Адам кондиционер астында тікелей, ұзақ отыратын болса және ыстық жерден кондиционердің алдына бірден келетін болса өкпеде обструкция болып, пневмонияға шалдығуы мүмкін. Оның алдын алу үшін кондиционер қосылып тұрған бөлменің есігін ашып, соған жақын бөлмеде отыру керек», – дейді дәрігер.
Сонымен қатар, терлегенде терінің бетіндегі сезімтал қабаттарды тітіркендірмес үшін ауа өткізетін, ашық түсті, мақта матадан тігілген киімдер киген дұрыс екенін айтады Нұржан Таирханұлы.
Косметолог дерегі
Қыз-келіншектер жазда тері қараймас күннен қорғайтын кремдерді жиі қолданады. Осыған байланысты, спф кремдердің пайдасы мен зияны, бет типіне қарай дұрыс таңдау жайлы мамандардан кеңес сұрадық.
Косметолог Феруза Сапаеваның айтуынша дұрыс таңдалмаған жағдайда спф кремдер терідегі пораларымызға бітеліп комедондардың пайда болуына әкеп соғады, соңында тері метаболизмі нашарлап, әр түрлі тері проблемалары пайда бола бастайды (акне, дерматит т.б.)
«SPF крем немесе кез-келген басқа да крем таңдар алдында өз тері типіңізді, сезімталдығыңызды білуіңіз керек. Көбінесе кремдердің құрамындағы кейбір заттарға аллергиялық реакциялар болып жатады. Оны алдын ала ешкім білмейді. Бірақ алар креміңіздің сапасы белгісіз болып, қолдану мерзімі өтіп немесе құтысы сырылып, сынған болса ондай кремді қолданудан бас тартқан жөн. Өйткені, ондай кремнен керексіз реакциялардың пайда болу қаупі артады», – дейді косметолог.
Маманның айтуынша спф кремді тері типіне қарай, жағдайына қарай, жыл мезгіліне сай таңдаған жөн. «Барлық SPF кремдерге қатысты критерий, ол SPF фактордың өлшемі. Қыста, күзде +8-25 SPF факторлық кремдерді қолдануға болады, ал күн ыстық мезгілдерде +30-100 SPF факторлық кремдерді қолданамыз. Бұл өлшемдер күннің астында неше уақыт қауіпсіз жүре алатынымызды белгілейді, мысалы жазда ешқандай кремсіз күннің астында 15 минуттай жүре аласыз, әрі қарай теріде УК-сәулелер жасушаларымызда мутацияларды 100 есеге асырады. Сол үшін спф кремнің маңызы өте үлкен», – дейді ол.
«SPF кремдер теріні қараюдан қорғамайды. SPF факторлары бар кремдер теріні ультракүлгін (UVA, UVB)-сәулелерінің кері әсерінен қорғау үшін қолданылады. Яғни, терімізді фотоқартаюдан (ерте қартаюдан), күюден сақтап, аллергиялық дерматиттердің, пигментацияның әрі тері обырларының алдын алу мақсатында қолданылады. SPF кремнің сапасы құрамындағы УК-сәулелерден қорғайтын фильтрлерден тұрады. Яғни, сол қоспалар қауіпсіз әрі нәтижелі болуы шарт. Ғаламтордан кезкелген кремнің құрамындағы қоспалардың қауіпсіздігін көре аласыз», – дейді Феруза Сапаева.
Гүлжан НИЯЗОВА.