Воскресенье, 8 сентября

АГРОӨНЕРКӘСІП: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМУДА

0
36


Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн, — деген болатын.
Осы орайда жаңа өнімдерді басқалардан ерте нарыққа шығару үшін Ордабасы ауданының диқандары жылыжай шаруашылығын мықтап қолға алуда. Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында орналасқан «Сұлтанберді» жылыжай кешенінің әлеуеті орасан. Кешеннің инвестициялық құны – 420 млн теңге. 2 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда 2020 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тонна өнім өндіреді. Бұдан бөлек, жалпы ауданда 105,9 гектар алқапқа жылыжай кешені бар. Оның ішінде 21 гектары – өндірістік жылыжайлар, ал 84,9 гектар аумағы – фермерлік жылыжайлар.
Осыған орай Ордабасы ауданының тұрғындарының назарына жылыжай шаруашылығына байланысты маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
Жылыжай (ағылшынша — greenhouse) – жеміс-жидектер мен көкөністерді жылдың салқын мезгілдерінде өсіруге арналған арнайы нысан. Көшетханаға қарағанда құралымы, жылыту жүйесі күрделірек келеді. Жылыжайда жыл мезгіліне қарамастан, тәулік бойына бір қалыпты температура мен ылғалдық сақталады. Ең бастысы жылыту мен желдету жүйесі дұрыс жұмыс істеуі қажет. Мұндай жағдайды жылыту мен желдетуді дұрыс ұйымдастырғанда ғана жасауға болады. Жылыжай күн сәулесімен, биологиялық (биологиялық отынның жылуы есебінен) және техникалық жолмен (ыстық су, бу, электр және т.б.) жылытылады. Ол табиғи жолмен де (желгек немесе фрамуга арқылы) немесе қолдан да желдетіліп тұруы мүмкін. Қандай мақсатқа арналғанына, пайдалану мерзіміне, жылыту түріне, қолданылған құрылыс материалына байланысты жылыжайдың құралымы түрліше болуы ықтимал. Жылыжайды бір еңісті, екі еңісті, блокты деп бөледі. Көбінесе екі еңісті жылыжайлар салынады, оның жарық түсетін жазықтығы шығысқа және батысқа қарап тұруы тиіс. Жылыжай пайдалану мерзіміне, қолданылған құрылыс материалына, мақсатына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Жылыжайға жабын ретінде әйнек немесе полиэтилен пайдаланылады. Дақылдар жылыжайда топыраққа отырғызылады немесе стеллаждарды пайдалану арқылы өсіріледі. Жасыратыны жоқ, өзіміздің шаруалар халықты көкөніспен, жеміс-жидекпен толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан көкөніс пен жеміс-жидекті көрші Өзбек пен Қытай елдерінен тасымалдауға мәжбірміз. Жыл сайынғы бағаның мың құбылуы да осының салдары. Сондықтан сыртан тасымалданатын көкөніс пен жеміс-жидекке деген тәуелділікті жою үшін елімізде жылыжай шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алуымыз қажет.
Министрліктің мәліметінше жылыжай шаруашылығы жыл сайын дамып келеді. Статистика дұрыс-ақ. Алайда жылыжай шаруашылығы еліміздің барлық өңірінде дамып жатыр деуге келмейді. Өкініштісі сол… Өйткені жауапты министрліктің мәліметіне қарар болсақ, жылыжай шаруашылығы тек Оңтүстік Қазақстанда жақсы дамығынан көруге болады. Сандарды сөйлетер болсақ, Түркістан облысында 3 366 жылыжай бар екен. Ол жылыжайлардың жалпы көлемі 1467,4 гектарды құрап отыр. Бұл еліміздегі барлық жылыжайдың 71 пайызы деген сөз.
Алайда, жылыжай шаруашылығы жақсы дамыған Түркістан облысында да жағдай мәз емес екен. Сала мамандарының айтуынша, жылыжайларды жылытуға, жарықтандыруға жұмсалатын шығындардың үлесі өнімнің өзіндік құнының 45 пайызын құрап отырған көрінеді. Ал мұның өнім бағасына тікелей әсер ететін фактор екені түсінікті. Оған қоса, табиғат жағдайына байланысты жергілікті шаруашылық иелері көрші елдерге қарағанда қуат көздерін ұзағырақ пайдаланады екен. Ол аз десеңіз көрші елдермен салыстырғанда, біздің елде электр энергиясының, көмірдің, табиғи газдың бағасы біршама жоғары көрінеді. Сол себепті де біздің шаруалар көрші елдің өндірушілерімен бәсекелесе алмайды. Өйткені көрші елдерде өнімнің өзіндік құны біздегіден әлдеқайда төмен. Соның салдарынан жергілікті жалыжай шаруашылығы иелері олай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының күйін кешіп отыр. Өйткені өнімді арзан сатса, шаш етектен шығынға батады, ал қымбат сатса, шеттен келген өніммен бәсекелесе алмай, өнімі өтпей қалады.
Сондықтан жылыжай шаруашылығы мамандары жылыжайға қажетті қуат көздерін 50%-ға дейін субсидиялауды сұрап отыр. Сондай-ақ, жергілікті шаруаларды қолдау мақсатында көрші елдерден келетін өнімдерге салынатын салық көлемін ұлғайту қажет деп есептейді. Сонымен қоса шаруашылық иелеріне несие төлеу мерзімін ұзартуды, коммуналдық төлемдерге төленетін тарифті қайта қарауды ұсынып отыр.
«Тек ерінбей еңбек етсең болғаны», — дейді кәсіпкер. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, ерінбей еңбек етіп, мемлекет берген қаржыны мақсатты пайдаланса, жылыжай шаруашылығын жылы жақта да, суық жақта да дамытуға болады екен.
Жылыжайдың ерекшелігі – күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі. Мәселен, аудан аумағында ауа температурасы -15 шамасында болса, жылыжай ішіндегі ауа температурасы + 4,4 градусты ұстап тұр. Осы арқылы қыс мезгілінде жылытуға шығын жасамай, жылыжайда құлпынай өсіруге болатынын дәлелдеуде. Қазіргі таңда, отырғызылған 240000 түп көшеттен ақпан-наурыз айларында 72,0 тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл тұрғындарын тұрақты және мезгілді жұмыспен қамтамасыз етуде.
Күнгей өңірде қарашаның қара суығына дейін дала өнімдерін тұтынуға мүмкіндік бар. Жерге қырау қатқаннан жылыжай көкөністеріне сұраныс артады. Осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында қала аумағындағы жылыжай кешендерінде жұмыс қарқыны артқан. Жалпы жылыжайда көкөніс екі кезең негізінде егіледі. Алғашқы кезең үшін диқандар шілде мен тамыз айларында көкөніс көшетін отырғызса, қысқа қарай өнім бере бастайды. Ал, ерте көктемде өнім алу үшін шаруалар көшет жетілдіруді қаңтардан бастайды. Дәл қазіргі сәтте базарларда шеттен келген ауыл шаруашылығы өнімдері көбейгені жасырын емес. Нарық заманында сырттан әкелінген өнімдер бағасының арзандығынан отандық көкөністердің бәсекеге төтеп бере алмай жатқан жайы бар. Өйткені, жылыжайдағы өнімді өндіруге жұмсалған отынның шығыны біздегі көкөніс бағасына әсер етіп жатыр. Диқандар өнімдерін қала нарығына емес солтүстік өңірлер мен Ресейге тасымалдаған кезде ғана өз шығындарын өтей алады. Мәселен, көрші Өзбекстан мен Түркіменстанда электр қуаты мен табиғи газдың тарифі бізге қарағанда әлдеқайда төмен. Осы мәселені ескеріп, ҚР Ауыл шаруашылығы министріне жылыжай кешендеріне жұмсалатын отын шығынын субсидиялау ұсынысын жеткіздік. Бұл мәселе шешімін тапса, қыс мезгілінде көкөніс бағасының қолжетімді болуымен бірге, жылыжайда түрлі цитрустар мен орамжапырақтар, аскөк және қауын, қарбыз секілді өнімдерді өсіруге мүмкіндік туады.
Қазіргі таңда, 2024 жылдың бірінші айналымына көшет отырғызу жұмыстары атқарылуда. Жылыжай иелері мен жылыжай салуға ниеттеніп отырған азаматтарды қуантқан тағы бір жаңалық – 2024 жылдан бастап Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына қосымша 150 мың тонна Шұбаркөл көмірінің жеткізілетіндігі. Жылыжай шаруашылықтарын бір орталықтан көмір отынымен қамтамасыз ету үшін арнайы мекеме құрылып («Түркістан Ресурс» ЖШС), көмір өндіруші «Шұбаркөл көмір» АҚ-нан тікелей қаңтар айынан бастап 150 мың тонна көмір отынын тасымалдау келісілді. Бүгінгі таңда, жылыжай шаруашылықтары нарықтан 97,6 мың тонна көмір отынын сатып алып, пайдалануда. Жалпы құлпынай күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес жидек. «Виктория» сұрыптысының биіктігі 30-35 сантиметрге жетеді. Жапырақтары үшқұлақты қалың болып келеді. 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар. Сондықтан да ол диеталық тағам түріне кіреді. Құлпынай дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Құлпынай сонымен бірге тер шығаратын, несеп айдайтын қасиетке де ие. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады. Қазақстанда бұл жидектің «Елизавета ханшайым», «Зенга Зенгана», «Русановка», «Источник», «Эверест» және «Фестивальная» сұрыптары өсіріледі. Олардың ішінде «Виктория» да бар. Бұл сұрыптардың барлығының да түсімділігі жоғары. Және зиянкестерге төзімді боп келеді. Агрономдар құлпынайдан жақсы өнім алу алдымен сұрпына, содан соң күтіміне байланысты екенін айтады.

Leave a reply