АКЦИЯ АЯСЫНДА ЖАЛПЫАУДАНДЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ
“Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында Отырар ауданында жалпыаудандық сенбілік өтті. Сенбілік барысында аудан халқы, еріктілер, жастар жол, көше бойларын күл- қоқыстан тазартып, арық-атыздарды, ирригациялық жүйелерді ағаш бұтақтарынан арылтты.
Аяқ жолдар мен көше бойындағы арамшөптерді отап, саябақтар мен аллеялардың аумағында тазалық шараларын жүргізді.
Тазалық жұмыстары аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерде де ұйымдастырылып, жалпы 1000-ға жуық адам қамтылған шарада 20 тонна қоқыс арнайы орындарға тасталды.
Ауданның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетін қалыптастыру, көркейту, көгалдандыру, абаттандыру бағытындағы іс- шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сәуірдің 13-іне дейін өтетін алғашқы апталықтың атауы – «Таза өлке».
Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.
20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.
Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.
4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.
«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.
Акцияға еліміздің барлық өңірлері қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді.