«АМАНАТТЫҚТАР» САЛА БАСШЫЛАРЫНЫҢ АЛҚЫМЫНАН АЛДЫ

0
122

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев бастаған партия мүшелері Түркістан облысының білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша партиялық тыңдау өткізді.

Ондағы мақсат – партияның сайлауалды бағдарламасында, Түркістан облысындағы үш ауысымды және апаттық мектептердің мәселесін шешу үшін жаңадан 96 мектеп салу, 13 мектепті күрделі жөндеу, физика, химия, биология кабинеттерімен және интернетпен қамту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту секілді маңызды шаралардың өз мерзіміне сай шешімін табу еді.

Осы жұмыстардың өз дәрежесінде орындалуын бақылау үшін, облыстық партия филиалы жанынан тоғыз кеңес құрылып, олардың құрамына облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғам белсенділері және зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар енгізіліпжұмыс жүргізілуде.

Енді іске көшсек, «Аманаттықтар» сала басшыларының алқымынан алды дедік қой. Осындай сын садағына бірінші болып Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова ілікті. Баяндамасын жасап, өңірде атқарылған жұмыстарды тілге тиек еткен орынбасардың бірқатар мәліметтерін бұдан соң баяндама жасаған Түркістан облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов жоққа шығарды. Соның ішінде мектептердегі қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілуі барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілері мен білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес облыстағы бала саны 700-ден асатын 284 (31%) мектепке 1136 турникет орнату жұмыстары көзделген. Алайда, мониторинг жүргізу барысында облысымыздағы 907 мектептің 824 (90,9%) мектебінде турникет орнатылмаған. Ескерту жүйесі дабыл нүктесінің 624 мектепте (68,7) орнатылмаған. Дабыл түймесі аумақтық  ішкі істер органдарының қызмет орнына немесе күзет қызметі субъектілерінің орталық мониторинг пультіне 742 мектепте (81,9%) қосылмаған. Облыста бала саны 300-ден жоғары 572 мектепті мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз ету қажеттігі бар болса, бұл мәселе мектептердегі қарауыл штат бірліктерін ықшамдау арқылы үнемделген қаржы шегінде шешілуі тиіс еді. Дегенмен бүгінгі таңда 872 мектепте (96,1%) лицензияланған қауіпсіздік қызметімен келісімшарт жасалмаған.

Бұдан өзге, мектеп ғимараттарының оқу жылына дайындығы үшін жүргізілетін ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының бірқатарында сапа мен оның белгіленген мерзімде пайдалануға беру мүмкіндіктерінің төмен екендігі сөз болды. Оның ішінде Ардақ Мадиханқызының баяндамасында айтылған Төлеби ауданында бес білім мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстарының шын мәнінде бір ғана мектепте іске асырылып жатқанына тоқталған облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай адами әлеуетті дамыту басқармасының аталмыш мақсаттағы жұмыстарға толық талдау жасамай, немқұрайлы баяндап отырғанын ашына жеткізді. Сонымен бірге партия мүшелері тарапынан бірнеше дәйекті сауалдар қойылғанымен тұшымды жауап болмағанын айта кету қажет. Партиялық тыңдауға қатысқан «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Венера Есілбаева да басқарма басшысының орынбасарына осындай келелі жиынға дайындықсыз келгенін айтып, партия тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға, айтылған сын-ескертпелерге мардымды жауап беру қажеттігіне тоқталды. Егер олай болмаған жағдайда жауаптыларға өз дәрежесінде тиісті шара көру үшін шешім қабылдауға ұсыныс жасалатынын жеткізді.

Осы отырыстың күн тәртібіндегі қаралатын тақырыптардың бірі «AMANAT» партиясы ТОФ партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбековтің «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан мектептерге партиялық бақылау комиссиясы тарапынан жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысы туралы еді. Жалпы, 2023-2027 жылдарға арналған «Жол Картасы» аясында 96 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 2023-2024 жылдарға 33 мектептің құрылысы жүргізіліп отыр. Соның 13-інің құрылысы 2024 жылға өтпелі, қалған 20-ның құрылысы биыл тапсырылуы тиіс. Партиялық бақылау жөніндегі инспектор өз баяндамасында барлық 33 нысан бойынша тоқталып өтіп, оның ішінде 2024 жылға өтпелі 13 нысанның тапсырылу мерзімі бар болғанымен, орын алуы мүмкін мәселелердің алдын алу бойынша қосымша ұсыныстарын айтты. Сонымен бірге, бүгінгі күні бірінші кезекте 2023 жылы құрылысы тапсырылуы тиіс 20 мектептің құрылыс барысында 12 мектебі бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын, ал қалған 8 мектептің құрылысы бойынша бірқатар өзекті мәселелер анықталғанын жеткізді.

Баяндамашы сөз соңында: «2023-2027 жылдарға арналған «Жол Картасы» аясында 20 нысанның ішінде құрылысы биыл яғни 2023 жылға тапсырылатын 12 мектепте тиісті жұмыстар жүргізілгенімен, қалған 8 мектеп құрылысының 2023 жылға тапсырылуы бойынша мәселелер орын алып отыр. Оның ішінде тіптен 1-інің Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта мектеп құрылысын 2024 жылға өтпелі етіп ауыстырып жіберген. 2023 жылы бітуі тиіс бұл нысанның 2024 жылға өтпелі болуы қазірдің өзінде «Жол Картасының» 1 тармағының орындалмайтындығын көрсетіп отыр.  

Одан бөлек, жоғарыда айтып өткендей, егер алдын алмаса, «Жол Картасы» бойынша құрылысы 2024 жылға өтпелі 13 мектептің 8-інде бірқатар мәселелер орын алып, «Жол Картасы» бойынша орындалмау қаупі бар тармақтардың саны артуына әкеліп соғуы мүмкін»,- деп мәселеге сергек қарауды ұсынды.  

​​ Бұл ретте Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы – Тоқтар Үсіпәлиев аталған мәселелер басқарма тарапынан толық бақылауда тұрғанын және алдын алу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оған қоса, Тоқтар Оразұлы өз баяндамасында мектеп құрылыстарына байланысты кейбір нысандардағы кешеуілдеу жағдайларының орын алған себептеріне тоқталды. Бірқатар білім ұяларының құрылысын бастауға қаржы жыл басында бөлінетін болып, алдын ала болжам жасалған. Дегенмен тиісті қаражаттың өз мерзімінен кешіктіріліп берілуіне байланысты құрылыс мерзімінің созылуына әкеліп соқтырған. Және де құрылыс салушы жеңімпаз мердігерлер арасында өз ісіне жауапсыздық танытқан болса, келесі бірі нысандардың жобалау сметалық құжаттары осыдан 3-4 жыл бұрын жасалғандықтан, бүгінгі нарыққа сай келмей құрылыс жұмыстарының тоқтауына себеп болған. Алайда, аталған мәселелердің алдын алу бойынша басқарманың да әрекетсіз емес екендігін жеткізуге тырысқан Тоқтар Үсіпәлиев мердігерлердің бірқатарына заң аясында шара қолданылып жатқанын жеткізді.

Қорыта айтқанда, шаруасы шашетектен келетін білім саласындағы мәселелерді бір ғана басқарманың еншісіне беру дұрыс шешім болмады-ау деген ой келді. Бұған дейін аудан, қалалардағы білім мекемелерінің негізгі жұмысымен жергілікті атқарушы органдар тікелей айналысушы еді. Аудандағы білім бөлімінің басшысын сол ауданның әкімі тиісті келісімдерге сай өзі тағайындайтын. Содан соң орын алған мәселелерге аудан әкімі өзі жауап беруші еді. Ал қазір бәрі керісінше. Егер атап өткеніміздей аудан, қала әкімдеріне бастапқыдағыдай жауапкершілікті қайта жүктейтін болса, мектеп, балабақшалардың құрылысы және оның өзге де қажеттіліктері үшін әр аудан әкімдігінің аппараты, білім бөлімі, құрылыс бөлімі секілді жауапты салалары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасар еді.

М.ӘЛМАХАН.    

Leave a reply