АРМАНЫ АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН ТҰРҒЫНДАР

0
140

Облыс орталығы атанып, қайта түлеу кезеңіне қадам басқанына бес жыл толған болса да бұл қаланың бүгінде көз сүйсінтер ерекше келбеті қалыптасып келеді. Иә, біз киелі мекен Түркістанды сөз қылудамыз. Түркістан қаласы еліміздің ең көне шаһарларының бірі де, бірегейі. Бұл қалада қазақтың салты мен дәстүрі сақталып қана қоймай, әлі де дәріптелуде. Көне мен келешек көпірі атанған мекенде бірнеше ғимараттар бой көтеріп үлгерді. Осы ретте жаңа баспанаға қол жеткізсек деген мұраттағы тұрғындардың арманы ақиқатқа айналғанын көпшілік қуанышпен жеткізуде. Нақтырақ айтатын болсақ, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 2020 жылдан бері 89 көпқабатты үйдің құрылысы басталған. Ол 360,6 мың шаршы метрді құрайтын жалпы саны 5649 пәтер. Міне, соның 2020 жылы 336 пәтері, яғни, 7 үй ипотекалық жолмен пайдалануға берілген. 2021 жылы дәл осындай 29 үйде 1921 пәтер кілті өз иелеріне табысталды. Ал, 2022 жылы 53 тұрғын үйде 3392 пәтер құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 49 үйде 3155 пәтер пайдалануға берілген. Бүгінгі күні Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15707 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. Оның ішінде әлсіз топтағы – 6381, көп балалы отбасы – 4249, бюджеттік қызметкер – 4874, тұл жетім және жалғыз баспанасы апатты деп танылған – 201 азамат бар. Жоғарыда айтып өткендей, бұл тұрғын үйлердің салынуымен қатар, өз иелеріне де мемлекеттік кезекпен кілті табысталып, тұрғындарды қуанышқа бөлеп жатыр. Осы сөзіміздің бір дәлелі, көп балалы отбасы атанған Шырын Қожабекова.

– Шырын апай, білуімше кезекте тұрып үй алғандардың қатарында өзіңіз де болдыңыз. Жалпы бұл үйдің кілтін алу үшін қанша уақыт кезекте тұрдыңыз?

– Иә, алдымен осы үйдің тізіміне ілініп, жаңа шаңырақты болғанымызға мың алғыс айтамын. Аллаға шүкір, үй кезегінде жылдап тұрсақ та жаңа үйлі болдық. Мен кезекке 2016 жылы тұрған болатынмын. Алланың қалауымен 2021 жылдың ақпан айында жаңа үйдің кілтін алып, бір мәз болып қалдық.

 

– Жылдап күткен пәтерге қол жеткізгенде қандай сезімде болдыңыз?

– Жалпы бұл мен үшін, менің отбасым үшін үлкен қуаныш болды. Себебі, мемлекет тарапынан көмек ретінде берілген бұл үй жаңадан бой көтеріп жатқан шағын мөлтек ауданның қақ ортасында орналасқан, оның үстіне мектеп, балабақша деген секілді мекемелердің барлығы дерлік үйге жақын маңда орналасқан, сондықтан бұның өзі бізге үлкен көмек болып тұр. Міне, осы секілді әртүрлі жақсы жақтарын көріп, біліп көңіл – күйіміз де бір көтеріліп қалды ғой. Қазір бұл үйге қоныс аударғанымызға тура 1 жыл болыпты. Әлі де бұл үйдің қызығы басылар емес. Шүкір!

 

– Қуанышыңыз еселене берсін. Айтыңызшы, бірнеше жыл кезек күткен пәтеріңіздің жөндеу жұмыстары көңіліңізден шыға алды ма?

– Осы тұста айтқым келеді, еш нәрсе адамның өз ойындағыдай болмайды. Халықтың көңілінен шығу оңай емес. Себебі, барлық адам бір ойды ойламайды ғой. Бермей жатыр емес, Аллаға шүкір үй берді. Үйде ыстық су да, салқын су да бар. Табиғи газ келіп тұр. Екі бөлмелі жап – жаңа пәтер, бұдан артық ештеңе керек емес деп ойлаймын. Әрине, жалпыға бірдей әңгіме айтудан аулақпын, дегенмен, бұған да шүкір ете білген жөн шығар.

 

– Түсінікті. Осы тұста тағы бір сұрақ туындап отыр. Жер үйден көпқабатты үйге қоныс аударғанның оң тұсын айта өтсеңіз.

– Әрине, негізінде жер үйге ештеңе жетпейді ғой. Дегенмен, көпқабатты тұрғын үйлердің де өзіндік жақсы тұстары жетерлік. Жоғарыда айтып өткендей бұл жерде мектеп, балабақша, дәріхана, аурухана және азық – түлік дүкендері тұрғын үй ауласында немесе жақын маңда орналасқан. Бұның өзі уақыт үнемдеудің бірден-бір керемет жолы. Сонымен қатар, әр тұрғын үйдің алдында балалар ойнайтын арнайы алаңшалары бар, мұның өзі бізге яғни, ата-анаға үлкен көмек десек те бола-ды. Айта берсем осындай оң тұстары жетерлік…

 

– Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

 

Облыс атанғалы қаламызға көшіп келушілердің де қарасы көбейді. Ал, қала тұрғындарына жаңадан бой көтерген ғимараттардың саны емес сапасы маңыздырақ екені анық. Осы тұста, мемлекеттік бағдарламамен жаңа шаңыраққа қол жеткізіп, қоныс той жасағандардың бірі Ұлмира Тоқсанбаева. Үй иесінің айтуынша жаңа қонысқа көшу үшін бір емес, бірнеше кедергілер алдынан шыққан. Дегенмен, жаңа үйге қол жеткізгенде барлық қиындықтар бірден есімнен шықты дейді.

 

– Әпке, қазір қаламыз өсіп, дамып, Түркі тілдес елдердің астанасы деген атқа ие болды. Осы тұста шаһарымыздың тұрғыны ретінде жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер туралы өз ойыңызды айта кетсеңіз.

– Түркістан облыс орталығы атанғалы біз де осы қаланың көркеюіне аз да болсын үлесімізді қоса-йық деп қоныс аударған жайымыз бар. Тек қоныс қана емес, сонымен қатар, жұмыс орнымызды, балаларымыздың оқу орындарын осы киелі қалаға ауыстырдық. Дегенмен, бір жерден екінші жерге көшіп, қоныс аудару үшін әрине, ең әуелі пәтер мәселесін ауыздықтап алу керек. Осы тұрғыда, пәтер мәселесінің қиындықтары бізді де айналып өткен жоқ. Алғашқы күндері басымызда баспана болмағандықтан, Кентау қаласынан Түркістанға қатынап та жұмыс жасап жүрдік. Ыңғайы келсе осы қаладағы тума-туыстың үйіне қонып та қалған кездеріміз болды. Дегенмен, «шешінген судан тайынбас» деп бастаған істі аяғына жеткізіп, мақсат болған баспанамызға да қол жеткіздік.

 

– Үй алу үшін бірталай қиындықтар, кедергілер орын алды деп жатырсыз. Сол кедергілерден мүдірмей өтіп баспаналы болдыңыз. Сізге бұйырған бұл баспанаға үкіметтің қандай да бір көмегі тиді ме?

– Иә, жоғарыда айтқандай неше түрлі дүниелер орын алды ғой. Дегенмен, мемлекеттік бағдарламалардың сапасына қарай мен де үйлі адамдардың қатарына ендім. Өзім «7-20-25» бағдарламасын таңдап, сонда көрсетілген нұсқаулар бойынша осы шаңыраққа қол жеткіздім. Тағы бір айта кетерім, басқа қалалармен салыстырғанда, біздің қалада төмен пайызбен үй алуға мүмкіндік көп. Осы мүмкіндіктерді дер кезінде байқап, үйге қол создым. Тиісінше, мерзімінен бұрын несиені жауып қазір шаңырақты толығымен өз атыма аударып алдым.

 

– Түркістан дегенде көп адамның көзіне көне қала елестейді. Дегенмен, жоғарыда айтып өткендей, жаңадан бой көтеріп үлгерген жаңа мөлтек ауданның тұрғыны ретінде осы тұрғын үйлерге қарасты ойын алаңшалары, саябақтар туралы және тұрғын үйдің ауласындағы тазалық туралы айта өтсеңіз.

– Қаламыздың күн санап қарқынды дамып жатқанына барлығымыз дерлік куәміз. Біздің тұрып жатқан жеріміз жаңадан бой көтерген мөлтек аудан. Бұл жерде әр тұрғын үйдің алдында бір ойын алаңшасы бар. Демек, әр үйдің алдын-дағы жағдай да әр түрлі. Мысалы, біздің тұрғын үйде жалпы 84 пәтер орналасқан. Демек, адам саны қаншалықты көп болса, ойын алаңша-ларының да жөндеу жұмыстары сондай болмақ.

 

-Сүбелі әңгімеңізге рақмет!

Міне, қала тұрғындарының ой-пікірі осындай. Адам қаншалықты көп болса сонша пікір де болады. Біріне мінсіз болып көрінген тұрғын үйлер, енді бірінің көңілінен шықпауы да мүмкін.

«Көш жүре түзеледі» демей ме. Әсем ғимараттар сап түзеп, түркі жұртының ортақ мақтанышына айналған Түркістанның жаңа келбетке енуі кімді де болса бей-жай қалдырмасы анық. Ал, оның тұрғындарының күйі қандай десеңіз, ынтымақ пен берекенің ордасына айналған мекендегі қуаныш иелерінің пікірін мақаламызға арқау еттік. Бастысы, тұрғындары-мыз үйлі, күйлі болсын деген ниеттеміз!

Ержан СМАҒҰЛ.

Leave a reply