Saturday, November 23

АРЫСТАҒЫ БАРЫС ШАҒЫН АУДАНЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

0
88

Бүгін Барыс шағын ауданының тұрғындарына көгілдір отын жетті. Газға қосылу – көпшіліктің көптен күткен қуанышы болатын. Шаһардың шеткі аумағында орналасқан аймаққа табиғи газ беріліп, елдің тұрмысы жайлана түсті. Енді дербес шоттарын әзірлеп, техникалық шарт жасасқан тұрғындар кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосыла алады.

Қала басшысы шағын ауданда тұратын, 80 жасқа келген қария Арысбек Баймұратовтің шаңырағында болды. Ақсақалдың әулеті алғашқылардың бірі болып, табиғи газды үйіне кіргізген. Шаһар басшысы ақсақалмен сәлемдесіп, шаңырағынан жылулық кетпесін деп тілек білдірді.

Айта кетейік, өткен аптада Сырдария, «ШПЗ», «Почтовый», бүгін «Барыс» шағын аудандарына кварталішілік құбырларға газ берілді. Енді тұрғындар үй ішіне газ жүргізу үшін арнайы лицензиялы мекемелермен келісім-шартқа отырып, табиғи газдың игілігін көре алады. Оған қоса, жуық арада «Стадион» тұрғын ауданы газға қосылуға мүмкіндік алады. Тиісінше, аталған аудан тұрғындары құжаттарды рәсімдеу, үйге дейінгі монтаждау жұмыстарын жасап, қамдануы керек. Ал қала орталығы жыл соңына дейін газға қосылады деп күтілуде.

Сонымен қатар қала басшысы Стадион тұрғын ауданына барып, тұрғындармен кездесті, Кездесуде өзекті мәселелер қозғалып, шешу жолдарын талқылады. Өткен жыл аталған тұрғын ауданға балаларға арналған екі ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Мамыр айында тұрғын аудан газға қосылмақ. Сондай-ақ жаңадан ауыз су құбырлары жүргізіліп жатыр. Алайда, құбыр тартқан мердігер мекеме Ешназаров көшесің асфальт жолын бір бөлігін бүлдірген. Салдарынан жолдың ені қысқарып, екі қатар көліктер жүру қиынға соғуда деп шағымданды тұрғындар. Тұрғындардың уәжін мұқият тыңдаған қала басшысы мердігердің жұмыстары әлі қабылданбағандығын, көшені қалпына келтіру мердігер есебінен жасалынатын айтты.

Сонымен бірге халық жаңадан атауы берілген ішкі орамдық көшелерге асфальт салу тұрғын үй нөмірлеуді реттеу және көшені айқындайтын маңшайлар ілуді айтты. Сондай-ақ, тұрғын ауданда орналасқан мазарат ішіндегі қаңғыбас иттерді аулау мәселесін көтерді.

Қала әкімі әр ұсыныс-пікір қараусыз қалмайтынын айтып, қаржы мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетіндігін жеткізді. Жауаптыларға ұсыныстарды хаттамаға енгізіп, бақылауда ұстауды тапсырды.
Өз кезегінде қала әкімі Арысты дамытуда әрқашанда ұсынысқа ашық екендігін айтып, ұйымшыл тұрғын ауданның халқына алғысын білдірді. Ортақ мекен – Арыс қаласын дамыту баршамызға ортақ міндет екендігін айтқан ол, тұрғындарды көгалдандыруға белсене атсалысуға шақырды. Халықпен бірге ішкі көшелерді аралап көрген қала басшысы қаланың сәулетін бұзып тұрған үй іргесіндегі қосалқы нысандарды ретке келтіру, қабырғаларды сырлау, ағаш отырғызу сынды абаттандыру керектігін айтты. Тұрғындар бірауыздан мәселені қолға алатындарын айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға жұмыла кірісетіндерін жеткізді.

Leave a reply