АРЫСТАҒЫ «ТОРАБТЫҚ» АУРУХАНА ЖОЛЫНА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛІП, АЯЛДАМА ОРНАТЫЛАДЫ

0
96

Бүгін шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова кезекті қала көшелерін аралау барысында қаламыздағы денсаулық сақтау нысандарын аралады. Алдымен «Торабтық Аурухана» ӨК-не барды. Аталған нысан О.Байдәулетов көшесінде орналасқан. Мұнда №2 және №3 автобустары тұрақты түрде жолаушы тасымалдайды. Аурухана алдына асфальт жол салып, заманауи аялдама қойылса деген тұрғындардың көптен бергі тілегі еді.

default


Осыған орай, қала басшысы арнайы барып, тиісті сала басшыларымен бірге шешу жолдарын талқылады. Талқылау нәтижесінде, Торабтық аурухана алдына асфальт жол салынып, ретке келтірілетін болды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет және демеушілер есебінен аурухана алдына екі аялдама орнатылмақ. Бұдан кейін қала басшысы Орталық ауруханаға барды. Мұнда аурухана маңына автокөлік тұрағын ретке келтіру, абаттандыру мәселесі көтерілді.

Шаһар басшысы емхана іргесіндегі көлік тұрағына арналған орынды тегістеу, тас төсеу, бюджет мүмкіндігіне қарай асфальт салуды жоспарға енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, қаламыздың Бас дәрігеріне гүл отырғызып, абаттандыру ісін қолға алуды ескертті. Ем алушыларға қолайлы орта қалыптастыру, қаланы дамытудың перспективалық жоспарларын жасау кезек күттірмес іс екендігін баса айтқан қала басшысы орынбасарлары мен сала басшыларына жұмыстарды сапалы орындауды бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетейік, «Ауыл – Ел Бесігі» жобасы аясында, ауылдардың ажары артуда. Аталған бағдарлама шеңберінде, Жиделі ауылдық округінде жолдарға асфальт жабындысы төселіп жатыр.

«Қазіргі уақытта Жиделіде табиғи газ кіргізу және ауылішілік жолдар салу қарқынды жүруде. Бұл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жаңа жолдардың салынуы тұрғындар үшін де жағымды жаңалық болды»,-дейді Арыс қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Қазыбек Ақылбай.

Өткен жылы Жиделіде 3 көшеге асфальт төселіп, аяқжол мен жарықшамдар орнатылса, биыл қалған 5 көшеге жолдар салынуда. Оған қоса, биыл жергілікті бюджет есебінен қала көлемінде 9 көшеге асфальт төсеу және 25 шақырым жолға тас төсеу жоспарланған. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш елді мекенде орналасқан 13 көшеге жол салу көзделуде.

Leave a reply