АРЫСТАҒЫ ШАЛҒАЙ АУЫЛДА АСФАЛЬТ ЖОЛ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Арыс қаласына қарасты Байтоғай ауылында асфальт жол төсеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауыл іргесі өткен ғасырдың 30-шы жылдары шағын ұжымшар болып қаланған.
Аталған іске жауапты мердігер мекеме алдымен ауыл көшелерін арнайы техникалардың көмегімен тегістеп, тас төсеу жұмыстарын жүргізген. Бұрын соңды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген ауыл көшесінің жолы таяуда аяқталады деп күтілуде. Жаңа жолдың ұзындығы 3,2 шақырымды құрайды.
Қазіргі таңда «СТ-Сервис» ЖШС мекемесі межеленген жұмыстың басым бөлігін орындаған. Айта кетейік, асфальт жол төсеу жұмыстарына 10 қызметкер, 1 асфальт төсегіш техника, 3 асфальт басатын техника (каток) және асфальт тасуға арналған 20 ауыр жүк көлігі жұмылдырылған.
Бүгінде ауыл халқының тілегі орындалып, тұрғындар жауаптыларға ризашылықтарын білдіруде.
Ауыл тұрғыны Мырзабек Ешатовтың айтуынша, жазда топырағы шығып, қыс-көктемде батпақ болып жататын көше енді асфальт жолға айналып келеді. Бұл мыңға жуық халқы бар байтоғайлықтар үшін үлкен қуаныш. Жуықта әкімдік ағаш отырғызып, сыртын қоршап берді. Бүгінде ағаштарды өзім де суғарып тұрамын дейді ол.
Айта кетейік, биыл жергілікті бюджет есебінен қала көлемінде 9 көшеге асфальт төсеу және 25 шақырым жолға тас төсеу жоспарланған. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш елдімекенде орналасқан 13 көшеге жол салу жұмыстары назарға алынған.