Арыста өндіріс өркендеп келеді

0
113

Арыс қаласына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы сапар барысында жауапты мердігер мекеме мен жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына» қорының өкілдерімен түйткілді мәселелерді талқылады. Облыс әкімі кемшіліктерді ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруды, бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беруді тапсырды.

Салынып жатқан заманауи білім ордасы 600 орынға лайықталған. Құрылысы өткен жылы басталған мектеп ғимараты күзде пайдалануға берілмек.
Айта кетейік, биыл «Наурыз» тұрғын ауданынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір жаңа мектептің құрылысы басталады. Одан бөлек, «Отырар» тұрғын ауданында да 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, И.Журба мектебінде 300 орындық қосымша корпус құрылысы, Онтам шағын ауданынан жеке кәсіпкер есебінен 200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 2 мектеп пен 5 балабақша салынбақ. Осылайша Арыс қаласында мектеп тапшылығы мәселесі толық шешімін табады.
Арыс қаласындағы «Барыс» шағынауданында жеке инвестор есебінен тұрғын үй салынып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жасаған іссапары аясында құрылыс алаңына барып, үйлердің заманауи дизайнмен орындалуына, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына ерекше мән беру керектігін ескертті. 60 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

10 мың тұрғын табиғи газ тұтынады

Таяуда Арыс қаласындағы 6 шағынаудан тұрғындары газға қолжеткізді. 2020 жылдан бері тоқтап тұрған нысанды іске қосу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен маңызды жобаның жұмысы қайта жанданды. Нысан құрылысын аяқтап, әрі қарай халықты табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі «Жібек жолы – Келес газ» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілді. Мекеме міндетіне Арыс қаласының тұрғындарын үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз ету және техникалық қажеттілігіне байланысты жөндеу (реконструкция және т.б.) жұмыстарын жүргізу кіреді. Компания қазан айының соңына дейін 45 мыңнан астам тұрғынды 100 пайыз газбен қамтуды жоспарлап отыр.
Осы күні Арыс қаласындағы «Почтовый», «Сырдария», «ШПЗ», «Хлопком», «Наурыз» тұрғын аудандарына табиғи газ берілді. Яғни бір күнде екі мыңға жуық тұрғын үй немесе 10 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды іссапар барысында тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-қа жуық газ нысандарының проблемасы шешілді. Бір жарым жылдың ішінде саладағы «сақалды құрылыстар» ретке келтіріліп, 120 мың тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. АГРС проблемасы жақын уақытта толық шешілмек.
– Бүгін расында көптен күткен қуанышты күн. Бұл мәселенің маңыздылығын түсініп, аз уақыт ішінде құрылысы аяқталмай тұрған инфрақұрылым нысандарын қайта қолға алдық. Басталған іс біту керек. Облыс аумағындағы мұндай нысандар кезекпен шешілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылды дамытуға күш салынған. Бұл жұмыстар тоқтамайды, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Сондай-ақ, өңір басшысы Арыс қаласындағы мұнай өнімдерін өңдейтін зауыттың жұмысымен танысты. Бұл іспен айналысатын «Қаратау Транс Сервис» зауытының Арыста өндірілетін мұнай өнімдерімен ішкі нарықты қамтуды көздейді. Кәсіпкер өндіріс орнын кешенді дамытуға арналған алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өндірісте 45 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 125 мың тонна мұндай өнімдерін өңдейді. Оның ішінде, жылына 26 180 тонна жанармай, 28 000 тонна дизель отынын, 12 420 тонна керосин,
54 250 тонна мазут шығарады. Зауыт кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен салынған.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында орналасқан «Арыс» минералды су ЖШС-нің жұмысымен де танысты. Бүгінде табиғи минералды суға сұраныс жоғары. Мұнда тәулігіне 15 мың құты, жылына 18 млн. литр минералды су сатылымға шығарылады. Кәсіпорын 20-дан астам арыстық тұрғынды жұмыспен қамтыған. Шипалы сусын 1870 метр тереңдіктен алынады. Судың емдік қасиеті мол, ол жөнінде курортология институтының қорытындылары алынған. Табиғи минералды су Арыс қаласы мен Түркістан облысының өзге аудандарына және көрші облыстарға жөнелтілуде.
Облыс әкімі Арыс қаласында өндіріс саласы өркен жайып келе жатқанын атап өтті.
– Арыста соңғы жылдарда тартылған инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Біздің міндетіміз – инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу. Оның ішінде, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту басты назарда. Сондықтан бұл жұмыстарды ширату керек, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес Арыс қаласы тұрғындарымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді қозғады. Мемлекет басшысының инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде тапсырма бергеніне тоқталған облыс әкімі алдағы уақытта бұл бағыттардағы жұмыстың жанданатынын айтты. Арыстың ажарын ашып, инфрақұрылымы мен әлеуетін көтеретін жұмыстарды баяндады.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Арыс қаласында 2023 жылы 5 елді мекенде 947 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақдала елді мекендерінде Мәдениет үйінің, Қожатоғай елді мекенінде спорт залдың құрылысы қолға алынып, Атамекен, Сырдария елді мекендерінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 5 елді мекенде 730 млн. теңгеге 8 жоба қолға алынды. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 770 млн. теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 17 маманға 6 млн. теңге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді, – деген Дархан Амангелді-ұлы Арыста өндірісті дамытып, зауыттар ашуға мүмкіндік мол екенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 23 пайызға өсіп, 2023 жылы 56 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 6 мыңға жетсе, олардың өндірген өнімі 75 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 9 млрд. теңгеден асып, жоспар 1,3 млрд. теңгеге артығымен орындалды.
Кездесуде Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың есебі тыңдалды. Өңір басшысы қала әкімі мен басқарма басшыларына Арысқа тартылған инвестиция көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласын жандандыру, ауыз су, газ және өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.
Тұрғындар тарапынан өткір мәселелер қозғалып, сұрақтар қойылды. Сонымен бірге облыс әкімінің жеке қабылдауында да мәселелер легі тоқтаған жоқ. Тұрғындар әкіммен еркін пікір алмасып, өтініш пен ұсыныстарын толық жеткізе алды. Ол мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қадағалауына алынды.

Leave a reply