АРЫС: МОНТАЙТАСТАҒЫ 13 КӨШЕГЕ «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫМЕН АСФАЛЬТ ЖОЛ САЛЫНДЫ
Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылдық округінің 13 көшесіне асфальт төқселіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл бағытта қала көлемінде қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Қожатоғайлық тұрғындармен кездесуден соң, Монтайтас ауылына барды. Жиында округ әкімі Ербол Ахметовтің есебін тыңдап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды ауыл жұртымен бірге пысықтады.
Былтырғы жылы Монтайтасқа қарасты Атамекен елді мекенінің барлық 13 көшесіне «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында асфальт жол салынып, пайдалануға берілді. Ал Монтайтас ауылында орналасқан Б.Онтаев жалпы орта мектебі толықтай күрделі жөндеуден өткізілген.
Биыл тұрғындардың ұсынысына сәйкес, Ақтас елді мекенінің ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Ақтас, Бақырша, Шағыр елді мекендерінің электр жүйелерінің құрылысы басталып кетті.
Бұдан бөлек Монтайтас елді мекенінің ауыз су жүйесінің күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қосымша 1 су ұңғымасы қазылып, ескірген су жүйелері ауыстырылатын болады. Ал, Тоғансай елді мекеніне «Омега» су тазалағыш қондырғы (фильтр) орнатылады.
Кездесу барысында, қала әкімі аталған жұмыстарды сапалы әрі уақытында аяқтауды жауапты сала басшылығына тапсырды. Сондай-ақ барлық жұмыстар тікелей бақылауында болатынын жеткізді.
Қазіргі таңда Монтайтас, Атамекен, Шағыр, Ақтас, Бақырша, №42 разъезд елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін жобалық сметалық құжаттамалары әзірленді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдарға жоспарлануда. Сондай-ақ, заманауи спорт зал салуға жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, қаржыға ұсыныс берілді. Алдағы уақытта ауыл балалары заманауи спорт залында шынығатын болады. Бұдан бөлек, мұнда фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, биыл Монтайтас ауылы «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға мүмкіндік алды. Шаһар басшысы ауылдастарды бағдарламаға қатысып, кәсіп бастауға шақырды.
«Биыл сіздер жаңа кәсіп ашуға немесе бар кәсібіңізді жандандыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қатыса аласыздар. Монтайтастық ағайыннан мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, ауылды өркендетуге шақырамын,» – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды. Тұрғындардың басым көпшілігі ауыз су мәселесін көтерді. Қала басшысы бұл бойынша кешенді шаралар атқарылып жатқандығын жеткізіп, жауапты мамандарға көтерілген мәселелер төңірегінде жұмыс жасауды тапсырды.