АРЫС ҚАЛАСЫНДА САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Бүгінде Арыс қаласында сапалы инфрақұрылыммен қамту шаралары жалғасуда. Арыс қаласының инфрақұрылымы соңғы жылдары ауқымды жаңғырту мен дамыту жұмыстарынан өтті. Қаладағы дендросаябақ аумағында жеке инвестор есебінен 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынуда. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме – «Shymkent Build» ЖШС. Төтенше жағдайдан кейін қаладағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қалпына келтірілуі бойынша жұмыстар жүргізілді. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің айтуынша, инфрақұрылым мен тұрғын үй қоры бір айдың ішінде қалпына келтірілді. Арыс қаласында биыл ауқымды абаттандыру және инфрақұрылым жұмыстары атқарылады. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың халықпен есептік кездесуінде биыл атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыты инфрақұрылымды жаңғырту мен тұрғындар сұранысын орындауға бағытталатыны айтылды. Әкім тұрғындармен өткен кездесулер мен жеке қабылдауларда көтерілген ұсыныстар ескеріліп, қаланың даму жоспарына сәйкес нақты жобалар жүзеге асатынын айтты.
Атап айтқанда, биыл Қаражантақ, Бақырша, Дермене, Теміржолшы, Байтоғай, Қожатоғай, Атамекен және Шөгірлі елді мекендерінің ауызсу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтеді. Қала аумағында тұрғындар қозғалысы мен қауіпсіздігін арттыру бағытында да жұмыстар күшейеді. Жыл соңына дейін 10 жаңа аялдама орнатылып, 3 жерге бағдаршам қойылады. Қала ішіндегі 7 көше ағымдағы жөндеуден өтсе, Тараз тұрғын ауданында жаңа жол салынып, Асылбеков көшесіндегі №2, 4, 6, 8 және 10 үйлердің аулаларындағы жолдар жөнделеді. Қаладағы кәріз жүйесі де реттеліп, ақаулардың 80 пайызы қалпына келтірілді. Бір сусорғы қондырғысы ауыстырылды. Төтенше жағдай болған күннен бастап зақым келген 10 электр желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен қалпына келтірілді. Сонымен қатар Арыста төрт жылу қазандығы бар. 30 көпқабатты тұрғын үй мен 11 әлеуметтік нысанды жылытатын жылу жүйелерінің ұзындығы – 13 шақырым. Төтенше жағдай кезінде екі снаряд жарылып, жылу қазандығы ғимараты зақымдалған. Ақау актісі мен жобалық-сметасы дайындалып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ғимараттың есік-терезелері ауыстырылып, қабырғалары жөнделді. Арыс қаласының 13 көшесін орташа жөндеуге қалалық бюджеттен қаржы қаралып, көшелерді орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Басқа да көшелерде құрылыс жұмыстары қарқын алды. Қаладағы жолдар мен көлік жүйесі жаңғыртылып, тұрғындардың жүріп-тұруы жеңілдетілді. Қала аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.
«Орталық», «Жастар» саябағын, «Жеңіс» скверін, «Батырлар» аллеясын абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Монтайтас, Байырқұм, Жиделі, Дермене және Қожатоғай елді мекендеріндегі саябақтарды қоршау жұмыстарына 29 миллион теңге бөлініп, ол толық аяқталды. Арыс қаласының 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясына сәйкес, 165 инвестициялық жоба іске асырылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құру жоспарлануда. «MEGA AGAT» ЖШС жалпы құны 9 миллиард теңгеге жуық 5 жобаны іске асырады. Оның ішінде Еуропаның А стандартына сәйкес келетін транспорттық-логистикалық орталығы, астық сақтау қоймасы, еденді жылытуға арналған пластикалық шлангтар өндіру цехы, пластикалық құбырларға фитингтер өндіру цехы бар. Қалада жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Мектептер мен ауруханаларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Арыс қаласының инфрақұрылымы мен әлеуметтік саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Жаяу жүргіншілер үшін де қолайлы жағдайлар қарастырылып отыр. Теміржол көпірінен Мұстафин көшесіне дейін аяқ жол салу жұмыстары қолға алынбақ. Сонымен қатар, елді мекендерде де жол инфрақұрылымын жақсарту жалғасады. Атап айтқанда, П.Арапов ауылындағы бір көше мен Байтоғай елді мекеніндегі екі көшеге жаңа жол салынады. Ақдала ауылында М.Мақатаев көшесіне аяқ жол төселіп, П.Арапов ауылындағы бір көшеге асфальт жаю көзделген. Бұдан бөлек, 11 елді мекеннің ішкі көшелеріне тас төселеді. Қаражантақ елді мекенінің кірме жолы да жөндеуден өтеді.
Абаттандыру бағытында Көктем тұрғын ауданындағы Ардагер №103, 104, 105 үйлері ағымдағы жөндеуден өтеді. Осы аудандағы көпқабатты үйлер мен Әйтеке би көшесіндегі №66 үйдің жылу жүйелері де жаңартылып, қысқы маусымға дайындық күшейтіледі. Қала және ауыл тұрғындарының белсенді ұсыныстарының бірі — балалар ойын алаңшаларын көбейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл 12 жаңа балалар ойын алаңы орнатылады: бесеуі қалада, жетеуі елді мекендерде бой көтереді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін Жиделі, Монтайтас және ШПЗ тұрғын аудандарындағы футбол алаңдарына жөндеу жүргізіліп, Саяжай тұрғын ауданында жаңа футбол алаңы салынады. Қаланың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында 10 жаңа қоқыс жәшігі орнатылады.